Бітімгерлік – маңызды миссия
2007 жылы қабылданған еліміздің жаңа Әскери доктринасында бітімгерлік қызмет Қазақстанның сыртқы саясаттағы маңызды бөлігінің бірі ретінде қарастырылатындығы анықталған. Ол халықаралық құқықтық нормалар мен БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға шақырады. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2000 жылғы 28 ақпандағы Директивасы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысымен 2000 жылғы 31 қаңтарда қазақстандық бітімгершілік батальоны – «ҚАЗБАТ» құрылды. Кейін Республика Қарулы Күштерінің құрамдас бөлігі болып саналатын бұл құрылым «ҚАЗБРИГ»-тің құрамына енгізілді. «ҚАЗБРИГ» – бейбітшілікке қолдау көрсете алатын, халықаралық стандартқа сай арнайы дайындықтан өткен құрылым. Қазақстан бітімгерлік бригадасы әскери қызметшілерінің басқа әскери қызметшілерден айырмашылығы олардың Қарулы Күштердегі жалпы жауынгерлік дайындықпен бірге, НАТО стандартына сай бітімгерлік дайындықпен қоса айналысатындығында. Мәселен, бригада офицерлері НАТО мен ынтымақтастық шеңберінде жеке серіктестік бағдарламасы бойынша Үндістан, Венгрия, АҚШ, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Швеция, Швейцария, Чехия және басқа елдерде әртүрлі мамандандырылған курстарда дайындықтан өтіп жүр. Теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде жүзеге асыруларына әртүрлі бітімгерлік оқу-жаттығулары септігін тигізуде. Нақты мысалмен айтар болсақ, бүгінге дейін қазақстандық бітімгерлік бригада «Батыс – 2003», «Өзара іс-қимыл – 2003», «Сарыарқа – 2004», «Шеп – 2004, «Жетісу – 2004», «Баланс жәрдем – 2005», «Шеп – 2005», «Іле – 2005», сондай-ақ 2011 жылдан Австрияда өтетін «Викинг – 2011» халықаралық жаттығуында көк байрағымызды желбіретті. Қазақстандық бітімгерлік бригада АҚШ Қарулы күштерімен бірге халықаралық ынтымақтастықта болып: Mil to Mil (Мил то Мил); GPOI (Ғаламдық бітімгерлік бастама бағдарламасы); Бағдарлама 1206; PFP (Бейбітшілік үшін серіктестік бағдарламасы); IMET (халықаралық әскери білім алу) бағдарламалары шеңберінде игілікті істер атқаруда. Биыл қазақстандық инженерлік-саперлік отрядтың Ирактан шығарылғанына үш жыл толады. Бітімгерлік борышын орындау кезіндегі бес жыл ішінде қазақстандық құрам алдына қойылған тапсырманы толық орындап, Ирактағы борышын аяқтады. Ирак үкіметінің өтініші бойынша және жағдайдың тұрақтануына байланысты Қазақстан армиясының әскери қызметкерлері елге оралды. Сөйтіп, біздің еліміз 2003 жылғы 19 тамыздан бастап 2008 жылғы 21 қазан аралығында «Иракқа бостандық» операциясына қатысып, болған қиыншылықтар мен дағдарысты жағдайларға қарамастан өзінің одақтастық борышына адал болды. Ирактағы бітімгершілік миссияны жүзеге асыру барысында 10 ауысым болып одақтық күштер құрамына қазақстандық Қазбаттан 250-ден астам жауынгер өздерін жоғары кәсіби мамандар ретінде көрсете білді, Қазбат бөлімшесі 4 млн.-ға жуық жарылғыш заттарды жойды, әскери дәрігерлер Ирактың 500 бейбіт тұрғынына көмек көрсетті, 7 мың текше метр су тазартылды. 2005 жылдан бері тәжірибе алмасу аясында Қазақстан Қарулы Күштерінің нұсқаушылары Ирактың әскери академиясының 572 курсантын саперлік іске үйретті. Ал қазақстандық әскери дәрігерлер америкалық «Дельта» базасына барып жергілікті халықтың 5 мыңға жуығына, негізінен лаңкестіктен зардап шеккен әйелдер мен балаларға дәрігерлік көмек көрсетіп тұрды. Америкалық әріптестердің көмегімен жарақтанған Қазбриг дайындық, тәжірибе жағынан алғанда аймақтағы ғана емес сондай-ақ бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірден бір ерекше құрылым. Ол толықтай НАТО стандарттарына сай жабдықталған және дайындалған, БҰҰ-ның «көгілдір каскалар» құрамына енеді. Қазақстанда БҰҰ мен НАТО бағдарламалары аясында бітімгершілік операцияларды орындауға арналған Аэроұтқыр әскери бригадасы құрылған. Бұл қазақ жеріндегі америкалық немесе ағылшын бітімгерлері емес, керісінше, жергілікті бітімгерлік күштердің бригадасы. Олардың басқа елдердің бітімгерлерімен терезесі тең. Қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. 