Қазан айының соңы жауын-шашынды болды. Боғда тауын бұлт бүркеп, тұман басқалы оншақты күн. Аспан тесіліп кеткендей болып, неше күн сорғалаған жауын таң ата толас тапқан. Алғаш жаңбырға қарамай, түрмедегілерді жұмысқа шығарып жүрді. Онсыз да әрең жүрген аш-арықтар күні бойы жауынның астында сүметіле бұралып, кешке жатақтарына ілбіп әзер жететін. Содан ақ жаңбыр ұзаққа созылып кетті де, ешқайда шығармайтын болған. Сылбыраған жауын астында абақтының қарасұр тамдары неше күн кірген-шыққан ешкім жоқ, ішіндегі жазықты бишаралардың егілген көз жасындай сорғалаған жаңбыр суын мізбақпай бойына сіңіріп, түк болмағандай бүк түсіп жатты да қойды.
Сәске кезінде қыбыр-жыбыр басталып, ары-бері жүрген адамдар көбейіп, сақшы-қарауылдардың дауыстары естіліп, абақты ауласы сілкіне оянды. Жылт етіп күн көзі көрінді. Бұлттар жөңкіле көшіп, аспан аласапыран тазаруға көшкендей. Жерден бу көтеріліп, миы шыққан саз балшық дегди бастады.
Күн едәуір көтеріліп, жылына бастағанда абақты-үйлердің есігін ашып, қамақтағыларды далаға шығарды. Неше күн жарық дүниені көрмеген байғұстардың кейбірі бастары айналып құлап жатыр. Күбірлей аспанға қарап, таза ауаны сіміре жұтып, керіліп-созылып, бойларын жазып, көпшілігі теңселе тұрып қалады. Сақал-шаштары өскен, өңкей сүзектен жаңа тұрғандай болған аппақ қудай аш-арықтар жан-жақтарына жасқана қарап, бұға сөйлеседі.
Таңжарық қана ештеңеден именбей, әзіл-қалжың араластыра дауыстап сөйлейді. Шыға беріп, басы айналып құлап қалғандарға қарата: – Баяғыда бір хан сұлу қызын жұрт көзінен қызғанып, қараңғы темір торда ұстайды екен. Бір күні қыз жарық дүниені аңсап, ұрланып далаға шығыпты дейді. Күннің жарық сәулесін көрген бойда қыздың басы айналып, есінен танып құлайды ғой. Біраз уақыт жатып қалған қызға күннің нұры өтіп жүкті болып қалыпты дейді, – деп Таңжарық жан-жағына күлімдей қарап. – Сол айтқандай, құлап қалсаңдар жатып алмай, тез тұрып кетіңдер! Бұлттан шыққан күн ащы! Кім біледі?.. Құдай атып...
Бәрі ду күлкіге батты. Бұралып әрең тұрғандар іштерін басып, күлкілерін тия алмай, қиқылдап-шиқылдап әрең басылды.
– Әй, қайдағыны қайдан шығарасың, ей?! – деп Молдахан да Таңжарықты бүйірден түртіп қойып, көзінен жас аққанша күлді.
Жамырай күлгендерді жақтырмай қалған түрме бастығы қасына бақылаушы сақшыны ертіп келіп, қайда жүрерлерін білмей ұйлығысып тұрғандарға көз жүгіртіп, қабағын түйе:
– Тәртіп бұзуға болмайды! Дабырлай сөйлесіп, дуылдауға рұқсат жоқ! Ұзап ешқайда бармайсыңдар! Мына жауын-шашында далаға шығара алмадық. Бүгін – серуен. Бұл – үлкен қамқорлық. Соны түсініңдер! – деп түрмедегілердің өз ішінен белгіленген бақылаушы – гоңтуларға қатты тапсырып, өзі жайына кетті. Одан басқа да бақылаушы-қарауылдар көп. Мылтықты сақшылар жүреді аралап. Ол аз десең ат шаптырым ауланың әр жеріне орнатқан сатылы-мұнаралардан да көз алмай қарап тұр.
Әр топ өз қамақ-үйлерінің төңірегінде күн шуақтап ары-бері жүр. Тамға сүйене тізіліп, жүрелеп отырғандар қаншама.
– Жүр аралап қайтайық! – деді Таңжарық Молдахан мен Әнуарға, – Таныстар кездесіп қалар. Әңгіме тыңдаймыз.
– Ойбай, қой, Тәкен! – Әнуар есі шыға. – Өткендегіні ұмытып қалдың ба?! Айтып кетті ғой, жаңа. Әне, қарап тұр!
