Адамзаттың табиғаттан нәр алуы әр дәуір сайын ұлғайып келеді.
Осыдан миллиондаған жылдар бұрын адамдардың қоректенуіне тәулігіне 2 мыңдай килокалория күш жеткілікті болған екен. Шикізатты өңдеп, тамақ пісіріп, дәмдеп жейтін әр адамға қазіргі таңда тәулігіне жұмсалатын энергияның орнын толтыру үшін 6-8 мыңдай килокалория қажет болып отыр. Соның нәтижесінде адам өмірінің орташа ұзақтығы бұрынғы замандарға қарағанда 3 есе артты немесе 15 жылдан 50 жылға дейін ұзарды деген сөз.
Республиканың картасына көз салсаңыз, кең байтақ даламызда күн сәулесі орта есеппен жылына 2,5 мың сағат жарқырап тұрады екен. Ал, Қызылорда облысының оңтүстігі мен Оңтүстік Қазақстан облысының солтүстік-батысының көптеген жерінде күн сәулесінің бұлтсыз ұзақтығы жылына 3 мың сағаттан асады. Осы күн сәулесі түсетін аудандардың ауыл тұрғындарына фитонды толық пайдалануларына болады. Түрік мемлекетінің оңтүстігінде және Израиль мемлекетінің көпшілігінің үйлерінің шатырында суды жылытатын қондырғылар орналастырылған.
Жабық шағын жылыжайлар мен оранжереяларда қысы-жазы көкөніс өндіруге, суды жылыту, күн көзінен электр қуатын алуға болатыны бүгінгі таңда қиял еместігі бәрімізге белгілі. Жабық жылыжайлардың қабырғасының 1 метрдей биіктігін мал қиымен көміп қойса, онда аздап болса да жылу беретінін де есте ұстаған жөн. Күн сәулесінен жылынған жылы суды еденге төселген (көмілген) темір немесе полиэтилен құбырлар арқылы ағызса көкөністің тез өніп-өсуіне ықпалын тигізеді.
Осындай жабық жылыжайларда қыста бір көкөніс өсіріп, ал жазда басқа өсімдікпен алмастырылып отырса, онда тыңайтқыштың қажеті шамалы болады. Алматыда тұрған кезімде әйелдер мейрамы – 8 наурызда қызғалдақ гүлін балконда өсірген кездер болған. Ол үшін күзде 3 шағын жәшіктегі топыраққа әрқайсысы 30-40 қызғалдақтың тұқымын көміп, ашық балконға қоятынмын. Жаңа жыл мейрамынан кейін сол жәшікті үйге кіргізіп, температурасын қадағалап отырсаң наурыздың алғашқы күндері қып-қызыл гүлдер пайда болады.
Шығыстағы Жоңғар қақпасынан басталатын жел орта есеппен секөнтіне 6-7 метр жылдамдықпен жел соғып тұрады. Мұнда кей мезгілде адам түгілі, аттылы-түйелі жолаушылар әрең қозғалады желдің күштілігінен. Осындай желдер Каспий теңізінің шығыс жағалауларында да кездесетін табиғи құбылыс. Еліміздің оңтүстігіндегі Қарақалпақстаннан терістіктегі Ресейдің Омбы облысының Құлынды даласына дейінгі үлкен алқапта желдің күші басқа жерлерге қарағанда, басымырақ. Міне, табиғаттың осы байлығын ауыл экономикасына пайдаланса деген ойлар туындайды. Кейбір пысықтар жел, күн қондырғыларын шет мемлекеттерден сатып алу керектігін және оның бағасының тым жоғары екенін айтады. Ал жоғарғы деңгейдегі шенеуніктер бұл істен ат-тонын ала қашады. Шындығында оларды өзімізде жасауға болады.
Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан ғалымдарының кейбір еңбектеріне көз салсақ, жер асты суының қоры біздің елде молшылық. Ғалымдарымыздың болжауынша еліміздегі осындай сулардың көлемі 7-7,5 миллион текше километр. Мысалы, Орталық Қазақстандағы Сарыарқа жазығындағы жер асты суларының тереңдігі 50-70 метрден аспайды. Шу-Сарысу ойпатындағы созылып жатқан ені 50 шақырым үлкен аумақтағы жер асты «теңізі» жер бетінен 100-300 метр тереңде болса, Қаратау бөктерінде 500-800 метр тереңдікте де су қоры баршылық. Осындай алып су қорлары Зайсанда, Теңіз-Қорғалжын ойпатында, Мұғалжар тауының солтүстігінде, Ор және Сыр өзендері бойында, Ертіс ойпатында, Маңғыстау-Үстірт тауларында баршылық.
