Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде жастарға қарата: «...Мен сендерді, ең алдымен, қалыптасқан тұлғалар, тамаша кәсіпқойлар және шынайы патриоттар тұрғысында көремін. Тұлға болу дегеніміз – жауапты болу деген сөз. Ол үшін ағынмен малти бермей, белсенді болу қажет. Кәсіпқой болу деген сөз – өзің шынымен де айналысқың келген өмірлік істі таңдай білу. Және оның өзін жақсы тұрғыда жүзеге асыру керек. Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқына сеніп, қоғамға қызмет ету», деген болатын.
Елбасы айтқан осы үдеден шығуға талпынған жастар қатары баршылық десек, қоғамды жаңартуға белсене атсалысып жүрген жас қазақстандықтардың бірі әрі бірегейі Евгений Дадаров десек, қателеспеспіз.
Заман талабына сай әрекет жасап, өмірдегі өзгерістерге барынша бейімделе білген адам ғана табысты болатынын Женя бар болмысымен, тындырған істерімен дәлелдеді. Ол – Қостанай өңірінің тумасы. 5-сыныптан бастап өзге ұлт өкілдері басым Рудный қаласындағы №1 мектепте оқыды. Сонан соң осындағы Индустриялық институтқа түсті. Аталмыш оқу орнының тарихы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігімен тамырлас. Бір айта кететін жәйт, бүкіл Қазақстанды индустрияландыру локомотиві саналатын осынау бірлестік ұжымының қатары жылма-жыл РИИ-ді бітірген жас мамандармен толығып отырады.
Институтты үздік дипломмен тәмамдаған Дадаров еңбек жолын кәсіби инженер ретінде осы алып өндіріс ошағында бастады. Алайда бәсекеге қабілетті жас жігіт өзі білім алған институтқа қайта оралған. Неге дейсіз ғой. Соңғы жылдары елімізде кәсіптік және техникалық мамандықтарға деген сұраныс артты. Осыған орай, РИИ жанынан колледж ашылды. Оқу мемлекеттік тілде жүргізілетін топтарда сабақ жүргізу үшін Дадаров сынды әрі кәсіби маман, әрі қазақ тілін жетік білетін оқытушының қажеттігі туды. Колледж директоры, өзінің тәлімгері Ж.Мұстафина Евгенийге оқытушылықпен қатар, сырттай оқыту бөлімінің меңгерушісі қызметін де сеніп тапсырды, әрі оның бұл шешімі Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік қызметкерлердің қабілет-қарымдысына, соның ішінде қазақ тіліне қамшы салдырмайтындарына қолдау көрсетуіміз керек деген тапсырмасына шынайы қолдауы болды. Бүгінде талантты жас «Техникалық механика негіздері», «Кеніштік көлік», «Іштен жанатын қозғалтқыштар» пәндерінен болашақ мамандарға қазақ тілінде дәріс оқып, әрі меңгеруші қызметін абыроймен атқарып жүр.
Саусақпен санарлық болса да, жер-жерде мұғалімдер арасында қазақ тілі пәнін оқытып жүрген жандар баршылық. Олардың ішінде есімдері елге танымал көкшетаулық Ольга Мырзагелдинованы, астаналық Татьяна Домнинаны ерекше атап өтсек, артық болмас. Ал техникалық пәндерді қазақ тілінде оқыту ұлты өзге жанға жеңіл тимесі анық. Әйтсе де «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» демекші, пәрмені мықты, әлеуеті кең Евгений бұл қиыншылықты да еңсере білді.
Көзі қарақты оқырманның есінде болар, Елбасы Н.Назарбаев 2006 жылы Ақордада мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілді меңгерген ұлты қазақ емес жас қызметкерлерімен жүздескен болатын. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақстанды өзімнің Отаным деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылулары керек. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстан азаматтары үшін парыз», деген еді.
