• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Алтын ғасырдың «Алтынтауы»

474 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада өткен «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты форум-көрме еліміздің экономикалық өрлеуін айшықтаған айрықша оқиға болды. «Қазақстандық қамту- 2011» көрмесіне таңдау түскен 139 тауар өндіруші мен қызмет көрсетушілердің тауарлары ұсынылуы, Елбасыға 114 миллиард теңгенің 75 инвестициялық нысаны таныстырылғаны отандастарымызды мақтаныш сезіміне бөледі. Бұл, Елбасы айтқанындай, стратегиялық маңызы бар индустриялық саясаттың алғашқы кезеңінің қорытындысы әрі әлемнің озық 50 елінің қатарына біртабан жақындай түскенімізді білдіретін биік бағам.   Нұрсұлтан Әбішұлы экономикадағы өсімнің 7 пайызын 2010 жылы іске қосыл­ған жаңа кәсіпорындар қамтамасыз еткендігіне риза көңіл білдіріп, мұнда астаналық Ақмола облысының үлесі салмақты екендігін атап өтті. Облыс 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде жалпы құны 649 миллиард теңге­нің 31 жобасын қамтитын инвес­ти­циялық әлеуетті құрып отыр. Серпілістің алғашқы жылында 15 жоба іске асырылса, биылғы меже – 16. Ақмола­лықтар атынан көрмеге 4 кәсіпорын қатысып, биылғы жартыжылдықта өнім бере бастаған 5 нысанның жұмысы таныстырылды. Бұлардың әрқайсысының өңір тіршілігін жандандырудағы орны ерекше. Солай десек те, «Алтынтаудың» аты бөлек шығып тұра­тындығы белгілі. Мемлекет басшысының республикалық форум-көрмеде әлемдік дең­гейдегі жаңа кәсіпорынның аяқ алысын үлгі етіп сөйлеуі, осымен сабақтастырып, елімізде алдағы кезде жылына 70 тонна алтын өндіру міндетін қоюы кездейсоқ емес. Қазақстанда 120 алтын кен орны болса, Үкіметке осынау өндіріске қатысты бір­ыңғай зауыт құрып, сапалық көр­сеткіш­терді жақ­сартуға тапсырма берілді. Бұл көкшеліктерге көңіл өсірер жауапкершілік жүктейтіндей. Бұрын ол Васильков тау-кен байыту комби­наты аталатын. Ел­басы Н.Назарбаев был­тырғы 28 мамырда алтын айы­ру фабрика­сын өз қо­лы­мен іске қосқан сал­та­натты сәтте бола­шақ­тың кәсіпор­ны­на «Ал­тын­тау-Көкше­тау» атауын беру ж­ө­нінде ұсыныс жасаған еді. Бүгіндері жұрт ау­зында «Алтын ға­сыр­дың «Ал­тынтауы» деген сөз де жиі айтылады. «Астана күні» мере­ке­сінің ертеңінде «Ал­тынтауға» асықтым. Көк­­шетаудың кез-келген шағын ауданынан ар­найы автобустар ағылып тұрады. Жа­нымдағы көршім сөз бастады. – Танымадыңыз ба? Сөмкемде газетіңіз бар. Сәуле Азнабаевамын, – дейді президенттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген инженер қыз. Съезге тати­тын форум-көрме болды. Елбасының: «Ин­дустрия­лық-инновациялық бағдарлама серпінмен басталды. Мұны мен мемлекет пен тәуелсіздікті құрумен маңызы бірдей мемлекеттік тапсырма деп есептеймін. Біз әлемдік инновациялық экономикаға қосы­луы­мыз керек... Әлем қазіргі күні бесінші техноло­гия­лық төңкеріс қарсаңында тұр», деген сөздері бүгінгінің ертеңге өлшем болмай­тындығын ескерткендей. Шындығында, ізденістен танбағандар ілгері баспақ. Қырық жылдан астам тарихы бар өндіріс орны күрделі бұралаң белесті бастан өткерді. Алып кешеннің жұмысы тоқтап қалған кездер де болған. Соған қарамастан, 1991 жылы кен орнында ТМД-да алғаш рет кенді үймелеп ұсақтау тәсілі қолданылды. Ол алтын айыру деңгейін көтеріп, кәсіпорын тиімділігін арттырады деп күтілді. Әйткенмен, аталған әдіс табиғи қоры біртіндеп азайып келе жатқан қышқыл құрамды кеннің тиімді