– Ой, құдай, неден қорқасың?! Көретінімізді көріп жатырмыз! Бұлардың таяғына үйренген жоқсыңдар ма?! Жүріңдер!
– Қой, қой, Тәкен! – Молдахан ұстай алды. – Тыныштық керек!
– Ой, қорқақтар-ай! Жолдас болуға жарамайсыңдар!
Таңжарық қарсы алдыдағы қатарлас қамақ-үйдің сыртында күншуақтап отырғандарға қарап тұрып қалды.
...Осылай далаға шығарғанда, кейде жұмысқа бара жатқанда, не келе жатқанда Таңжарық ешкімнен именбей, әркіммен бір сөйлесіп, әзілдесіп, басқа топтағыларға барып, олармен танысып, өзі танитындар кездессе, шүйіркелесе хал-жағдай сұрасып, бәрін салдырлап айтып келетін. «Ойбай, пәленді көрдім, адам аяйтындай. Алтай, Тарбағатайдың мықтыларының бәрі жүр. Танысып алдым!» деп жүретін. Осыдан оншақты күн бұрын, өткен қалың жаңбырдың алдында тағы осылай далаға шығарып, тұтқындар теңселіп аулада жүрген. Таңжарық тыныш тұрмай, аралады да кетті. Бір кезде қарсы беттегі қатарлас абақтының күнгей қабырғасында тізіліп, күншуақтап отырғандарға барды. Байғұстардың құр жандары ғана. Танығандары күлімсіреген боп қарайды. Жағалап амандасып келе жатып, баяғыда алғашқы құрылтайда Үрімжіде көрген Нұртаза үкірдайды танып қалады. Тарбағатайдан ұсталған еңгезердей сүйекті адам еді, әбден арықтап, сүйектері адырайып-адырайып сыртқа теуіп, құр сүлдері қалыпты. Дүниеден күдер үзгендей, тамға сүйене жүрелей отырып, айналасына бейжай көз тастайды. Таңжарық барып сәлем беріп, алдында аз аялдап тұрады. Талтая жүрелеп отырғандікі ме, түрменің тар шалбарының ауы қақ айырылып, ар жағынан тәні жарқырап көрінеді. Көзі шалып қалған Таңжарық бірден:
Қайғырса кетеді екен адам тозып,
Барады біреуінен екеуі озып.
Тулаған ақ балықтай қайран жабдық,
Шығарам тар шалбардан зорға созып, – деп өлеңдете жөнелді. Қараңғы қапаста әбден бұйығыланып, боп-боз болып, ісініп кеткен байғұстар қыран-топан күлкіге қарық болып, өңдеріне қан жүгіріп бір сілкініп қалды. Сол мезетте қарауыл сақшы жетіп келіп, ақынды мылтық дүмімен түрткілеп, айдап алып кетті. Содан кеш бата әбден таяқтап, өлімші ғып әкеп тастады...
Әнуардың айтып тұрғаны сол еді.
Үлкен сәскенің кезі. Күн біршама жылынып қалған. Шіркін, күннің шуақты нұрына не жетеді! Ілмиген аш-арықтар бір жадырап, әр жерге топтана әңгіме-дүкен құрады. Таңжарық жағалап осындай бір шоғырға келді. Үш-төрт адам отыр да, қалғандары қоралана тұрып алған. Сәлем бере тоқтаған ақын:
– Сіздерді көзім шалып әдейі бұрылдым, – деді. Сөйтті де отырғандарға қарап, – Әй, бері жақындаңдар! Мына кісілерді таныстырайын, сәлем беріп жүріңдер! Мынау – үлкен қара сақалды, төртпақ келген, қараторы қартаңдау адамды нұсқап, – Сонау Совет жеріндегі Кереку мен Семейден бастап, бүкіл қазақ сыйлайтын Шерияздан Марсақ деген шежіреші қарт. Бұл кісінің әңгімесіне қызығып Шың Шысайдың осында алып келгеніне бес-алты жыл болыпты.
Тұрғандар ду күлді. Оның қатарында отырған, ол да орта жастарға келіп қалған адам екен. Шоқша сақалды, дөңгелек жүзді, көзі күлімсіреген кісіні:
– Мына кісі осындағы Баркөл мен Мориды шулатып, өкіметтің зәресін ұшырған Қасым батырдың атаманы, өзі жүйрік домбырашы Сиязбай деген ағаларың. Ал мына жігіт, – Ірі денелі, ат жақты, көзі жанып тұрған аққұба жігітті көрсетіп. – Сонау Қарқарадан албандарды бастап көшіріп келген Жақыпберді батырдың оң қолы Мансұрбай деген азамат. Абақтыдан екі рет қашып шығып, үшінші рет ұсталып отыр. – Оған сәл қарап тұрып. – Қамықпа, бауырым! Аман болсаң, бұдан да құтыласың! – деп арқасынан қақты.
