• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Өңірдің экономикалық өрлеуіне рухани жаңғыруы сай

326 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Шығыс Қазақстан облысына келді. Сапар барысында Мемлекеттік хатшы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге облыс орталығының бірқатар нысандарын аралап, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралардың жүзеге асуының барысымен танысты. Өңірде өткен жылы «KATEV» халықаралық қоры мен облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Елбасы Жолдау­ында айтылған интеллектуал­ды ұлт қалыптастыру бағытында «Нұр Орда» халықаралық мектебі ашылған болатын. Бүгінде бұл мектепте 100-ден астам бала халықаралық стандартқа сай білім алуда. Мемлекеттік хатшы, ең алдымен, мектептің жай-күйімен танысты. Бұл мектепте оқу төрт тілде жүргізіледі. Оқушылардың терең әрі заман талабына сай білім алулары үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Ғаламтормен, интерактивті тақталармен жаб­дық­талған тіл кабинеттері қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгеруге мүмкіншілік береді. Қазір мектептерде дем­алыс маусымы болса да «Нұр Ор­да­ның» жаз айларында да есігі ай­қара ашық. Өйткені, мұнда жаз­ғы мектептің жұмысы жанда­нып тұр. Оқушылар қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өздерінің 20 кітап оқып жатқандығымен Мемлекеттік хатшыны да, облыс басшысын да риза етті. Облыстағы беткеұстар бала­бақ­шалардың бірі «Балапанда» бү­гінде 360 бүлдіршін тәрбие­ле­не­ді. Архитектуралық бейнесінің өзі көз тартатын бұл балабақ­шаның іші де кірсе шыққысыз. Мұны Мемлекеттік хатшы да балабақшамен танысу барысында атап өтті. Бүлдіршіндердің сала­мат­ты, ақылды ұрпақ болып өсу­леріне жағдай жасалғандығын тілге тиек етті. Өскемендегі ең үл­кен бассейндердің бірі де ба­ла­лардың игілігі үшін осында са­лын­ған көрінеді. Бүлдіршін­дер­дің жылы лебізіне бөленген Мемлекеттік хатшы оларға еліміздің мықты азаматтары болып өсуле­ріне тілек білдірді. Бүгінде елімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы ая­сында көптеген білім ордалары мен медициналық мекемелер бой көтеріп келеді. Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарлама ая­сын­да жеті мектеп, он бір аурухана салу көзделген. Мемлекеттік хатшының атба­сын тіреген келесі бір нысаны – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техника­лық университеті болды. Еліміз­дің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қомақты үлес қосып келе жатқан аталған оқу орнының базасында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырған 14 ғылыми-технологиялық зертха­на­лық кешендерінің бірі құрыл­ған. Зертханалардың бір ерекшелігі – мұндағы тәжірибелердің барлығы облыстағы ірі кәсіп­орындарда іске қосып, қолдану мақсатында жасалатындығы. «Іргетас» атты тау-кен өнеркәсібін жаңа технологиялар көмегімен да­мытуға арналған зертхана, энер­гия үнемдеу технология­ларын іске асыру мен жанар-жағар май зертханалары сынды үлкен бір кешенді құрап отырған зерттеу лабораториясы бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман кадрларын дайындауда елеулі істер атқарып отыр. Оқу орнының материалдық-техникалық базасына, универси­тет­тің кадр даярлаумен ғана шектелмей, өңірдің өндірістік дамуы­на да мол үлес қосып отыр­ған­ды­ғына Мемлекеттік хатшы оң бағасын берді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысында облысымыздың көп­те­ген кәсіпорындары да заман тала­бына сай жаңғыруда. Сондай кәсіпорындардың бірі – «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-та бол­ған Мемлекеттік хатшы кәсіп­орын­ның тантал өндіру цехының жұмысымен танысты. Жуықта облыс орталығында сәу­лемен емдеу орталығының құ­рылысы аяқталып, жұмысын бас­таған болатын. Қанат Саудабаев орталықтың ұжымымен кездесіп, заманауи құрылғылармен жабдық­талған орталықты ара­лады. Бүгінде өңірде сәулемен емдеу терапиясын күтіп, кезекте тұрған 17 мыңнан астам науқас бар. Жаңадан ашылған орталық олардың санын жыл көлемінде бірнеше есеге азайтуға мүмкіндік береді. Тек бір айта кетерлігі – онкологиялық ауруға шалдыққан­дарды кешенді түрде емдеу үшін орталыққа жалғасып жатқан 250 орынға лайықталған аурухана салу ауадай қажет. Мұны облыс бас­шысы ерекше қадап айтты. Оған тек облыстық бюджеттің ша­масы жетпейді. Сондықтан, облыс басшысы Мемлекеттік хат­шыдан республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге ықпал етуін сұрады. Мемлекеттік хатшының ат­ба­сын бұрған соңғы нысаны – облыстың мақтанышына айнал­ған этноауыл болды. Мұндағы орын тепкен әр ұлттың баспа­на­лары мен заман талабына сай са­лынған көрме залдары, шеберлер қалашығы, тіпті архитектуралық скульптуралар Мемлекеттік хат­шы­ның ризалығын тудырды. Ха­лық мұнда жай демалып қана қой­май, мұражай мен көрме зал­дарындағы дүниелерді тамашалау, фольклорлық және ұлттық-аспаптық аллеяларда сазды әуен тыңдау арқылы рухани жағынан байып та қайтатындығы кім-кім­ді де болса сүйсінтеді. Бір айта кетерлігі – мұндай этноауыл елімізде әзірге біреу-ақ, ол – Шығыста. – Менің ойымша Астананың өркендеуі еліміздің барлық қала­ла­рының өркендеуіне негіз бол­ды. Елбасымыз елордамыздың тек экономикалық-әлеуметтік да­муы­на ғана емес, мәдени дамуы­на да ерекше назар аударып келеді. Менің байқауымша, Шығыс өңірінде де бұл дәстүр сақталған. Сіздердің индустриялық-эконо­ми­калық даму бағытында ғана емес, мәдени салада да көп жетістікке жеткендіктеріңіз қуанта­ды, – деді Қанат Саудабаев. Сапарын қорытындылай келе, Мемлекеттік хатшы Шығыс Қа­зақстанда атқарылып жатқан ша­руалардың ел экономикасы мен мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосатындығын атап өтіп, бұл жұмыстарға оң баға берді. Лаура ТІЛЕУБАЙҚЫЗЫ, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.