Таяуда ХХ ғасырдың соңғы жылдары қазақ спортының табалдырығын имене аттап, төрінен орын алған талантты спортшыларымыздың бірі Александр Винокуров үлкен спортпен қоштасты.
Париж госпитальдарының бірінің алдында қаумалаған француз журналистері. Бәрінің сағаттар бойы күтіп отырған бір адамы есікке жақындап, оны айқара аша бергенде пысықай журналистердің бірі қалың топтың арасынан суырылып шығып, аман-саулық сұрасқан соң, «Ендігі жоспарыңыз қандай, үлкен спортта қаласың ба?» деген сұрағына: «Спорттан кетемін», деген бір ауыз сөз жауабын алды. «Тур де Франс» көпкүндігі жарысында жарақат алып, бірнеше күн госпитальда емделіп шыққан Александр Винокуровтың журналиске берген жауабы сол күні, сол сағатта бүкіл әлемді шарлап, қазақ даласына да келіп жетті. Енді біздің маңдайымызға Винокуровтай велошабандоз жазыла ма, оны бір Жаратқанның өзі білетіні сөзсіз. Ал ол дәл бүгінгідей үлкен жарыста жарақат алып, оны соңына дейін аяқтамай кетемін деп ойлаған жоқ, әрине. Оның бар ойы– «Тур де Франста» соңына дейін жарысып, сәті түссе еліміздің намысын бір қорғап, көк байрақты Елисей алабында көкке көтеру болатын. Тағдырдың жазғаны солай болды ма, енді Саша велоспортшы емес, енді ол «Астана» командасының бас тізгіншісі, менеджері. Мұның өзі де, қазақ командасына Жаратқанның берген тағы бір жақсылығы, шарапаты шығар. Енді «Астананың» бүкіл тактикасы жылдар бойы талай жарыстарға қатысып, шыңдалған Винокуровқа байланысты болады.
Винокуровтың үлкен спорттағы алғашқы жеңісі 1999 жылы болды. www. wikipedia. org сайтына қарағанда, осы жылы ол «Критериум дю Дофине» жарысының жеңімпазы атанса, келесі жылы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері болды. Одан кейін Александр жыл сайын үлкен жарыстарда жетістіктерін қайталап отырды. 2001 жылы Германия турында, 2002 жылы Париж – Ницца турында мәреге бірінші келсе, 2003 жылы тағы да Париж – Ницца, Швейцария турында, «л’ Амстель Голд Рейс» біркүндігінде бас жүлдеге ие болды. Сол жылы «Тур де Франста», 2004, 2006 жылдары әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2005, 2010 жылдары Льеж – Бастонь – Льеж біркүндігінде, Вуэльта жарысында мәреге бірінші келсе, биыл Романдия туры мен «Критериум дю Дофине» велобәйгесінде үшінші орынға табан тіреді.
Винокуров үлкен спортта мына командаларда өнер көрсетті. 1998 – 1999 жылы «Casino», 2000 – 2003 жылдары «Team Telekom», 2004 – 2005 жылдары «T-Mobile», 2006 – 2011 жылдары «Astana». Атақты спортшының өмірінде бір ғана өкініш болды деп ойлаймыз. Ол бүгінгінің «Қотыраштары» мен «Батыраштарының» ту сыртынан атқандай жала жауып, «Құлагердей» алысқа шапқан спортшының алдын орап, аяғына тұсау салғаны деп білеміз. Бірақ өмірдің талайын көрген Винокуровтың атағына бұл нәрсе кір келтірген жоқ. Қайта оған жала жабылып жатса, оның жолын кескісі келетін адамдардың бар екені, ал Винокуров соған шыдап жүрген шын мықтының өзі екенін көрсетіп берді.
Дастан КЕНЖАЛИН.