– Ал, мен Іленің қызайымын. Күнестің басын жайлап, төсін қыстап, айранын ұрттап, қойын құрттап дегендей, жайымен жатқан ел едік. Бәрін осы қу тілімнен таптым. Тіл мен жағыма сүйенем деп үкіметтің шабына түртіп алып, пәлеге қалып жүрмін. Атым – Таңжарық, – деді. Ентелей иіріліп тұрғандардың: «Таңжарық!», «Ақын Таңжарық па?!» дескен дауыстары қаттырақ шығып, дуылдай күліп, дабырласып кетті.
Дәл осы кезде баж-бұж еткен екі шерік жетіп келіп, мылтықтарын кезене түртіп:
– Бұл не жиын?! Не айтып тұрсыңдар?!
– Гоңтулар қайда жүр? Неге қарамайды?! – деп бірінен-бірі өте зілденіп, топты тарата қуып, ішінде Таңжарық бар төрт-бес адамды түрткілей айдап ала жөнелді. Зәрелері ұшып, одан ары түстері қашқан сорлылар іштерінен «құрыдық» деп келе жатыр. «Ал енді дайындалыңдар! Таяқ жемегендеріңе көп болған шығар», – деп күбірлейді Таңжарық.
Күзетші шеріктер тұратын үйге жақындап келіп тоқтатты да, айдауылдың біреуі ішке кіріп кетті. Апарып қамап, «мә, сендерге жиын ашқан», «мә, сендерге күлкі» деп сабайтын шығар деп ойлады Таңжарық. Жаңағы айдауыл екеу боп қайтып келді де, өзі қалып, тұтқындарды ана екеуіне табыстап берді. Екі шерік ортаға алып бес адамды қайта айдады. Бір жерге тоқтап, күрек, қайла алдырды. Түрме ауласынан шығарып, далаға, сонадайда көрінген қырқаға қарай келе жатыр.
– Бізді қайда апарады? Не істетер екен?! – деп сыбырлайды Сиязбай Таңжарыққа.
– Бізге көр қаздырады. Сөйтіп өлтіреді, – деді Таңжарық. Сиязбай шошып кетті.
– Енді қорық, қорықпа. Оған амал жоқ, – деді Мұсылманбек деген жігіт қатарласа күбірлеп.
– Әйтеуір, қазған көрлеріңді терең қазыңдар, мыналардың жазатайым өздері түссе, шыға алмайтындай болсын? – деді Таңжарық мысқылдай күліп.
– Е. Бұлар, өздері түсе қоймас. Алдымен бізді түсірер, – деді Махат үрейлене.
Олай деме, Махат! Әлден үмітіңді үзбесеңші! – деді Таңжарық саспай.
Әлгі көрінген қырқадан ары асыра апарып, ойпаңды қаздыра бастады. Шындығында жеке-жеке көр қаздырды.
Күндегі ел қатарлы ішетін қара су мен шикі момадан да қағылып, нәр татпастан күні бойы тыным көрмей жер қазды. Әбден діңкелері құрып, әлсіреп құлай жаздағанда бір-ақ тоқтатып, екі шерік бесеуін қайта айдады.
«Япырай, өз көрімізді өзімізге қаздырып, тірідей көміп тастай ма» деп қауіптеніп еді, аман қалғандарына шүкіршілік етіп келеді. Құдай сақтасын, бұлардан бәрі шығады. Ондай сұмдықтарды да естіген.
Кеш түсіп келеді. Түрме ауласына кірген жерде бағанағыдай сәл тоқтатып, бір шерік тағы да үйге кіріп кетті. Екіншісі былайырақ шығып шылым шегіп тұр. «Енді не істер екен бізді?!» деп тұр бәрі. Жақ жүндері үрпиісіп, бозала-тозала болып, құр сүлдерлері ғана. Таңертең байқамаған екен, кіреберістегі үлкен қақпаның маңдайшасында Шың Шысайдың үлкейтілген суреті ілулі екен. Оны алдымен көрген Сиязбай:
– О-о, көсемнің рәсімін қара! – деді. Таңжарық жалт қарап, көз алмай аз тұрды да:
Отырсың қара залым, түсі қашып,
Біз жүрміз айдауыңда асып-сасып.
Армансыз дүниеден өтер едім,
Қаныңды бір ұрттасам жалғыз қасық, – деп тістене өлеңдетті. Ойланып қалған Сиязбай:
– Бір жері әлі де кемшіл боп тұрған сияқты, – дегенде, Таңжарық:
– Солай ма?! Ондай болса толтырайын, – деп, ары қарай өлеңдетіп:
Қамауда жатыр ерлер жанталасып,
Бірге өскен, бірге туған қан жаласып.
