• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2011

Табиғат аялағанды сүйеді

1042 рет
көрсетілді

Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты  қадағалау саласында еңбек етіп жүрген ор­ман­шылардың әр күні  мазасыз да қарбалас тірлікке толы екені айтпаса да түсінікті. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспек­циясының мамандарын әңгімеге тартып, атқарылған шаруалар, алдағы міндеттер жайлы ой-пікірлер бөліскен едік. Мылтық асынғанның бәрі аңшы емес Қанат ОМАРОВ, жануарлар дүниесін  қорғау және бақылау бөлімінің бастығы: – Облыста 16 аңшылықты пайдалану­шыға қарасты 31 аң аулау шаруашылығы жұмыс істейді. Оларға 7602,1 мың гектар жасыл желекті алқап  бекітіліп берілген. Бұдан тысқары республикалық және об­лыс­тық маңыздағы 6 мемлекеттік табиғи, зоологиялық қорықтар және «Көкшетау» ұлттық паркінің бөлімшесі орналасқан. Біздің бөлімге аңшылық жұмыстарына бақылау жасау, жабайы аң-құстарды қорғау міндеттері жүктелген. Жергілікті жерлердегі қызметімізді 120-ға жуық егерьлер мен аңшылар  арқылы үйлестіріп отырамыз. Табиғаттың көркі де, сәні де – аң мен құс.  Жүгірген аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын Қызылжар өңірін олардың көптеген түрі мекендейді. Бұғы, қабан, марал, елік, түлкі, қоян, суыр, құндыз, құр, үйрек, қаз секілді аң-құстар кең таралған. Осылардың  бәрін қосып  есептегенде 700 мыңнан асып жығылады. Былтыр заңсыз аңшылықтың 139 оқиғасы тіркелді. Келтірілген залал 3,5 миллион теңгені құрады.  29 суық қару тәр­кіленді.149 хаттама тол­тырылып, 82 айыппұл салынды. 31 материал сот орындарына жолданды. 19 тұяқты жабайы хайуанды қанға бөктірген браконьерлерге қатысты 17 қыл­мыстық іс қозғалды. Алайда, атқарылып жатқан қыруар шара­ларға қарамастан, тойымсыз бра­коньер­ліктің жолы кесілді деуге әлі ерте. Заңды белден басып, табиғаттың шырқын бұзу оқиғалары азаюдың орнына көбейіп бара жатқаны алаңдатады.. – Сонда ешкімнен сескеніп, айылын жыймай ма? – Олар әбден әккіленіп, қуланып алған. Арам пиғылды ойларын жүзеге асыру үшін күнілгері жоспар құрып,  жан-жақты сай­ла­нып шығады. Соңғы үлгідегі техникалармен, құрал-жабдықтармен, шетелдік жүр­дек көліктермен  қаруланған жандар оңай­лық­пен ұстата қоймайды.  Аң-құсқа қырғи­дай тиетін браконьерлікпен күрестің қиын­дығы да осында. Былтырлары  «джип» мінген  бір топ петропавлдық «арам аңшылар» 9 жабайы қабанды сұлатып салған жерінен ұсталды. Тергеу амалдары барысында олар­дың араққа  сылқия тойып алғандары белгілі болды.  Екіншіден,  қорықшылық қызмет атқаратын қызметкерлерімізге  күдіктілерді тоқтату, тексеру, ұсталған жағдайда қару-жарақты тәркілеу сияқты өкілеттілік берілмеген. Үшіншіден, қызметтік қарумен қам­тамасыз етілмеген. Бір сөзбен айтқанда,  техникалық жабдықталу мәселелері әлі күнге дейін талапқа сай шешілмей отыр. Төр­тіншіден, мемлекеттік инспекторлар мен қорықшылардың, егерьлердің құқық­тық мәртебесін көтеру де көңіл аударуды қажет етеді. Егерьлеріміз С.Зимин мен В.Едо­менконың табиғатқа үлкен шығын келтірген браконьерлердің шабуылына  ұшырап, ұрып-соғу, дене жарақатын алу оқиғасын еске алсақ, жетіп жатыр. Бастапқыда сот солқылдақ үкім шығарып, тек прокурату­ра­ның табандылығының арқасында ғана  әділ жазаларын алды. Тағы да қайталап айтамыз, браконьерлікке қарсы  заң талаптарын қатаңдатпай бол­майды. Біз негізінен «Әкімшілік құқық бұзу­шылық» Кодексіне сүйене отырып шара қол­данамыз. Ондағы  298 бапқа («Заңсыз аң аулау») өзгерістер енгізіліп, айыппұл мөлшері  еселеп көбейтілсе дұрыс болар еді. Сонда аяқтарын аңдап басар ма еді? – Биыл аң мен құсқа мылтық кезеген браконьерлердің қаншасы құрықталды? – Тиісті орындармен  рейдтер ұйымдас­тыру нәтижесінде жарты жылдың ішінде 72 заңсыз аң аулау фактілері әшкереленді.  