• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2011

Күміс көмей диктор Сауықтың дауысын ел сағынып жүр

958 рет
көрсетілді

Қазақ радиосының күміс көмей дикторы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сауық Жа­қанованы білмейтін тыңдарман бүгінде кемде-кем десе де болады. Өйткені, оның сыңғырлаған әсем даусы құлағымызда жатталып қалған. Олай болатыны, кешегі кеңестік дәуірде әрбір шаңы­рақта радио сайрап тұратын. Ел астанасынан алыста, сонау шалғай ауылдарда тұратын тұрғын­дарға дейін Сауықтың түрін танымаса да, дауы­сын жазбай танитын. Студент кездерімізде арагідік Қазақ радиосына жолымыз түскенде Сауық­тың жүргізіп жатқан хабарларын тыңдап, ерекше әсерге бөленетінбіз. Осынау ғажайып өнер иесімен сонау сексенінші жылдардың орта шенінде Қазақ радиосының студиясында қатар отырып хабар жазудың сәті түскеніне бүгінде ризамын. Мен ол кезде облыстық радиода диктор бо­лып қызмет атқаратынмын. Мекеменің ұйға­ры­мымен 1985 жылдың төртінші ақпаны мен бірінші наурызы аралығында өндірістен қол үзе отырып, теледидар мен радио қызметкерлерінің білім жетілдіру курсында болған едім. Алматы қаласында қазақ теледидары мен радиосының және облыстық телерадио дикторлары, бәріміз бірге көркемсөз оқудың методикасы мен тәжіри­бесінен өттік. Курс жетекшісі, мәскеулік маман Н.Рекина мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның білікті ұстаздары дәріс беріп, көркемсөз оқудың қыры мен сырына қанық­тырды. Әсіресе, мәскеулік ұстаздың демді қалай алуға, үнді ерін арқылы, көмей арқылы қалай шығаруға баулығаны арада ширек ғасыр өтсе де әлі күнге көкейімнен кетпейді. Алғашқы күннен-ақ, бұрыннан көгілдір экраннан көріп жүрген Тыныс Өтебаев, Ласкер Сейітов, Мариям Әйімбетова, Бақытжамал Ерманова, Жаңыл Тоқпанова, әуе толқыны арқылы танымал Сауық Жақанова, Әбдірәлі Бөлебай сынды әріптес­термен жақсы араласып кеттік. Түске дейін ұстаз­дардан тәлім алсақ, түс қайта теледидар мен радио студияларда болып тәжі­рибе жинақтадық. Сол жылдары Қожакелдиев Ерлан есімді курстасым Қазақ радиосының «Ұшқын» радио­станциясында редактор болып жұмыс жасайтын. Оңтүстік өңірдің өрені Ерекең бірде: «Баха, елден ала келген дайын хабарларың болса, эфирден беріп жіберейік», – деп қолқа салды. Расында да, мен 3-4 материал ала барғанмын. Сонымен курстасым алғашқы кезекте «Ұзақ жолды серік еткен» атты радиоочеркті беруге тоқтам жасады. Очерк кейіпкері – бұл күнде ең­бек­тің зейнетін көріп отырған Шайзада Жанұзнов деген кісі болатын. Шәкең тұлғасы шағын болса да, үнемі қос тіркемесі бар, халық аузында «көкқасқа» атанып кеткен автокөлік жүргізетін. Радионың өзге ақпарат құралдарынан бір ерекшелігі – тілші мен оның кейіпкерінің арасын­дағы әңгіме жанды дауыспен өріліп отырады. Алайда «Қырсыққанда қымы­ран іриді» демекші, даусым республи­калық радиоға сай келмеді. Енді Шәкеңнің сөзін біреуге оқытып алу керек. Елден келген менде, қайдан таныс болсын. Оның үстіне қыстың көзі қырауда бір бет материал оқимын деп кім Қазақ радиосына келе қалады?! Бірақ, орайын келтірейін десе оңай екен. Де­ма­лыс күні досым, жазушы-журналист Қуаныш Жиенбайдың үйіне қыдырып бар­ған едім. Онда Қуа­ныштың інісімен та­ныстым. Ол Алматы милиция мектебінде оқиды екен. Қазіргі күні отставкадағы сы­ныптасым Болат Ахметов те сол мектепте оқитын. Олар бірін-бірі танитын болып шықты. Менің келгенімді естіген Бөкең, ертеңіне респуб­ликалық телерадиокомитетке іздеп келді. Сол жерде сыныптас пен курстасты бір-біріне таныс­тырдым. Ерлан дауысты Болатқа оқытып аламыз деді де, оны студияға ертіп кетті. Сонымен екі-үш күннен соң радиоочерк эфир­ден берілетін болды. Енді оны жазу үшін мен де студияға бардым. Онда Әбдірәлі мен Сауық хабар жазып жатыр екен. Мен барғаннан кейін Әбекең бір шаруамен шығып кетіп, студияда Сәкең екеуміз ғана қалдық. Оператор музы­каны баяулаты­сы­мен Сауық Мәсіғұтқызы сөз кезегін қызылор­да­лық әріптесіміз Бақтыбай Берді­баевқа береміз деп маған ым қақты. Сізге өтірік, маған шын, дайын текстің екі-үш сөйлемін әрең оқыдым. Қос самайдан тер моншақтай жөнелді. Одан әріге шамам жет­песін сездім де, микро­фонды сөндіруге мәж­бүр болдым. Сосын Сәкеңе шыға тұруына өтініш білдірсем, ол кісі: «Мына керемет дауысты тыңдағым келіп отыр», – деп қарсылық білдірді. – Сәке, сіздің мысыңыз басып отырған болуы керек, мен оқи алатын емеспін деп азар да безер болдым. Сонымен студияда бір өзім қалып очеркті оқып шықтым. Есесіне, Сәкең оператордың қасына барып, тыңдап тұрды. Жазылып бол­ғаннан кейін келіп қолымды қысып, мынау керемет дауыс қой деп риза кейіп танытты. Осыдан кейін Сауық Мәсіғұтқызы өлең оқыды. Ол өлеңді тыңдап алады да, операторға өтініш айтып қайта жазылады. Бұл жағдай төрт-бес рет қайталанды. Сондағы уәжі тыңдарманға жеткізе алмай тұрмын дейді. Міне, осылайша көркемсөз оқудың хас шебері Сауық апайымызбен қатар отырып, хабар жазудың сәті түскені бар. Одан бері де ширек ғасырдан асып барады. Биыл Қазақ радиосының әуе толқынынан алғашқы хабары берілгеніне 90 жыл толғалы отыр. Осы айтулы мерекеге орай қайталанбас өнер иесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, күміс көмей диктор Сауық Жақановаға ұзақ ғұ­мыр, зор денсаулық тілеп, әлі де шығар­ма­шы­лық биіктерден көріне беріңіз деген тілегім бар. Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.