өңделуін қамта­ма­сыз еткенімен, қорлануы жөнінде мейлінше сенімді сульфид кенін қайта өңдеу үшін жаңа технологияларды және қомақты инвестиция жұмылдыруды алға тартты. Компанияның бұрынғы басшылары 2003-2006 жылдары жаңа алтын айыру фаб­рикасын салуға талпыныс жасап көрген, бірақ әртүрлі себептермен, ең бастысы, за­ма­налық технологияның жоқтығынан құ­ры­лыс қолға алынбай қалды. Осының сал­дарынан кеніштен өзі құрылған күннен бастап 2006 жылға дейін бас-аяғы 11,5 тонна қымбат металл мен 14,3 миллион тонна кен алынды. Президенттік бағдарлама шарапатымен кеніште түбегейлі қайта құру жұмыстары басталды. Бұл іске 60 миллиард теңге немесе 700 миллион доллардан астам инвестиция жұмылдырылды. Көптен күткен алтын айыру фабрикасының құрылысы 2008 жыл­дың сәуірінде басталып, 2009 жылдың төртінші тоқсанында аяқталды. Мұндай сер­піліс әлемдік тәжірибеде болмаған. Әдет­те мұндай нысандарды пайдалануға беруге орта есеппен бес жыл уақыт жұм­салады екен. Қайтарым көкейдегі есептен асып түсті. Білікті мамандардың сараптауынша, атал­ған нысанның толық қуатына енуімен жы­лына 8 миллион тонна шикізат өңдеуге мүм­кіндік туады, ал алынған жалпы кеннің көлемін 122,3 миллион тоннаға жеткізу жос­парлануда. Мұнда қазірдің өзінде жы­лына 13-14,5 тонна алтын өндіру белгіленген немесе кенішті пайдаланудың барлық кезеңінде 215 тонна алтын алу жөнінде тұ­жы­рым жасалуда. Бұл өткен кезеңдердегі көрсеткіштерден 10 есе артық деген сөз. Бас маркшейдер Виктор Хайков өнді­ріс­тік үдерістегі негізгі өзгеріс құрамында алтыны бар кенді қайта өңдеу кезінде оны үймелеп үгітуден бас тарту және алтын айыру барысындағы дәстүрлі тәсілдермен бірге күрделі әрі кешенді технологияны енгізу екендігін айтады. Ол флотация, гравитация және циандау тәсілінен көрініс береді. Жаңа фабрика 600 атаудан тұратын, көп­теген көрсеткіштері бойынша зама­налық озық құралдармен жабдықталған. Бұлар негізінен Канада, Австралия, АҚШ, Болгария, Швеция, Финляндия, Германия, Италия және Ресей мемлекеттерінен жеткізілген. Кен өндірісі паркінің жабдықтары толық алмастырылды. Қазір мұнда Америка, Жапония, Швецияның сыннан өткен зама­налық 67 дана тау-кен техникасы жұмыс істеуде. Бұл техникалардың жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Әрине, мұндай озық технология мен жабдық­тарды басқару жоғары біліктілікті талап ете­ді. Бүгінгі күні комбинат құрамында 1950 адам бар. Былтыр 1000 адам кәсіби даяр­лықтан өткен. Жалпы, компания 2007 жылдан бері кадр­ларды оқыту мен қайта даярлауға 2 миллион долларға жуық қаржы жұмсағаны бола­шақтың беріктігін аңғартады. Сондай-ақ, акционерлік қоғам ұжым мүшелеріне еңбек және әлеуметтік қолайлы жағдайлар туғызуға, экологиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге айрықша кө­ңіл бөледі. Осы мақсат­тарға 4 миллион доллар инвестиция тартылғаны сөзіміздің дәлелі бол­мақ. Кәсіпорыннан қайтар сәтте Елбасы Н.Назарбаевтың айшықты етіп жазыл­ған мынадай сөздері көзіме түсті: «Әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс азулы мемле­кеттердің өзін теңсел­тіп тұрған кезеңде біз жаңа кәсіпорындар са­лып жатырмыз. Астана­лық Ақмола облысында бүгін шын мәніндегі “алтын зауыт” пай­далануға берілді». Баталы тілектің аста­рында «Алтынтау-Көкшетау» АҚ ұжымын алға бастар, ел игілігін еселеуге жігерлендірер қуат қайнары жатқанын аңғардым. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.