Ендігі сөз арнасын бәсекеге қабілеттіліктің маңызды бір қыры саналатын – мемлекеттік тілді меңгеруге Женяның қалайша қол жеткізгеніне бұрайық. Хакім Абайдың «Талап пен ұғым махаббаттан туады» деген асыл сөзі бар. Білмекке, ұғынбаққа деген талабы зор, сүйіспеншілігі мол Женяның алған асулары көп-ақ. Мектепте, институтта талай олимпиаға, конкурстарға қатысты, қай-қайсысынан да жүлдесіз қайтқан емес. «Үздік жыл студенті» атанды. Қазіргі жасына, бір басына жетерліктей жетістіктерінің бір-екеуіне ғана тоқталып өтелік.
2006 жылы Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығына орай, институт базасында өңіраралық «Қазақстандық патриотизм – мемлекетіміздің жастар саясатындағы ең маңызды басымдығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы алқалы басқосуда Женя ұстаздары Ж.Мұстафина, Р.Шамсутдиновтің жетекшілігімен екі түрлі тақырыпқа екі баяндама (бірін – қазақ тілінде, екіншісін – орыс тілінде) жасап, конференцияға қатысушыларды тәнті етті. Тырнақалды еңбектері үлкен жинаққа енді.
2007 жылы Семей қаласына жолы түсті. Қазақстан жоғары оқу орындары арасында теориялық механика пәнінен өткізілген ІІІ республикалық олимпиадада Е.Дадаров 2-орынды еншіледі. Келесі жылы қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты республикалық байқауы өтті. Женяны Алматыға Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ж.Үмбетов бастап барды. Қостанайдың намысын қорғаған жас жігіт үмітті ақтап, 1-орынды жеңіп алды.
Ұмытпасам, Женя мені осы жеңісінен бірер ай бұрын іздеп келді. «Пиалаш апай осында ма?» деп, оқытушылар отырған кабинетке жұқалтаң келген, көзілдірікті бейтаныс бозбала кіріп келді. Қазақша сөйлегеніне сүйсініп: «Мені қайдан білесің? Қандай шаруамен жүрсің?», дегенімде, қазақша үйренгісі келетінін, бір кісілер маған сілтеп жібергенін айтты. Мұғалімде қашанда уақыт тапшы. «Жап-жақсы сөйлейсің....» деп бастаған сөзімнен айтпақ ойымды түсініп қап, қазақ тілін тереңірек меңгергісі келетінін білдірді. Меселін қайтармай, тілді меңгеру деңгейін сынамақ ниетпен біраз тексерістен өткіздім. Жазған диктанты, тест сұрақтарына берген жауабы, қазақ тілінде оқуы, мәтінді мазмұндауы – бәрі-бәрі тамаша.
Келесі келгенде, Женя біраз газеттерді ала келіпті. Газетті көп айналдырғаны көрініп тұр. Кейбір сөздер мен сөз тіркестерінің асты сызылған. Женя олардың мағынасын түсіндіріп беруімді өтінді. Мағынасы астарлы, сирек қолданыстағы сөз тіркестері екен. Кібіртіктеп барып, жайлап түсіндіре бастадым. Тілді терең меңгеруге шындап көңіл қойғанына көзім жеткендей болды.
Есіме ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсаринның тіл үйрену әдісі түсті. Жас Ыбырай, болашақ педагог, тілмаштық қызметін атқара жүріп, орыс тілін жетік меңгеру мақсатын қояды. Бастығы, шығыстанушы ғалым, профессор В.Григорьевтің рұқсатымен жұмыс орнындағы бай кітапханасына барып жүреді. Орыс тіліндегі әдеби журналдарды, кітаптарды бас алмай оқып, түсінбеген сөздерді дәптеріне теріп жазып, мағынасын Василий Васильевичтің көмегімен меңгеріп отырған көрінеді.
