• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2011

Сессия жұмысы қорытындыланды

363 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің ғимаратында қос палатаның бірлескен отырысы өтті. Оның жұмысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов және өзге де Үкімет мүшелері және арнайы шақырылған жоғары лауазым иелері қатысты. Бірлескен отырыста Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жа­нов сөз сөйледі. Күн тәртібіне қойылған мәсе­ле төртінші сайланған Парла­мент­тің төртінші сессиясының жа­былуы және парламенттік каникул болды. Ол бойынша өзге­лей ұсыныс болмағандықтан, күн тәртібі бірден мақұлданып, сессия жұмысын қорытындылау үшін мінберге Мәжіліс Төрағасы көтерілді. Парламент бүгін сессия жұ­мы­сын аяқтай отырып, өз тари­хын­дағы тағы бір белестен асты, деп бастады сөзін Орал Байғо­ныс­­ұлы. Осыдан он ай бұрын, сессияны ашарда, Мемлекет бас­шысы Парламент депутат­та­ры­ның сындарлы жұмысын атап өт­кен еді. Осы арқылы жұмысы­мыз­ға жаңа серпін берген Елбасы заң шығару қызметінің басым бағыттарын да айқындаған бола­тын. Ал бүгін қоғам назарына ұсы­нылып отырған жұмыс қоры­тын­дылары Президент алға қой­ған міндеттерді Парламент негізінен орындап шықты деп айтуға мүмкіндік береді. Осы сессияда Парламент қор­жы­нында барлығы 190 заң жо­ба­сы болды, олардың 141-і қабыл­дан­ды. 107 заңға Елбасы қол қой­ды, деген баяндамашы атқарыл­ған жұмыстарды сала-салаға бө­ліп тұрып саралады. Экономикалық әлеуетті ны­ғайту дегеніміз, түптеп келгенде, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап көрсеткен Төраға бір мезгіл бюд­жетке тоқталып, біз оның әлеу­меттік сипаты басым болуына қол жеткіздік, ондағы шығыс­тар­дың шамамен 40 пайызы әлеу­меттік бағдарламаларға жұмса­ла­тын болды. Сондай-ақ, депутат­тар­дың бюджетке енгізген түзе­ту­лерінің арқасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыз сумен қамтамасыз ету, агро­өнер­кә­сіп кешені саласындағы мемлекеттік және салалық бағдар­ла­ма­лар­ды қаржыландыру да ай­тар­лықтай ұлғайтылды, деді. Ал елімізді үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамыту­дың 2010-2014 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы бойынша оны іске асыруға 2 трлн. 644 млрд. теңге бөлінетінін айтқан Төраға, экономиканың мық­ты тірегі мұнай-газ саласына қатысты заңдар турасында баян­дамасын жалғады. Парламент депутаттары өз­де­рі бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналысы сала­сын­дағы жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» тағы бір заңды қабылдады. Бұл заң мұнай және мұнай өнім­дерінің айналысы саласындағы тәртіп бұзушылықтар үшін жауап­тылықты күшейтіп, осы саладағы қылмыстардың алдын алу мен жолын кесудің тиімді құқықтық тетіктерін жасады. Осы арқылы мұнай-газ құбырларынан мұнай ұрлауға, қылмыстық жолмен өн­дірілген мұнайды сатып алу мен өткізуге берік тосқауыл қойылды, деген О.Мұхамеджанов аграрлық сектор мен бизнесті қолдау бойынша да қабылданған заңдар­ды атап өтті. Бұл орайда дүниежүзілік банктің 2010 жылғы баяндамасында біздің еліміз бизнестің мүдделері жолында реформалар жасау жөнінен көшбасшы ел ретінде танылғанын атап өту қажет», деді Мәжіліс Төрағасы. Сондай-ақ О.