Голландия, Бельгия, Дания, Үндістан, Иран, Моңғолия және тағы да басқа елдер жер асты суларын көптеп пайдаланып келеді. Қазіргі ауылдың қиын жағдайында жел күшімен, күн сәулесімен электр энергиясы арқылы жер асты суларын пайдаланып, төрт түлік малды өсіруге неге бетбұрыс жасамасқа? Кеше ғана Одақ көлемінде Қазақстан ет өнімдерін шығарудан алдына ешкімді жібермейтін, ең алдыңғы қатардағы республика болатын. Республикамыз Кеңес Армиясын, Мәскеу мен Ленинград қалаларын етпен толық қамтамасыз еткен. Отан соғысының алдындағы және кейінгі жылдары Кеңес армиясындағы атты әскерді республикадағы ондаған жылқы зауыттары атпен қамтамасыз еткен болатын, сол шаруашылықтар қазір қайда?
Осыдан бір-екі ғасыр бұрын жыл сайын Ресейдің орыс-казактары елімізден жарамды жылқыларды үйірімен сатып алатын болған. Ол жер қазіргі Атбасар қаласы, бұрынғы аттың базары болғандықтан сол кездері Ат базары атағымен Ресей, Орталық Азия, Қытай мемлекеттеріне белгілі тарихи жер. Осы қаламызды біреудің «Атбасар» деп бұра жазғанынан әлі де өзінің тарихи атына жете алмай келеді. Кеңес заманында ет өнімдері аспаннан салбырап жерге түскен жоқ қой. Сол кезде ет өнімдерін өсіруге ауылдағы малшылардың, шөпшілер, механизаторлардың, тағы басқа азаматтарымыздың өз үлестерін ащы термен қосқаны барша жұртқа аян. Сол тіршілік қазір қайда кетті?
Ауылда тудық, сол ауылдың суын ішіп, таза ауасын жұтып өстік.
Кеңес өкіметі кезіндегідей ауыл өмірін неге газет беттерінен оқымаймыз (мұнда мен озат шопанды, малшы, сауыншы, механизатордың еңбегін марапатта деп отырғаным жоқ), өскен-туған ауылдарымыздың қазіргі жағдайы, бақилыққа бара жатқан ауылды ояту, тірілту, ата кәсібімізді жаңғырту, халықтың санын көбейту т.б. мәселелер ұшан-теңіз. Қазақстандық газеттер жоғарыда айтылған проблемасы көп ауыл өмірі жайлы сыр шерткеннің орнына шет елдегі кино, театр, спорт жұлдыздарының өмірбаянын, қанша рет әйел алғаны, неше рет үйленгені, жүзден аса автокөліктері, яхталары, үйлері бар екендігі және тағы-тағыларын жазып жатады.
Қазіргі таңда еріншек жер иелерінен ескі қыстаулар мен сай-саланы, алқапты, бұрынғы совхоздардың бөлімшелерін, шағын ауылдарын алып, неге сол өңірдегі бір атадан таралған ұрпаққа бермеске. Ал жер иелеріне айтарым: жер мемлекеттікі, оның бағасы шексіз қымбат. Бұрынғы ата-бабаларымыздың қанымен-жанымен оның үстіне кешегі Ұлы Отан соғысындағы шайқаста оққа ұшқан мыңдаған қазақстандық жауынгерлердің өмірлері қиылған үлестері.
Біздің ең мықты «көзіріміз» – өрісте бағып өсірілген малдың еті. Міне, сонымен ғана өзіміздің шет елге кім екенімізді білдіруге болады. Біз ауыл өмірін сыртқа ысырып қойып, басқа салаларға қарай ұмтыламыз, қаржыландырамыз. Бұл «Аттыға ілесіп, жаяудың таңы айырылыптының» кері. Ата-бабаларымыздың мыңдаған жыл айналысып келген кәсібін менсінбейміз, немқұрайлы қараймыз. Мысалы, жапон, қытай және корейлер экономикалық даму жағдайлары бойынша әлемнің серкелері бола тұрып өз ата кәсіптерінен ажыраған жоқ. Сауд Арабиясының байлықтан жұмыс істемейтін арабтары жеке тікұшақ пен қымбат темір тұлпарларды мініп жүрсе де түйе шаруашылығын, бәдеуйлікті, қыран құс асырау тіршіліктерін әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Тіпті Израиль мемлекетінің көне кішігірім қалаларының шеттерінде жергілікті халықтың – түйешілердің жаппасының жанындағы екі-үш аса қымбат жеңіл автомобильдерді көруге болады. Еврей халқы сол отандастарына ризашылық білдіруде.
Өзіміз еліктейтін АҚШ-тың ауылдағы басты тірегі – фермерлер. Сол фермерлердің ауылшаруашылық техникаларын, мал өсірудің әдістерін, егін салуды өте тиімді пайдалануында қандай өнер жатыр! Көршіміз қытай елі ауыспалы егіспен ешқандай тыңайтқыш қолданбай-ақ ат тоқымындай жерден біршама өнім жинайды. Бұл көріністі Қытайдың Үрімші қаласының маңындағы ауылдардағы тіршіліктен көзбен көріп білдік.
