• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2011

Ұлтарақтай жердің үлкен дауы

609 рет
көрсетілді

Басқа жұртта қайдам, жер дауы біздің қазақтың қанына біткен қасиет сияқты. Олай дейтініміз, кешегі күнде, бүгінгі күн­де осы жерге қатысты дау-да­май толастамай-ақ қойды. Оның төр­кінін іздесең, түрлі себеп бар. Ұлтарақтай жерге таласқан екі жақтың да, оларға бір жерді бөліп берген әкімдік және басқа да тиісті мекемелердің де, тіпті, екі жақ жүгінген билері­міздің де кінәлары бар екенін байқауға болады. Және әу баста бас­талған сол дауды шиеленістірмей, керісінше екі жақты бәтуа­ластыруға тиіс әлгі айтқан мекемелер бұл мәселеге келгенде көңілсіздік немесе нем­құрай­дылық, тіпті жұмсарта айт­қанда жауапсыздық танытат­ын сияқты. Содан келіп ауылда бас­талған дау-дамай ауданда жалға­сып, кейін облысты шулатып, одан әрі айғайы Астанаға жетеді. Соны­мен дауласушы екі жақ та шаршайды, басқа жұрттың да жүйкесін жұқартады.  Бүгінгі мақаламызға арқау болып отыр­ған әңгіменің төркіні де дәл осындай дауға қатысты. Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғыны Есенжолов Жанаман «Егеменге» «еңіреп» отырып хат жазыпты. «Президентіміз елімізде орта және шағын бизнесті өркендету мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын бәріміз де жақсы білеміз. Мен де осындай мақсат­пен Алматы облысының сол кездегі әкімі С.Үмбетовке арыздан­дым. Мәселе жедел шешілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен Қарасай ауданының әкімі (бүгін­де марқұм) Б.Құтпанов менің арызымды қанағаттандырды. Ол өзінің маған жазған хатында «Қа­расай ауданы әкімінің аппа­раты облыс әкімі С.Үмбетовтің атына жазған өтінішіңізді қарап, монша, тойхана, құрылыс дүкені және столяр цехын салу үшін Шамалған бекеті Төлеби көше­сінен 0,10 га жер телімі берілгендігін, сіздің қолыңызға 2006 жылдың 12 сәуірінде жер учас­ке­сінің және объектінің орна­лас­қан жерін анықтау жұмысын жүргізуге рұқсат беретін қағаз­дың берілгендігін хабарлаймыз» деген мәтіндегі хат алдым. Көп ұзамай 2006 жылдың 31 тамы­зында Құтпановтың маған жер берілгені туралы қаулысы да шықты. Осы жерде айта кетейін деге­нім, мен сол кездегі облыс әкіміне де, аудан әкіміне де менің өтінішіме көңіл бөліп, қанағат­тан­дырғаны үшін ризашы­лы­ғым­ды білдіремін. Кейін сол қаулыда көрсетіл­гендей, жерді сатып алу жөнінде келісім-шарт жасап, ақшасын тө­ле­дім. Қарасай ауданының сол кез­дегі бас сәулетшісі Т.Ис­маилов­тың басшылығында комиссия құры­лып, бес бірдей мекеме басшысы қол қойған комиссияның рұқсат қағазын да алдым. Әуел баста маған берілген жердің үй нөмірі жоқ болатын. Жүгіріп жүріп Тө­ле­би көшесінің нөмірі жоқ үйіне 18 нөмірін белгіледі. Комис­сияға арналған әуе-фото картасынан кө­шірме де қолыма тиді. 2006 жыл­дың 7 шілдесінде менің атыма осы жер учаскесін беру жөнінде комиссияның шешімі шықты. Соңынан жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні алып, тиісті орындарға тіркеттім. Бірақ кейін «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шық­ты­ның» кері келді. Менің толық құжаттандырылған жерімді басқа біреу иеленіп кетті. Егер «Егемен Қазақстан» менің осы арызымды тексеріп, журналистік зерттеу жүргізсе, көп мәселенің беті ашылар еді...». Арыз иесі өтініш еткендей біз онымен кездестік. Ол бізді  айы­ры­лып қалған жеріне апарып көр­сетті. Үлкенірек бір үй және аула­сында үйшік тұрғызылған екен. – Мен бүкіл құжаттарымды дайындап бола бергенде елдегі бір туысым қайтыс болып, біраз күнге сонда кеттім, – дейді Жанаман Есенжолов, – қайтып келсем белгісіз біреулер мына кішкене үйшікті тұрғызып қойған екен. Зерттеп қарасам, сол жылдары  Жаңа-Шамалған ауылдық округінде сәулетші болып істеген Еламанов Русланның әйелі Тілеген Ақтолқын менің жер учаскеме сырттан иелік етіп алыпты. – Сотқа жүгінбедіңіз бе? – Менің арызымда негізгі айтпағым да осы сот жөнінде еді. Қарасай аудандық сотының судья­сы У.