Мұхамеджанов Елба­сы­­ның тапсырмасы бойынша зейнет­ақы деңгейін арттыруға бағытталған «Қа­зақстан Республикасында зейнет­ақы­мен қамсыздандыру туралы» Заңға өзгерістер енгізілгеніне тоқталып, со­ның негізінде осы жылдың 1 қаң­тары­нан зейнетақылар мен шәкіртақы мөл­ше­рі 30 %-ға өскенін, ал 1 шілдеден бас­тап бюджет саласы қызметкер­лері­нің жалақысы осындай мөлшерге ұл­ғая­тынын да айтты. Сонымен қатар, соң­ғы 10 жылда мұғалімдердің жал­а­қы­сы – 5 есе, дәрігерлердің жалақысы 7 есе өсті. Осы кезеңде зейнетақының орташа мөлшері 6 есе өскенін де айта кеткен артық болмас. Отандық білім беру сапасын артты­ру мақсатында «Назарбаев универси­те­ті­нің мәртебесі туралы», «Назарбаев зият­керлік мектептері» және «Назарбаев қоры», сондай-ақ «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы» заңдар қабылданды. Бұл заңдар­мен осы оқу орындарына барынша дербестік және академиялық еркіндік берілді, сондай-ақ оларды қамқоршылық кеңестер арқылы басқару жүйесі енгізілді. Сессия барысындағы тағы бір ма­ңыз­ды сала құқық тәртібі мен заңды­лық­ты нығайтуға байланысты жүргізіл­ген ауқымды жұмыстар болды, деді Төр­аға. Баяндамада қамтылған осы са­ладағы барлық заңдарды тізбелемеген­нің өзінде нормативтік құқықтық актілер ішінен сот жүйесі және судья­лар­дың мәртебесі, Жоғары Сот Кеңесі, құ­қық қорғау қызметі, бизнес пен меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл, қылмыстық заң­на­маны ізгілендіру мен қылмыстық процестегі заңдылық кепілдіктерін күшей­ту, ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сын­дағы қызметін жетілдіру мәселелері ту­ра­лы бірқатар заңдарды, сондай-ақ мүл­дем жаңа – «Медиация туралы» Заңның қабылдауының өзі біраз жайды аңғартқандай. Төртінші сессияда халықаралық қа­тынастар бойынша заң шығару жұмы­сының көлемі де өте ауқымды көрінген. Төрағаның айтуынша, жетпістен астам халықаралық шарттар мен конвенциялар және келісімдер ратификация­лан­ған. Осылайша Парламенттің заң шы­ға­ру үдерісін жұртшылық назарына ұсын­ған Төраға осы жұмыстағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді де ортаға салды. Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының сапасы туралы қаншама айтылып жатқанымен, бұл мәселеде көңіл көншітерлік нәтиже жоқ деуге мәжбүр болып отырмыз. Заң жобаларына қатысты енгізілетін материалдар да тиісінше ресімделмейді. Нақ осы себептен өткен сессия ішінде Үкі­меттен түскен 130 заң жобасының 72-сі немесе жартысынан астамы алғаш келген кезінде тіркелмей, кері қайта­рыл­ды. Соның ішінде 28 жоба қазақ тіліндегі мәтінінің сапасына байланысты қабылданбады. Депутаттар Үкімет ұсын­ған заң жобаларының заңдық, ло­ги­калық, тіпті лингвистикалық және грам­матикалық сапасын өткір сынға алып жүргені белгілі, деді Орал Байғонысұлы. Ал Салық кодексіне жиі және көп­теп өзгеріс енгізу практикасының тұ­рақ­ты тенденцияға айналғанын айт­пауға болмайды. Мәселен, 2010-2012 жылдарға арналған Республикалық бюд­жетті түзетуге тікелей байланысты «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне салық салу мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сын қараған кезде Мәжіліс депутаттары оның бюджет процесіне мүлдем қатысы жоқ үлкен бөлігін алып тастады. Тиісті органдар бюджетті жоспарлау