Мемлекеттік тілге деген шексіз құрметімен көпшілік ілтипатына бөленіп жүрген Евгенийге «Қазақ тілін қалай үйрендің?», дегенімде, алдымен ұстаздарының есімдерін құрметпен атады. «Ұстаздары қандай ерекше әдіс-тәсілдерді қолданды екен» деген оймен 5-11 сыныптарда оқытқан Г.Шаймұратоваға, институтта кәсіптік қазақ тілін үйреткен С.Мырзахметовке жолығып сөйлескенім бар. Сөз орайы кеп тұрғанда айта кетейін, Женя кәсіптік қазақ тілінің бір-ақ жыл оқытылғанына көңілі толмағандай сыңай білдірген-ді. Екі ұстазы да Женяның аса қабілеттілігімен қатар, қарапайымдығын, кішіпейілділігін алдымен атап өтіп, оның тіл үйренудегі жетістігі шын ниеті екендігін алға тартты. Осы орайда тағы да дана Абайдың: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды» деген сөзі ойға оралады. Бұл сөздің шынайылығын тіл үйренуге қатысты тағы бір өнегелі мысалмен өрнектеп өтсем, артық болмас. Бүгінде халық қалаулысы атанған азамат Розақұл Халмұрадов кезінде қазақ тілін мұқият үйрену үшін газеттерді, әдеби кітаптарды көп оқып, қазақтың қара өлеңдерін жаттаған, жұмыста да, үйде де қазақша сөйлеп жүрген көрінеді. Сөйткен Рекеңнің бүгінде қазақшаны төгілдіріп сөйлейтінін теледидардан естіп жүрміз. Сондай-ақ елге танымал тұлғалардың бірі Василий Осиповтің «Абай мен Мұхтар Әуезовті қазақ тілінде оқып, толық түсіне алатынымды бармақтай бағым деп санаймын» деп ағынан жарылуы керемет емес пе.
Тіл тұңғиығына тереңдеуі есейген сайын еселене түскен Евгений бұл жолда түрлі амалдарға барады. Тіл білгірлерінің бірі Марина Бухарина тілді меңгеру үшін, біріншіден, адамның тілді үйренемін деген ниеті, екіншіден, ұстаздың тілді оқытамын, мінсіз үйретемін деген шын ықыласы, үшіншіден, тілді меңгеру кезінде тілдік ортаның болу керектігін жазған еді. Евгений осы үш жағдайды да бастан кешті. Мәселен, тіл үйренуге деген ниетін үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбекпен бекемдеп отырды. Негізгі ұстаздарымен шектеліп қалмай, «қазақ тілін жақсы үйретеді-ау» деген мамандарды іздеп тауып, көмегіне жүгінді. Шәкіртақысынан жырымдап төледі. Тек қазақ тілінде сөйлейтін оралман жігіттермен қоян-қолтық араласты. Қай тақырыпқа болсын, қазақша сөздің майын тамызатын Женяға достарының бірі «Сен менің әжем секілді сөйлейсің ғой», деген көрінеді. Сол жолдастарымен достығы олармен әлі күнге жалғасып келеді. Тіпті кейбірінің үйлену тойында болып, қазақтың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрлерін өз көзімен көрді. Осы тұста Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясында: «Барлық азаматтардың қазақ тілін білуі, әшейін бір ұран емес, бұл – олар еліміздің тарихын, ерте дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін білетін болады деген сөз. Бұл барлық қазақстандықтардың бұрынғыдан да жақындасуына жетелеп, біздің арамыздағы сенімді күн сайын, жыл сайын нығайта түсетін болады» деген сөзінің шынайылығына тәнті боласың.
Өзі барған тойлардың бірінде Евгений «Балбырауын», «Желдірме» күйлерін желдірте тартып, жиналған қауымды таңғалдырғаны бар. Иә, өзге бір ұлттың тілін сүйген адам сол тілдің иелерімен, сол ұлттың құндылықтарымен етене жақындасып кетеді деген рас екен. Евгений «Ана тілі» газетінен бастап, бірқатар мерзімді басылымдарды жаздырып алады, сондай-ақ дүңгіршектерден газет-журналдарды сатып алып оқуды әдетке айналдырған. Қазақ әндерін сүйіп тыңдайды.
Ұлты орыс болса да, қазақтың қасиеттісінің бәрін қастерлеп жүретін Е.Дадаров бүгінде ұжымының ғана емес, ел сенімін арқалаған тұлға, кәсіпқой, патриот ретінде көпшілікке таныла бастады. Оны қала, облыс біледі, құрмет тұтады.
Пиалаш СҮЙІНКИНА, Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы.
Қостанай облысы.
Суретте: республикалық байқаудан көрініс. (Ортада Е.Дадаров).