19 ату қаруы тәркіленді. 11 елікті сұлатып салған 3 қылмыстық оқиға тіркелді. Сот ар­қылы 1,5 миллион теңге айыппұл өндірілді. Табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен бірлесе отырып «Соколов» аңшылық шаруа­шылығы аумағында  елік атқан сезіктілерді қолға түсірген едік. Күдіктілер « рұқсатымыз бар» деп қанша жалтарып бақса да, аңшы­лықпен айналысудың белгіленген тәртіп-ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Бүгінде  9300-дей аңшы есепте тұр. Биыл 124 адам  қабылданды. Олар арнайы курстарда оқып, емтихан тапсырғаннан кейін ғана ар­найы куәліктер берілді. Мемлекеттік баж салығын төлеп тұруға міндетті. Әйтпесе, аң ау­лаудан шеттетіледі. Мылтық асынғанның бәрі  аңшы емес екенін ескерткіміз келеді. – Аңшылық құру тәртібі қалай реттеледі? Біз аңшылық шаруашылықтарымен келі­сім-шарт бойынша жұмыс істейміз. Олар өздеріне тиесілі аумақтарда аң мен құстар­дың қорғалуына, көбеюіне, қажетті азықпен қамтамасыз етілуіне  жауап береді. Аң-құс ау­лау Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің арнайы шешімімен жүргізіледі. Өткен жылы 579 елік,  18 қабан, 2 марал  атуға рұқсат берілсе, биыл жабайы  құстар мен  бағалы аңдарды аулауға 4160 бір реттік жолдама таратылды. Маусымдық аң-құс аулау да белгіленген ережемен жүзеге асы­рылады. Кей адамдардың осы  тәртіпке мо­йын­ұсына бермейтіні өкінішті. – Облысымыздың кей өңірлерінде түз тағылары  үй  жануарларына шабуыл жасап,  тыным бермей жүрген көрінеді. – Ондай жайттың Айыртау ауданында орын алғаны рас. Қаратал ауылдық округіне қарасты Сарыөзек елді мекенінде төрт аяқты жыртқыштар 8 тайды жаралап, 1 биені жа­рып кеткен.  Қаратал ауылында 23 қойды за­қымдап, 7-уі сеспей қатқан. Ә. Ыдырысовтың қорасында 11 қойды өлімші етіп жаралап, 6-уы жантәсілім еткен. Тиісті орындардың дабылынан кейін арнайы жасақталған бригада жіберіліп, бір қасқыр атып алды. Содан сап тыйылды ғой әйтеуір. Ел ішін алатайдай шулатқан осы оқыс оқиғаның жұмбағы көп. Жалғыз ғана жыртқыш осынша лаң салды дегенге  сену қиын. Тағыланып кеткен кезбе иттердің әрекеті де болуы мүмкін.   Орман – байлығымыз Роза ТІЛЕУОВА, орман  шаруашылығы саласын  реттеу және бақылау бөлімінің бастығы: – Қызылжардың сұлу табиғаты кімді болсын өзіне ынтықтырып, еліктіреді. Айнадай жарқыраған көлдер, сылдырай аққан бұлақтар, ақ қайыңдар аралы, орманды дала – мұның бәрі «пах,шіркін, жер жәннаты осы ғой!» дегізгендей. Сүмбіл ақ қайыңдар, желмен сыбдыр қаққан тал-терек, мәңгі жасыл қарағай-шырша жарыса аспанмен таласа өсіп, жасыл желекке оранған алқапқа өзгеше көрік, өң беріп тұр.  Облыс аумағының 7 пайыздайы ғана орманды алқапқа жатады. Шалқар, Айыртау, Арықбалық аймақтары ерекше қамқорлыққа алынған. Бардың өзін бағалап, қасиет-парқын қадірлей білгенге не жетсін, шіркін! – Ну орманымыз бен тоғайымыз өз дәрежесінде қорғалып отыр ма? – Мемлекет меншігінің талан-таражға түс­пеуіне жауап беру, қызметімізді соған сай үйлестіріп отыру – басты ұстанымымыз. Осы тұр­ғыдан алғанда, атқарылып жатқан шаралар баршылық. Десек те, ұлан-ғайыр алқапты бақылауда ұстаудың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары жоқ емес. Оның бір ұшы­ғы материалдық-техникалық базаның әлсіз­дігіне келіп тіреледі. Техникалар ескірген. Басқа салалармен салыстырғанда жалақы да төмен. Оның үстіне қазіргідей жадыраған жазда жұртшылықтың көп бөлігі орман-тоғай арасында демалуды, сейілдеуді ұнатады. Олардың арасында табиғатқа қамқор қолын созудың орнына жағымсыз  іс-әрекеттерімен бүлдіріп кететіндері  кездеспей қоймайды. Тілі жоқ демесең табиғат та тірі ағза сияқты. Бала  секілді аялағанды, әлпеш­те­ген­ді ұнатады. Бұл тұрғыдан алғанда, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша  ауқымды істер атқарылып, небір игі бастамаларға қозғау салғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімі С.