Япырым-ау, өстіп құрып кетеміз бе?
Арман не, өліп кетсек найзаласып!– деп қосты.
Өстіп тұрғанда жаңағы шерік қайта шығып, анаған бірнәрселерді түсіндіргендей болды да, жылдамдата басып кеп Таңжарықты мылтықтың ұшымен түрте жеке өзін айдай жөнелді. Қасындағыларға тілдесуге де шамасын келтірмей асықтырып әкетті. «Енді өлген жерім осы шығар, – деп ойлады, – оңаша апарып, тепкінің астына алайын деді ғой». Түртіп-түртіп қойып айдап келеді. Жоқ, өзінің жатағына әкелді. «Е, құдай берді, осымен құтылсам болды» деп ойлағанша есіктің көзіне келіп тоқтады. Шақұр-шұқыр есікті ашып жіберіп итере кіргізгенде, не болса да жеттім-ау деген оймен орнына ентелей жетіп құлағаны сол еді, «Тұр, орныңнан! Жина, боқтығыңды!» деп теуіп-теуіп жіберді. Таңжарық қайта тұрып, апыл-ғұпыл орын-көрпесін жинай бастады. Камерадағылар алғаш қуанғандай: «О-о, Тәкен! Таңжарық!» десіп қалып еді, енді мұны алып кететінін біліп, үрейлене қарасып қалды. Сақшы: «Бол! Бол!» деп көрпе-төсегін құшақтатқан күйі желкелеп алып шығып кетті. «Е-е, бұлар жәй қоя салушы ма еді! Енді қайда апарар екен?» дегенше қатарласқан абақты үйлердің біріне кіргізді. Сол жерде аяғына кісен салғызды да, қарауыл сақшыға тапсырып, айдап келгеннің өзі бұларға қатты табыстап шығып кетті...
«Орын ауыстырумен жазалары бітер ме екен, әлде көрсетер құқайлары әлі алда ма екен?!» деп ойлағанынша түпкір жақтан біреу:
– Әй, бауырым, қазақ көрінесің, қайдан келдің? – деді басын көтере.
– Е-е, осы ауыл арасы ғой, – деді Таңжарық жайбарақат. Ана кісі онша түсінбей қалды ма:
– Ауыл арасы дейді. Осы төңіректен ұсталғансың ғой, – деді.
– Ой, құдай! – деді ақын тыжырына, – Бұл төңірек емес, тура осы абақты ауылының тұрғынымын. Мына көрші үйден сіздерге қонаққа жіберді.
– Е-е, солай демейсің бе! Онда бірдеңе бүлдіргенсің ғой.
– Ауыстырған ғой. Бұлардың сондайы бар емес пе! Қамақтан қамаққа жөткеп отыратын, – деп тағы біреу әңгімеге қосылды.
– Бүлдірмегенде, қарап жүрсең ішің пысады, – деді Таңжарық қуақылана, – Содан, құдай тіл бергеннен кейін бірдеме дейсің. Бәрібір тыныш жүргенде де жейтін таяғың...
«Мынау бір қырсық қой» дегендей аналар қайтып үндемей қалды.
Жас жігіт біртүрлі сөйлегісі келіп қозғалыңқырап отырып:
– Аға, атыңызды сұрасам бола ма? – деді.
– Е-е, шырағым-ай, аты-жөнім Таңжарық Жолдыұлы. Іленің қызайымын, – деген кезде жаңағы үндемей қалғандар бастарын қайта көтеріп:
– Өй, Таңжарық па?!
– Таңжарық дей ме?!
– Кәдімгі ақын Таңжарық па?! – десіп дабырласып кетті. Бір-екеуі орындарынан тұрып бұған қарай жүрді. Бәрі бірінен кейін бірі келіп құшақтап, қайта амандасып қауқылдасып жатыр.
– Бәсе, тілі мен жағына сүйенген бұл кім дейім, – деп орта жастардағы қара кісі жақындап кеп отырды, – Таңжарық екенсің ғой. Сені көрмесек те жақсы білеміз. Осында дейтін. Қайсы абақтыда жаттың.
– Үшіншіде.
– Е-е, бәсе, көрші үйден деп отырғаның сол екен ғой, – деп жаңағы кісі, басын көтеріп орнынан тұрмай отырған қартаңдау адамға қарап: – Сықа, бері таман келсеңші. Мына ақын ініңіз кеп қалыпты, – деді.