Қасымованың солақай шешімі осы даудың ушығуына негізгі себепші деп есептеймін. Мен сотқа Алматы облысы­ның Жер қатынастары басқарма­сы­ның «Тилеген Актолкын Аб­д­рах­ман­кызы земельный учас­ток принадлежит на оснаваний решения акима Новошамалганского сельского округа от 23 апреля 2004 года за №4-18 и акт на право частной собственности №031606 площадью 0,1 га для ведения личного подсобного хозяйства, рас­поло­жен­ный по адресу Карасайский район, станция Шамалган, по улице Толеби дом б/н. Акт на право частной собственности №0316306, кадастровой  №03-047-533-777 из­готовлен ка­дас­т­ро­вым бюро Карасайского района участок не координирован. План участка полностью налагается на земельный участок выделенный гражданину Есенжолову Ж.» деген тайға таңба басқандай анықтамасын да өт­кіздім. Бұл анықтамаға судья пысқырып та қарамады. Осы аралықта дау-дамайға негіз болған учаскеге жаңадан үй тұрғызған жігітпен де кездесудің сәті түсті. Оған бірнеше сұрақ қойдық. – Сіз жерді кімнен сатып алдыңыз? – Мен 10 мың АҚШ дол­ларына бұл жерді сатып алдым. Жерді маған сатқан адам Әлім­баева Зәуреш. – Учаскеңізді құжаттастыр­ды­ңыз ба? – Бір жылға таяу уақыт болды сатқан адам маған әлі бұл жерді құжаттастырып бере алмай жа­тыр. – Сонда үйді не үшін және қалай тұрғыздыңыз? – Ол кісі менен ақшаны алған­нан кейін «Қазірше нотариус ар­қылы келісім-шарт жасайық, кейін бүкіл құжаттарыңызды жасап беремін» деп ант-су ішкендей болды.  Мен сол сөздерге сеніп, маңдай теріммен тапқан табы­сыма осы үйді тұрғыздым. Жер­дің даулы екенін білгенімде сатып алмаған болар едім... Біз сол күні жерді сатушы Зәуреш Әлімбаевамен де кездестік. Ол кісі бұл учаскеге қатысты бүкіл құжаттардың бар екенін, көшірмесін жеткізіп беретінін айтты. Бірақ сол күні де, ертесіне де ол кісіден хабар бол­мады. Әлде құжаттары толық емес немесе белгісіз біреулерге деген үлкен сенімі бар сияқты. Мүмкін журналистің қолынан не келер дейсің, дегендей менсінбестік те болуы да мүмкін. Аталған даулы учаскенің тіркелімін тексеру мақсатында біз Қаскелең қаласына келіп, Ал­маты облыстық Әділет департа­ментінің Қарасай ауданындағы халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғына сұрау салдық. Біздің сұрағымызға «Қа­ра­сай ауданы, Жаңа-Шамалған ауыл­дық аума­ғы, Шамалған стан­сасындағы Төлеби көшесі нөмірі 18-ші үй орналасқан учаске Есенжолов Жоламанға тиесілі» деген анық­тама берді. ...Біз жоғарыда айтқандай, мұндай даудың төркініне үңіліп қарасақ, түрлі себеп бар. Журналистік зерттеу жүргізген осы даудың да салдары жеткілікті. Енді дауласушы екі жақ қана емес, оған жапа шегуі мүмкін үшінші жақ қосылғалы тұр. Ол  – бүгінде сол учаскеге бар тап­қан-таян­ға­нын салып үй тұрғыз­ған құжа­т­сыз қожайын. Ұлта­рақ­тай жердің дауы ушығып-ақ тұр. Оның ас­қынбауы үшін, осы дауға әу баста әділ шешім шығаруға тиіс аудан­дық соттың судьясы У.Қасымова­ның әрекеті де тексеруді талап ететін сияқты. «Мен осы даудан әбден шаршап, соттан көрген қорлық­тан жүйкем жұқарып, бә­рі­не қолды бір сілтеп қоя қойсам деп едім. Жоғарғы Сотқа келген жаңа Төрағаның айтқан сөздерін естіп, әділдікке деген сенімім қайта оянғандай болды. «Егеменге» арыз жазуымның себебі де сол еді», дейді Жанаман Есенжолов. Біз арыз иесі Есенжолов Жа­наманның жанайқайы тиісті орындардың құлағына шалынар ма екен деген оймен осы мақа­ланы жаздық. Шарафаддин ӘМІР.