Орал өңірінде биылғы бірінші жартыжылдықта іске қосылған инвестициялық жобалардың арасында газ айдау агрегаттарына арналған турбиналы және компрессорлы қалақтар өндірісінің орны айрықша. Осы арқылы ол еліміздің индустрияландыру картасының бел ортасынан ойып орын алып отыр. Сонымен бірге жаңа өндіріс соңғы кезде өріс ала бастаған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асырудағы іргелі қадам болуымен де ерекшелене алады.
– Аталмыш жобаны өндіріске енгізу арқылы республикада тұңғыш рет турбиналы және компрессорлы қалақтар шығару мүмкіндігі жасалды. Оған германиялық қондырғылар қойылған. Ең бастысы, ол сандық жүйе арқылы басқарылады. Әлемдік өлшемдерге сай келетін жаңа жоба ірі кәсіпорындардың маңайынан шағын және кіші өндірістер құру жөніндегі Елбасы тапсырмасына сай іске асты, –деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев.
Елімізде баламасы жоқ бірегей жобаның тағы бір артықшылығы – аса қатты, мызғымас металдарды өңдеуге жол ашатындығы. Осы күрделі үрдіске қолданылатындығы. Осынау теңдесі жоқ шетелдік қондырғыны өндіріске орнықтыру арқылы мұнтаздай тазалықтың шын мәніндегі жоғарғы сатысына және металды өңдеудің микрондық дәлдігіне қол жеткізуге болатындығы өз алдына бір бөлек әңгіме.
Жаңа технологияның соңғы үлгісі бойынша жұмыс істейтін нысан өндірісшілерден жоғары біліктілік пен кәсіби шеберлікті қажет ететіні айтпаса да белгілі. Осы орайда мұнда биік өндірістік талаптар деңгейіне жауап бере алатын қазақстандық мамандардың жұмыс істеп жатқанын атап айтуға тұрарлық мәселе. Олардың бәрі де Германияда арнайы оқу курстары мен әзірліктен өткізілген.
Турбиналы және компрессорлы қалақтар өндірісі тұтастай ел өнеркәсібіне нендей үлес қосып, нендей ықпалын тигізе алады? Бұл сауалдың жауабы да мейлінше қарапайым. Әрі оған қайтарылар жауап та қазірдің өзінде әзір деуге болады. Яғни республикадағы сарапшы мамандар жоғарыда аталған өнім түрі бойынша жаңа инвестициялық жоба Қазақстанның ұлттық компанияларының қажеттілігін толықтай өтей алады деп ұйғарым жасап отыр. Сонымен бірге оны экспортқа шығарудың тиімді де оңтайлы жолдары қарастырылған.
Дәл қазіргі күні жаңа өндіріс өнімі, соның ішінде тепловоздардың двигательдеріне арналған қалақтар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа жөнелтілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта турбиналы қалақтармен «Интергаз Орталық Азия» АҚ жүйесін жабдықтау жағы да ойластырылған дейді мұндағы өндіріс жетекшілері.
Бірегей өндіріс орнының жылдық өндірістік қуаты бес мың дана турбиналы қалақтар шығаруға лайықталған. Мұны құндық ұғым-түсінікке сайғанда 600 миллионнан астам теңгені құрамақ. Жобаның құны 414 миллион теңге. Тауар өндірудегі қазақстандық үлестің көлемі жетпіс пайыз құрайды. Бүгінгі күнге дейін жаңа жұмыс орнында үш мыңнан астам турбиналы қалақтар шығарылған. Егер осы қарқынынан төмендемесе, жобаны іске асырушылар жылдық межені артығымен алатыны аңғарылады.
Түйіп айтқанда, инновациялық өңірде тұсауы кесілген қанатқақты инвестициялық жоба импортталатын тауарлар көлемін едәуір қысқартуға жол ашты. Сонымен бірге экспортқа лайықталған өнімдердің үлес салмағының артуына алғышарттар қалады. Бұған қоса жаңа жұмыс орындары ашылуына әрі салықтық түсімдер арқылы бюджет қоржынын толықтыруға септігін тигізді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Батыс Қазақстан облысы.
Суретте: жобаға сәйкес орнатылған қондырғы.