– Барайын, барайын. Құдай айдап келді ғой бізге бұл жігітті. – Еңкейе басып келіп, Таңжарықты мойнынан құшақтап бетінен сүйді, – Жақсы келдің, айналайын. Бұл жерде бөтен адам жоқ, бәрі өзіміз. Айналдырған алты-жеті адам ғана. Мен – Сығай деген ағаң боламын, – дегенде жаңағы қара кісі:
– Атақты Сығай зәңгіні естуің бар шығар, – деді.
– Е-е, естігем, – деп оның жүзіне барлай қарап қойды.
– Мына кісі, – деді енді Сығай зәңгі сөз бастап, бағанадан сөйлеп отырған кісіні таныстырып, – Қапас зәңгі. Ал, анау отырған Баркөлден келген Құдабай батыр. Оның қасындағы Қами бауырың. Өзіңмен бірінші тіл қатысқан мынау жас жігіттің аты – Қасым болады.
– Ойпырай, құдай сақтасын, өңкей зәңгілер мен батырлардың ортасына түсіппін ғой. Енді не болар екен?!
– Жақсы болады, айналайын, – деді Сығай зәңгі өзімсіне, – Қайта қуан біздің арамызға келгеніңе!..
«Қалайша бұл жерге әкеліп қалды?» деп ойлады ақын аз үнсіз отырып. «Әлде, мыналардың арасында тыңшылары бар ма екен?!» Қалжырағанын жаңа сезді. Қарны да шұрылдап барады. «Не болса да көріп алдым! Талай құқайын көрдім ғой. Тағы да азаптар азар болса...»
Таңертеңгілік мезгіл. Жау қуғандай екі шерік кіріп келді.
– Тұр орныңнан, ақынсымақ! – деп біреуі Таңжарықтың басына бүркеу қапты кигізіп жіберіп, аяққа кісен салды. Екіншісі көрпе-төсекті әптер-тәптер айналдырып, арасынан өлең жазып жүрген ескі дәптерді тауып алды.
– Міне! – деді ол дауыстай қағазды жоғары көтеріп, – Таптық! – Бірін-бірі қостап, бастарын изесіп, ақынды итермелей алып шығып кетті.
Түртпектей айдап, тұншықтыра дірілдетіп әкеліп бір үйге кіргізді. Күбірлесе сөйлесіп тұрып, тұтқынның бүркеншігін жұлып алды. Ұзынша үстелде тізіліп төрт адам отыр. Түстері суық. Таңжарыққа «әп, бәлем келдің бе?!» деп тістерін басып отырған сияқты.
Тура қарсы алдыларына әкеп тұрғызды да екі шерік шығып кетті. Дәл ортада отырған көзілдірікті қарасұр адам дауыстап біреуді шақырды. Кірген адамға тапсырып, Таңжарықтың қолына көзір салдырды.
– Иә, Таңжарық ақын, сен осы жерде де үкіметке қарсы үгіт жүргізуді бастапсың ғой. Рас па?! – деді жаңағы адам қабағын түйе, зілдене сөйлеп.
– Оны кім айтып жүр?! – Ақын да басын селт еткізе көтеріп алды, – Аяқ-қолым бұғауда, тар қапаста жатып қалай үгіт жүргізе аламын?!
– Сен шыныңды айт! Түрме ауласында серуендеп жүрген тұтқындарды жиып алып, қандай әңгіме айтып жүрсің?!
– Ой, құдай! Бәсе, бәсе, – деп Таңжарық күбірлеп тұрып, – Еш әңгіме жоқ олармен. Амандасу, сәлемдесу...
– Айт шыныңды! Малғұн! – Үстелді қойып қалды. Көзінен от шаша көзілдірігі жарқ ете түсті.
Мұны естіп «Қане не істейін?» дегендей жалаңдаған біреу келді. Сұрақшы қоя тұр дегендей қолын сілтеп еді, анау басын шұлғып қайта шығып кетті.
– Сен қиқаңды қой! Біз бәрін білеміз. Шыныңды айтпасаң, біз саған айтқызамыз!
Қисынсыз қылықтарына күйіп кетті:
– Өздеріңіз білсеңіздер оның несін сұрайсыздар? Мойныма қойыңыздар!
– Ей, ит! – тағы да үстелді тарс ұрды. Жаңағы жендет жетіп келді. Оған көзі ақшаңдап балдыр ете түсіп еді, анау іске құмбыл кірісіп, қалақтай жалпақ былғары алып шықты. Оған сәл тоқта дегендей ишара жасап, Таңжарыққа:
– Сенің мойныңа қою оп-оңай! Сен жақсылықты білмейтін ит екенсің! Өзі мойындап, шынын айтады десек, қара мұны?! Баста! – Жендетке иек қақты да бұған: – Тік тұр! Қозғалма! – деді айқайлап.