Ай мен планеталардың тартылыс күштері, Жер мен Күннің магнит толқыны күштерін пайдалану арқылы жер асты суын жер бетіне шығаруға болатыны жайлы айтылған көптеген ғалымдардың болжамдарын шындыққа айналдыруға болады. Ол үшін ондаған 35-тен 84-ке жуық темір немесе полиэтилен құбырларды жер асты көлдеріне тереңірек батырып, шеттерін бетондап, бір-бірімен біріктіріп, ортасында орналасқан басты жуан құбырға жалғастырып қойса болды су өзі энергиясыз ақырындап жер бетіне аға береді. Құбырлар бір-бірімен жалғанып, содан кейін барлығы жуан құбырға бекітіледі. Әр құбырдың ішіне әрбір метр сайын қозғалатын клапандарды орнату қажет. Клапандар су жоғары жер бетіне (космос күштерімен) қозғалғанда ашылып, ал су қозғалмаса жабылып тұруы керек. Мысалы, Айдың тартылыс күші (тәулігінде екі мезгіл) кезіндегі «ай» құбырларымен су қозғалады, ал магнит өрісі басқа «магнит» құбырларымен жоғары жер бетіне көтеріледі. Құбырлардағы сулар ортаңғы (бел) жуан құбырға жиналып, сыртқа энергиясыз аға береді. Ал «су бар жерде – өмір бар» екенін бәріміз білеміз.
Қазір ауыл халқы қорасындағы азғантай малымен жан бағып отыр. Қала тұрғындары үшін шет елден ет, сүт тасылады. Сонда Ауыл шаруашылығы министрлігінің тіршілігі қандай? Республикадағы мал санының 80 пайызы жеке меншіктің қорасында бағылады. Сонда министрлік пен «ҚазАгро» сияқтылардың барынан жоғы деген баға берілуі тиіс қой.
Ауыл малын көбейту проблемасы тез арада шешілетін тіршілік. Қазақ күнтізбегінде сиыр, қоян, жылқы, қой, тауық, доңыз жылдары бар. Мысалы, 2014 жылқы жылы, сол жылдың құрметіне үкімет ұрғашы жылқы малын соғымға сойдырмайтын мораторий қабылдаса және сол 4 жылда ауылға бөлінетін қаржылар жылқы малының өсіп-өнуіне жұмсалып, ал 2015 жылы қой-ешкі малына көңіл бөлініп, 2017 жылы тауық, үйрек-қаз, түйеқұстарды өсіруге мұрындық болып, 2019 жылы шошқа өсіруге, ал 2021 жылы сиыр малын көбейту қолға алынса деген ой бар. Ауылдағы әкімдеріміздің қазіргі жасап жатқан тіршіліктеріне көңіл толмайды. Әкімдер жерді жаппай сатқанның орнына, сол жердегі жайылымдарды төрт түлік малмен неге толтырмайды деген сұрақ туады.
«Білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» дегендей, мен өзім білетін дүниелерге тоқталдым. Мақсат – ғалымдар мен мамандардың жергілікті әкімдердің, ауылдағы зиялы қауым, байлардың назарын осы мәселеге аударып, ауылды қайта көтеру, өркендету жолдарын қарастыру. Тәуелсіздіктің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда ендігі салғырттығымыз бен мәңгүрттігімізді тарих ешқашан кешірмейді.
Қазақстанда ұлттық салтқа деген сүйіспеншілік сезімі әлі тұйықта тұр. Отбасылық дәстүр ыдыраңқы. Басқаға таңданыс бар да өз ісімізге талпыныс енжар. Сондықтан елге, ұлтқа, Отанға, жерге деген сүйіспеншілік те солғын. Бұған керісінше, рулар жаңғырығы басым. Қазақ елі тәуелсіздік алып, дербестік жолына түскен бүгінгі таңда халқының болашағы үшін жаны күйінетін әрбір ер-азамат өзінің шаңырағын биіктетіп, отбасында отаншылдық, ұлтжандылық тәрбиесін жетілдіру жолында құлшынып, айрықша көңіл бөлсе, бүгінгі жағдайымыз көш ілгері болар еді. Бұл – әрбір азаматтың борышы.
Шенеуніктердің қай деңгейдегісі болмасын ауыл өміріне өте селқос қарайды, сайлау науқандары кезінде ғана болмаса депутаттардың, депутатқа үміткерлердің де ауыл қонағы болып, ел арасын аралауы екіталай. Ауылға бюджеттен бөлген ақша қаражаттары құмға сіңген су секілді, диқандар мен шаруаларға толық жетпейді.
Дегенмен, ойды қорыта келгенде, Елбасының берген тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен ауыл шаруашылығын өркендетуге жол ашылады деген үміт бар. Ол іске көпшілік болып жұмыла ат салысуымыз қажет.
Садуақас ЕСІМБАЙ.
Астана.