2006 жылы Қазбригаданың ротасы НАТО өкілдері қатысқан сынақта емтихан тапсырды. Олар рота жауынгерлерінің лингвистикалық дайындығы мен бітімгерлік операцияларда әрекет ету деңгейін тексерді. Ирактағы бітімгерлік операцияларына қатысып үлгерген және стандарттарға сәйкес дайындықтан өткен «Қазбриг» енді Қазақстанның жинақы әскери күштерін әскери іске үйретіп жатыр. Міндетті бағдарлама – бірігіп өткізілетін әскери жаттығулар, жаттығулар барысында қажетті дағдылар мен тәжірибе жинақталады. Тағы бір айта кетер жәйт, қазақстандық офицер, полковник Қанат Құсайынұлы Әубәкіров 2006 жылы Коалиция күштері штабындағы барлау бөлімін басқарды. Оның қарамағында Жапония, Эстония, Литва, Латвия, АҚШ, Болгария, Әзербайжан, Македония, Албания сияқты елдердің өкілдері болды. Штабтық лауазымда барлығы 28 офицер қызмет атқарды. Бүгінде полковник Қанат Әубәкіров Брюссельдегі НАТО-ның штабында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери өкілі ретінде еліміз әскерінің мүддесін қорғауда. Қазіргі уақытта Ирак Республикасында міндетін атқарып келген бітімгерші-офицерлер тұрақты әскери бөлімдерде қызметтерін жалғастырып, жинақтаған жауынгерлік тәжірибелерін жас буынға үйретуде. Олардың қатарында майорлар Еркебұлан Есенгелдіұлы Ембергенов пен Болат Сұлтанұлы Дүйсембаев және капитан Дәулет Садықұлы Әдіқадыров бар. Еркебұлан «Иракқа бостандық» операциясына 2004 және 2006 жылдары екі мәрте қатысқан инженерлік-саперлік топтың командирі. Екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған ол, бригадада инженерлік қызмет бастығы лауазымын лайықты атқарып жүр. Болат 2004 жылы, ал Дәулет 2008 жылы Иракқа инженерлік-саперлік отрядтың аудармашысы ретінде барып қайтты. Екеуі де «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегерлері. Болат штаб бастығының орынбасары – жедел бөлімнің бастығы, ал Дәулет болса бітімгерлік бригаданың аударма бөлімінің бастығы. Сондай-ақ отрядтың барлық ауысымындағы келісім-шарттағы әскери қызметкерлер әскери бөлімдердің кәсіби-сержанттар қатарын толықтырып отырды. Олардың арасындағы дайындығы аса жоғарылары қызмет бабымен өсуге білім алуға мүмкіндік алды. Мәселен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері 1 сыныпты сержант Асылхан Қыдырқанұлы Дулатов 2004 жылы бітімгерлік операцияларға қатысып, бүгінде қызметін аталмыш бригадада жалғастыруда. 3-ші десантты-шабуылдаушы ротаның старшинасы III дәрежелі «Айбын» орденін омырауына таққан Көмек Маханбетұлы Құрманәлі 2008 жылы инженерлік-саперлік отрядтың құрамында болған бітімгер, білікті сапер. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні, бітімгерлік міндетін атқарып келген, ұлықтауға лайық, елі мен жерін сүйетін азаматтар бригадада жетерлік. Мұндағы сардарлар мен сарбаздардың көбі Польша мен АҚШ-тың коалициялық күштері атынан орден, медальдармен марапатталғандар. Қазақстан Қарулы Күштері аз ғана уақытта мол тәжірибе жинақтады. Ирактағы миссияның маңыздылығын қорытындылайтын болсақ, біріншіден, ол Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық бағытын айқындап, коалицияның әсіресе АҚШ-тың мығым әрі жүйелі серіктесі екендігін анықтады. Екіншіден, Қазақстан үшін көпұлтты күштердің құрамында шынайы жағдайларда өзара іс-қимыл жасау кезіндегі коалициялық операцияларда зор тәжірибе жинақталды. Үшіншіден, коалициядағы АҚШ, Ұлыбритания, Канада және басқа мемлекеттердің қорғаныс министрліктерімен ынтымақтастық деңгейін күшейтті. Төртіншіден, инженерлік-саперлік отрядтың алған тәжірибесі біздің бітімгерлік бөлімдерді НАТО стандарты бойынша жабдықтауға лайықты екендігін дәлелдеді. Қазақстандық бітімгерлік бригада келешекте құрылымды жетілдіріп, жеке құрамның базалық әзірлігін жақсартып оны жабдықтауға баса назар аудармақ. Жеке құрамды бітімгерлік тақырып бойынша оқытып-үйретіп, тілдік дайындықты күшейтуге күш салмақ. Басымдық инженерлік барлау және медицина, тыл, сондай-ақ офицерлердің штабтық әзірлігінің деңгейін көтеруге берілмек. Бұл НАТО армиялары бөлімдерімен қоян-қолтық іс-қимыл жасауда бірлесіп мақсатқа жетуге және БҰҰ-ның миссиясын адал орындауға ықпал етпек. Жүніс ОМАР, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі бөлімінің бастығы, полковник. Астана.
•
28 Маусым, 2011
ҚАЗБРИГ
517 рет
көрсетілді