Жендет ұмтыла беріп қолындағы ұлтандай былғарымен мұның екі бетінен «сарт, сарт» еткізіп салып-салып жіберді. Көзінің оты жарқ етіп, жас парлап қоя берді. Жақтары дуылдап, өртеніп барады.
– Енді айтасың ба? – Басқа сұрақшы кірісті.
– Шыныңды айтпасаң не болатыныңды білесің бе? Көрің дайын! Өз көріңді өзің қазып дайындап қойғансың! Әлі де пұрсат бар. Астыртын үгіт жүргізіп, қандай тоқтамға келдіңдер?! Сенің сөйлескен адамдарыңның бәрі сұраққа алынып, жеке-жеке қамақта отыр. Олармен қазір беттестіреміз. Не айтқаныңды мойныңа қойып береді.
– Онда солар айтсын не үгіт жүргізгенімді?!
– Мынаны қарай гөр, – деді сөзді алғашқы сұрақшы іліп әкетіп, – Солар айтсын дейді. Айтпайды олар! – даусы оқыс шығып, үстелді бір періп, орнынан қарғып тұрды, – Алдымен сен айтасың. Айтқызамыз! – Қалшылдап, жендетке қайта бұйырды, – Жатқыз, төсекке!
Анау іске кірісті. Таңжарықты жұлмалап, сырт киімдерін шешіп, науадай тар, темір төсекке жатқызды. Осындайға арнайы жасаған дүние екен, жан-жағындағы белдіктерімен тарта бекітіп, таңып тастады. Тырп ете алмайсың. Ол түк емес екен. Темір науаның жақтауларындағы бұрандаларын қысып бұраған сайын сүйек-сүйегің сынып кетердей күтірлеп, жаның көзіңе көрінеді. Өкпе-бауыр, қолқа-жүрегің аузыңа тығылып, сүйектерің қақсай үгітіліп бара жатады. Әсіресе, екі иық қысылған сайын шыдай алмай, еріксіз даусы шығып кетті. «А-а, о-о!» дегенге қарамай қусырып қыса түседі. Не бұлқынып, қозғала алмайды. Бұрынғы көрген азаптарынан бұл төтенше болды. Ыңырси боздап жатып, талықсып кетті...
– Тұрғыз! Тұрғыз! – Сұрақшы тепсіне айқай салды.
Ана жауыз қызылала қан жапқан ақынды жұлқылап, сілкілеп қайта тұрғызды. Аяқта кісен, қолда көзір, мұрнынан дірдектеп қан саулап тұрған Таңжарық мына сұрақшыдан да түңіле: «Басқасы басқа. Мына қазаққа не жоқ! Ата-бабаңның әруағы ұрғыр-ай! Өзіңнің қорлағаны өтті-ау, бәрінен!» деп ойлады.
– Сен ит! Аяғанды білмей, бәрінен жалтарып тұрсың! Сені енді еркелетпейміз. Өз обалың өзіңе! Мойындатамыз! – Айқайлай сөйлеп, қолындағы өлең дәптерді парақтай келіп, – Мынау не деген сөз сонда?!
«Жазып тастап кетейін,
Белгі қалсын артыма.
Арманым көп әлемде,
Бас көтерсін сәлем де.
Қайғыда жүрген қараңғы,
Қазақ, қырғыз халқыма.
Ескерілмей қалмасын,
Оған да айт сартыма».
– Ал енді не дейсің? Үгіт емегенде бұл не?! Жұртты өкіметке қарсы көтеріліске үгіттеп тұрсың ғой. Өзіңнен басқа адам сөз түсінбейді деп ойлайсың ба?! Саған аз мына көргенің. Сен күн сайын ажалыңа жақындап келесің! – деді де қытайша балдыр-бұлдыр сөйлеп қасындағыларға дәптерді көрсетіп, жаңағы өлеңнің мәнін түсіндірді. Аналар біріне бірі қарап, «мұның істеп жүргені шын екен-ау» дегендей үрейлене орындарынан атып-атып тұрды.
Бірінен бірі өтіп әлгі азаптағыш жендетке қолдарын жарыса сілтеп, Таңжарықты нұсқап: «Құрту керек! Жазалап көзіне көк шыбын үймелету керек! Шынын айтқызу керек! Азаптап өлтіру керек!» десіп даурығысып кетті. Ана жауыздың күткені сол екен, ақынды жұлқи түртіп қарсы есіктен ары кіргізіп кетті. Қасапшыдай жалаңдаған самдағай неме әп-сәтте онсыз да буындарынан әл кетіп әрең тұрған Таңжарықты былқ-сылқ еткізіп, кендір арқанмен бақайынан байлап, басын салақтатып асып жіберді. Тұтқында үн жоқ. «Не болса да көрейінге» бекінді. Сұрақшылар келіп, айыздары қана қарап тұрып:
– Тұрсын! Осылай!