мен ат­қару жөнінде біршама жұмыс жүргізіп жатқанымен, олардың бұл саладағы қыз­меті әлі де жеткіліксіз екенін айт­пасқа болмайды. Мәселен, өткен жылы респуб­ли­ка­лық бюджеттің екі рет нақтыланғанына қарамастан, деп жалғады сөзін Төраға, 37 млрд. 500 млн. теңге игерілмей қал­ды. 41 бюджеттік бағдарлама әкімші­сі­нің 26-сы бюджеттің орындалуын қам­тамасыз ете алмады. Оның үстіне бюд­жет қаражатының игерілмеуі негізінен субъективті факторларға байланысты болғаны анықталды. Қаржылық тәртіп бұзушылықтардан келген шығынның сомасы да өскен. Мысалы, ішкі бақы­лау органдарының ақпары бойынша бұл сома 2009 жылы 14 млрд. 600 млн.теңге болса, 2010 жылы шамамен 90 млрд. теңгені құрады. О.Мұхамеджановтың сөзінен сон­дай-ақ мемлекеттік мүлікті тиімсіз әрі салғырт-салақ басқару салдарынан 43 акционерлік қоғам өткен жылды 40 млрд. теңгеге жуық шығынмен аяқта­ға­ны мәлім болды. Жалған мемлекеттік сек­тордың жарғылық қорын толық­тыруға 284 млрд. 700 млн. теңге бөлін­геннің өзінде осындай жағдай орын алып отыр екен. Оған қоса, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының се­нім­ділігін арттыруға әлі қол жеткізілген жоқ. Осы жайларды ескеретін болсақ, Үкімет жүйелі сипат алған кемшіліктерді терең зерделеп, қаржы тәртібін неғұрлым өрескел бұзатын атқарушы органдар басшыларына қатаң шаралар қолданатын кез келді деп ойлаймын. Үкіметтің Парламентпен екі арадағы қарым-қатынасқа арналған жуырдағы отырысы осы айтылған мәселелердің шешімін табу ниетінен туындаған болу керек. Үкімет тарапынан түсіністікпен жұмыс істеуге деген ұмтылысты қол­дай отырып, ел Парламенті халықтың мүдделеріне сай қызмет ету жолында биліктің барлық тармақтарымен сын­дар­лы ынтымақтастыққа әрдайым ықы­ласты екенін ашып айтқым келеді, деген Орал Байғонысұлы биылғы жыл­дың басты ерекшелігін – ел тәуел­сіз­ді­гінің жиырма жылдығын баса айтты. 3 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлаудағы Нұрсұлтан Назар­баевтың айқын жеңісі – іргелі істе­рі­міздің нақты дәлелі. Сайлаушылардың 90 пайызға жуығы сайлауға қатысып, олардың 95,5 пайызының Тұңғыш Президентке дауыс беруі Қазақстан халқы­ның бірлігін, сондай-ақ елімізге тән келісім, тұрақтылық және тағаттылық сияқты құндылықтарға және Елбасы­ның ұстанған бағытына халықтың адал екендігін айқын көрсетті. Осы уақыт ішінде Қазақстанмен бірге еліміздің жоғары өкілді органы да жетіліп келеді. Биыл біз қос палаталы Парламенттің 15 жылдық мерейтойын атап өттік. Бүгінгі күні Қазақстан парламентаризмінің сапалық тұрғыдан жаңа саяси-құқықтық құбылыс ретінде орнығып, өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдегенін сеніммен айта ала­мыз, деген баяндамашы сөзінің аяғын бірлесе жұмыс атқарған депутаттарға, уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек еткен екі палата аппараттарының қыз­мет­керлеріне, заң шығарушы органның қызметін жазып-көрсеткендері үшін Парламентте тіркелген журналистерге, Үкімет мүшелеріне, үкіметтік емес ұйым­дарға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ заң шығару процесіне атса­лыс­қандардың бәріне алғыспен тұ­жырымдады. Осылайша төртінші сессия өз жұ­мы­сын аяқтап, депутаттар каникулға кетті. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.