Біләловтің ұсынысымен жер-жерлерде қа­нат жайған «Менің әсем қалам, менің әсем ауылым» акциясы аясында жасыл алқаптар көлемі ұлғайды. Адам елдің басты байлығы десек, өмір сапасын жақсарту қоршаған ортамен тығыз байланысты екенін естен шы­ғармаған абзал. Тіршілік нәріміздің арқауы – қоршаған орта, Табиғат-ана. Ауа, өзен-көлдер таза болса, орман-тоғай жайқалып тұрса –  жанға шипа, тәнге қуат. Меніңше, саламатты өмір салты, адамның өз денсаулығы үшін ынты­мақты жауапкершілік қағидаты  қор­шаған ортаны, табиғатты құрметтеуден бас­талады.  Адам табиғаттың төл перзенті, жара­тылысында ұқсастықтар көп,  Оларды бір-бірінен бөле-жаруға болмайды. Осы бір қарапайым қағидатты бойына сіңірген жанның туған жерге, атамекенге деген перзенттік махаббаты қалыптасады,  сүйіспен­шілігі  артады. Табиғаттың байлығына қол сұғуға ары жібермейді. Бізде экологиялық сауаттылық жағы әлі кемшін жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы  2011 жылды «Халықаралық орман жылы» деп жариялауының өзі мәселенің өзек­тілігін, проблеманың молдығын, ерте­ңімізге деген алаңдаушылықты байқатса керек. – Өрттің алдын алу, ағаштарды заң­сыз кесушілерге тыйым салу ша­ралары жөнінде не айтар едіңіз? – Орман алқаптарындағы өрт негізінен адамдардың салғырттығынан, немқұрай­дығы­нан орын алып жататыны шындық. Айыртау ауданына қарасты Бұрлық орман шаруашылығында тұтанған от 736 гектар жердің ағашын тып-типыл етті. Осындай өрт ошақтары Аққайың, Қызылжар аудан­дарында да орын алды.  Былтыр 121 өрт оқиғасы тіркеліп, 1416 гектар жерді жалмап кетті. Өрт қауіпсіздігі ережелері қатаң сақталмаған жерде келеңсіз жағдайларға жол берілетінін адамдардың ескере бермейтіні өкінішті. Басты мақсатымыз – өртті болдырмау, алдын алу. Бұл бағытта бірлескен рейд-тексерулер жүйелі ұйымдас­ты­рылып тұрады. Жұртшылық арасында тү­сінік жұмыстары да ширай түсті. Ағашты заңсыз кесушілерге де пәрменді  бақылау орнатылғанын айта кеткім келеді. Ұр­лықтары  ашыла қалған жағдайда қатаң жазаға тартылады. Бірде-біреуіне жеңілдік жасаған емеспіз. – Роза  Есмаханқызы,  сіз  әкеңіздің ор­маншылық жолын сәтті жалғастырып келесіз. Марқұмның жас ұрпаққа үлгі боларлық ерлік ісі ұмытылмасы анық. – Отбасымызға үлкен қайғы-қасірет әкел­ген ол кезеңді еске алудың өзі ауыр. Әкем небәрі 45 жасында қаза тапты. Жаңа жыл қарсаңында  балғын шыршаларды кесіп жатқан  қылмыскерлерді байқап қалып, Табиғат-анаға араша түскен. Мемлекет мүлкіне қол тигізбеуді  талап еткен. Амал не, қаскөйлер  қылмыс ізін жасыру мақса­тымен әкемді мерт еткен. Адалдықты, әділ­дікті өмір мұратына айналдырған таудай панамыздың кәсібін нәсібіме айнал­дыр­ғаныма еш өкінбеймін. Біздің салада орманшылық кәсіпті атадан балаға жалғастырып келе жатқан  әу­лет­тер баршылық. Мысалы, Байтеңі­зов­тар, Тупицындер, Төребековтер, Здоровец­тердің қай-қайсысы болсын мақтауға тұрарлық. Кейбірінің еңбек эстафетасы немерелеріне көшкен.

98 мың шаршы шақырымға созылып жатқан облыс аумағы  сирек кездесетін ора­сан табиғат байлығымен  сипатталады. Өсімдіктер мен жануарлар әлемінің мол қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуін қатаң қадағалаған сол­түс­тікқазақстандық орманшылардың биік межеден көріне беретініне сенгің келеді.

Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ. Петропавл.