– Тұрсын осылай! Осы керек бұған! – десті.
Ал ана қазақ сұрақшы жақындап келіп:
– Қалай екен, ақыным?! Шындығыңды жайып салмасаң көретінің әлі алда! – деді шыға беріп нығыздай сөйлеп.
Қанша тістенсе де еріксіз дыбысы шығып, «ө-ө; ө-ө!» деп теңселген Таңжарық салбырап қала берді.
* * *
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі». Таңжарық бұл жолы да аман қалды. Үш күн бойына ұйқы деген не, естен танып қалған кездері болмаса, бір сәт отырғызып, демін алдырған жоқ. Адам да итжанды болады екен-ау! Әсіресе Таңжарықтың жаны сірі екен. Әлдеқашан о дүниеге аттанып кететіндей азапты, қинауды көрді. Әйтеуір жан шықпағаннан кейін кірпігі қимылдап жата береді екен. Әйтпесе неше рет өліп-тірілмеді! Бұл жолы да қанша күн азаптағанын білмейді. Есі кіресілі-шығасылы...
Камерадағылар күте-күте күдер үзе бастаған. Бақандай үш күн, тырс еткен хабар жоқ. Сығай зәңгі қайта-қайта құран оқыса, Қапас зәңгі құмалақ салады. Ешнәрсе анық емес. Бәрі бұлыңғыр. Кімнен сұрарларын да білмейді. «Е-е, бұларға бәрібір. Айыздары қанғанша азаптап, сүйреп апарып орға лақтырып жіберген шығар» деп отырғанда әкелді-ау әйтеуір... Екі адам зембілге салып әкеліп, сәкінің үстіне құм төккендей төңкере салды. Бет-ауызы көгала қойдай. Үсті-басы қанға бөгіп, жұлым-жұлымы шыққан. Кеудесінде жаны бар ма, жоқ па білінбейді.
– Ой, Таңжарық аға?!
– Таңжарық па, әкелді-ау, әйтеуір! – десіп, жастау Қасым мен Қами басқалардан бұрын жетіп, төне-төне қарасып тұр.
– Таңжарық дей ме?! Ой, байқұсым-ай, тірі ме өзі? – деп Сығай зәңгі жақындады.
– Ой, Алла! Алла! Арысым-ай! Жаны бар ма, әйтеуір, кеудесінде?! – деп Қапас зәңгі келді.
– Әйтеуір, жаны бар екен. Есіне келер, енді мазасын алмайық, – деп Сығай зәңгі шегіне берді...
Таңжарық сол қимыл-қыбырсыз жатқаннан үш күн дегенде барып көзін ашты. Сөйлей алмайды, жағы ашылмайды. Көзбен ишара жасап, бірнәрсе білдірген болады. «Бұған да құдайға шүкір», деп бәрі қуанысып қалды. Күннен күнге өзіне өзі келіп, қолдарын қозғауға шамасы келді. Ақырын дыбыстап былдырлап сөйлеген болады.
Осындай азаптан денесінде сау жері қалмапты. Әйтеуір жаны кеудесінде...
Кеше Таңжарықтан басқалары далаға шығарылған. «Күн суық екен. Боғданың басына қар түсіпті» деп келді. Содан бері Құдабай батыр мазасыз. Біреу бірнәрсе деді ме, әлде бір жайсыз жайтты құлағы шалды ма, қабағы шытыңқы, жаны жай таппай, тордағы арыстандай тықыршиды. Бүгін де ерте тұрып алып, бір отырып, бір тұрып, ары-бері жүріп, байыз табар емес. Мұны кешеден байқаған Сығай зәңгі:
– Батыр-оу, не болды саған? Мазаң қашыңқы. Бірдеңе естідің бе? Әлде.., – дей беріп еді, Құдабай бірден тіл қатып:
– Ой, батыр болмай қалайын мен! Қайдағы батыр! Батыр деген бүйтіп тірідей көрге қамалғанша, елін жаудан қорғап, шайқасқа шығар еді ғой. Мен болсам, елім тұрмақ, өз басымды қорғай алмай жатысым мынау.
