• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2011

Қазыналы құрлық қаласы

1374 рет
көрсетілді

Соңғы айларда көптеген басы­лым­дарда, өзге де құралдарда, ға­лам­торда Оңтүстік Қазақстан облы­сы Сайрам ауданының аумағында, Шымкент шаһарынан таяқ тастам тұста Құрлық деген ежелгі қаланың орны табылып, археологиялық қаз­ба жұмыстары жүріп жатыр деген ақпарат, түрлі-түрлі хабарлар жа­рия­ланып жатыр. Бәрі де шын­дыққа саяды. Бірақ, кейбір БАҚ-тар хабарлағандай, бұл – пәлендей тосын, төтенше жаңалық емес. Рас, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінің салынуына байланыс­ты көне шаһардың тиісті бөлігін екі айдың ішінде тездете қазып бітіріп, зерттеуге алу міндеті қойылған. Бірақ Құрлық (Хурлуг) дейтін ғажайып қаланың болғаны біздің тарихшылар, жазушы­лар, археологтар үшін бұрын­нан-ақ аян. Түрлі тарихи жазбаларда, мәдени мұраларда Құрлықтың аты мен заты едәуір баяндалады.  «Егемен Қазақ­станның» 2009 жылғы желтоқ­сан­ның соңғы аптасындағы санында «Қуана­ды қос өзен қосылғанда» деген ма­қа­ла жарияланды. Сонда сайрам­дық жазушы-дәрігер Ерсін Қойбағар­ұлы­ның сөзі келтірілген: «Сайрамда әлі зерттеліп-зерделенбей жатқан жағ­даят­тар жетіп артылады. Мынау тұр­ған біздің ауылды алайықшы. Күні кешеге дейін Сталин селосы, одан соң «Октябрьдің 40 жылдығы» бөлімшесі, кейініректе Қызылсу, Сиқым ауылы атан­ды. Соңғы жылдары Құрлық ауы­лы деп өзгерттік. Әзер дегенде. Тап осы жерде мың жыл бұрын Құрлық қаласы тұрған. Араб ғалымдары Сайрам (Испиджаб) маңында қырық қала бар екенін жазып кеткен. Солардың бірі Құрлық туралы Әбу Ысқақ ибн Мұ­хаммед әл-Фариси мен Мақдиса әл-Мұтаххар атап көрсеткен. Қазақ­стан ғалымдары әртүрлі  болжап жүр­ген Құрлық қорғанының қалдықтары 1990 жылы Алматы – Термез трас­са­сы біздің ауылдың үстінен өткенде табылды. Мұны академик, атақты ар­хео­логымыз Карл Байпақов растап берді...» Иә, солай. Құрлық қаласының орны 1990 жылы табылған. Ол туралы сол кезде БАҚ хабар берген. Жазушы Ерсін Қойбағарұлының өзі де аудандық «Мәртөбе», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде, республикалық «Дала» журна­лын­да материалдар жариялаған. Табыл­ған тамтықтар, құмыралар, ақша­лар мен мөрлер туралы баяндаған. Өкінішке қарай, сол кезде ешкім назар аудармады. Көңіл бөлмеді. Олай болатыны түсінікті де. КСРО тарап жатты. Қазақстанның шама­сы келмеді. Әркім-әркім түрткілеп теңгелер тауып жүрді. Үй саламын деп шұңқыр қазғандар қазыналар мен құмыраларға, қорғанның қабы­р­ғаларына кезікті. Қойбағарұлы қой­ғыз­ған, Құрлық атын алған ауылдың адамдары алуан түрлі аңыздар ай­тып, таңғажайып түстер көріп жү­ріп жатты. Алматы – Термез трас­са­сы да, ғажап шаһар хақындағы әң­гімелер де ескіруге айналды. Құр­лық ауылы гүлденді. Мінекиіңіз, енді арада он бір жыл өткенде қайран Құрлықтың ор­таңғы бөлігі Батыс Еуропа – Батыс Қытай ұлы жолы еншілеген ендіктен елең­детіп, ежелгі дәуір­лердің күйін шертіп шыға келді. Біраздан бері «Археоло­гиялық сараптама» ЖШС жетекшілігімен арна­йы мамандар, Құрлық және Қай­нар­бұлақ ауылдарының тұрғын­дары қазба жұмыстарын жылдамда­тып жүргізіп жатыр. Себебі, көп ұза­май-ақ ұлы жолдың құрылысы қай­та жалғасуы қажет. Уақытша тоқтап тұр. «Құрлық – Шымкент шаһары­ның бұрынғы аты. Қазақ хандығының қа­ласы. Бірнеше рет қираған. Жоңғар­лар соңғы мәрте күйреткеннен кейін оңала алмаған», дегендей пікірлер бұ­рын да бартұғын. Бүгін де айтылып жатыр. «Жоқ, Құрлық – Шымкент емес, Сайрам төңірегіндегі қырық қа­ла­ның бірі. Араб саяхатшыларының жазбаларына қарасақ, бұл шаһар ІХ – Х ғасырларда да болған. ХІІ – ХІІІ ғасырларда қирап-күйреген». Екінші пікірдегілер осылай мағлұм­дайды. «Бәрі зерттеледі, анық­та­ла­ды, сол үшін де қазба жұ­мыс­тары қарқынды жүр­гі­зілу­де. Тоқ­саныншы жыл­дары күш-қара­жат жоқ еді, міне, бә­рі бар. Тәуелсіз­дік­тің арқа­сы» дейді Әлкей Мар­ғұлан атын­дағы Археология инсти­ту­ты­ның құр­­мет­ті ди­ректоры, ҰҒА академигі Карл Байпақов. Қазақстанның қай өңірі де – тұнып тұрған тарих. Әсі­ре­се, Оңтүстік өңіріңіз өзге­ше. Сайрамның, Түркіба­сы­ның, Ор­­дабасының, Қазы­ғұрт­­тың қай тұсын қазсаңыз да қала­лар шыға келеді. Қа­зыл­маған, зерттелмеген, ашыл­­маған қан­шама шаһарлар жатыр. Шым­кентіңіздің өзінде де жұм­бақтар жетеді. Қырғы базар­дың, ескі шаһардың, «Шым­қала» кешені деп аталып, түрлі құ­рылыстар қарқын алған алаңның ас­тында да тарихи қа­зы­налар бар. Бәрін қазғылап, бей-бе­ре­кет төңкере бер­геннің де жөні жоқ. Онсыз да  Ор­да­басы, Оты­рар, Түркі­стан, Созақ жа­ғы кім болса сол шұқы­лап, қалай болса солай қаз­ған­­дық­тан, шұрқ тесік шиыр­­ларға айнал­ды. Әсі­ресе,  Оты­рар­­дың орнын қайта-қайта қаздық. Сақтай ал­мадық. Ашық аспан астын­да, жауын-шашын өтінде қалып, қор болды. Иә, бәр-бәрін тап бүгін қазып, тап бүгін көріп, тап бүгін біліп ала қоя­мыз дегеніміз күпірлік болар. Ертеңгі ұрпаққа да тарихи таным қазына­ларын қалдырайық. Бәлкім, олар бізден әлдеқайда әлеуетті, терең, білімді де білікті болар. Зерегірек, зерделірек әрекеттердің жолдарын табар. Мархабат БАЙҒҰТ. Оңтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Қайсар Шерім.