– Оған қапа болма, батыр! Бір сен емес, бүкіл ел көріп отыр қорлықты. Қайтеміз?! Бұл күйінше кете бермес. Бұл өкіметке де зауал жетер. Сабыр етіп, ақырын күтейік, – деп Сығай оның бетіне қарады, – Көңілің неден бұзылды? Соны айтшы батыр!
– Бұл көңіл неден бұзылды деріңіз бар ма? – Құдабай күрсініп жіберді, – Баркөлдегі елдің ұлы көшін білесіз. Көп қырғынға ұшыраған. Содан қалған азын-аулақ елге тағы да тыныштық бермей жатыр екен! Осыншалық бұ құдайға не жаздық?!
– Ойпырай, ә! Тағы кімдерді ұстапты?! – деді Сығай зәңгі.
– Ой, батыр! – деді Таңжарық сөзге араласып, – Өрт жүрді жерге пәле тау жанатын, адам жоқ бұдан бүгін сау қалатын, – Өлеңдетіп жіберіп, – Жаңа Сықаң айтқандай бұл жерде жатып құр кіжінгеннен ештеңе шықпайды. Сабыр ете тұрайық. Атой салатын күн туады әлі...
– Ой, дүние-ай! – Құдабай алақанын ысқылап, – Тезірек келсе екен сол күн! Мінсем бір атқа сайланып!..
– Халық әбден тығырыққа тіреліп, ширығып бітті. Дәл қазір бәріне бір ұйымдастыру жетпей жатыр-ау, құдай біледі, – Сығай зәңгі ойлы қалыпта, – Іле мен Алтай арасы жалғасса...
– Міне, міне! Бұлар осыдан қорқады, – деді Қами, – Іле мен Алтайдың жалғасып кетуінен, тіпті бар қазақ бірігіп кете ме деп үрейленеді. Жаңағы Құдабай сөзі де тегін емес. Баркөлден бұлар әбден запыс болған. Тағы да солардан бірдеме шығып кете ме деп ойлайды.
– Қазақ қана емес, Шыңжаңдағы ұйғыр, дүңген, сібелер де біріктірсе, көтерілуге дайын отыр. Әттең, сол ұйымдасу жетпейтін сияқты. Солай ма, Қасым? – деп Қапас әңгімені оған тірегендей ойлана қарады.
– Ойбай-оу, о не дегеніңіз, Қапас аға, – Қасым да әрең отыр екен, – Өздеріңіз білесіздер, ұйғыр халқының бұларға қарсы көтерілгеніне көп жылдар болды ғой. Сол, өздеріңіз айтқандай, біресе алданып, біресе арбалып дегендей келе жатыр. Жақсылап ұйымдастырса, күш біріктірсе, бірдеңе шығар еді. Бастары бірікпейді. Содан барып мыналар біріне бірін айдап салады...
– Тура айтып отырсың, бауырым, –Таңжарық құптай сөйледі, – Қасым сен өзің неден қолға алындым деп едің?
– Сол баяғы үкіметке қарсылық көрсеткен ұйымға қатысқаным үшін.
– Е-е. Иә. Жарайсың! Алған бетіңнен қайтпа! Жастардың бәрі сендей болса, халық рухы төмендемейді. Жігеріңді жани бер, бауырым! – Таңжарықтың қошемет сөзіне риза болған Қасым шындығында жігерлене сөйлеп кетті:
– Жастар оянғалы қашан, Таңжарық аға! Ұйғырдың оңтүстіктегі қалаларында жастардың әлденеше көтерілісі болды. Бірақ әлі сол өзіңіз айтқандай, жақсы ұйымдаспағандықтың кесірінен нәтиже шығара алмай, босқа қырғынға ұшырады. Білмеймін не боларын?!
– Қамықпа, Қасым, бауырым! Жеңіске жетудің жолы жеңілістермен бұралаң. Әлі алдымыздан қасқайып даңғыл жол ашылады. Біз жеке-жеке жүріп, ешуақытта жеңіске жете алмаймыз. Біріксек қана, жұдырықтай жұмылсақ қана ешкім қарсы тұра алмайтын ұлы күшке айналамыз. Мына қапастан аман-есен шықсақ, біздің де таңымыз атар! Келеді түн орнына жарық сәуле!..
– Жақсы сөз айттың-ау, Тәкен! – Сығай зәңгі риза болып, – Ырыс алды – ынтымақ. Бізге керегі сол! Сонда ғана мына меңіреу түнді серпіп шығамыз. Таңымыздың атқаны сол! – деді.
– Иншалла, айтқаныңыз келсін!
– Жарайсың, Таңжарық!
– Сол таң тезірек атса екен!
– Көңіліміз көтеріліп қалды-ау! «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы-ау! – десіп камера іші дуылдасып барып басылды.
Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ.