Малды азықтандырудың қайнар көзі ауылшаруашылық жерлері. Жер ауыл шаруашылығында ең басты өндіріс құралы. Басқа өндіріс құралдары ескіріп, тозып, ғылым мен техниканың дамуына сәйкес дамып, жаңарып, өзгеріп тұрса, жер өндіріс құралы ретінде ауыспай қала береді. Ол пайдалану кезінде дұрыс агротехникалық жұмыстар жүргізіліп, қажетті тыңайтқыш беріп тұрса өзінің құнарлылығын арттырмаса, кемітпейді. Өндірісте пайдалану кезінде ғылыми негізделген агротехникалық шаралар жасау арқылы жердің құнарлылығын арттырып, жайылымнан шабынға, шабыннан егін салатын сүдігер жерге, суландыру арқылы тәлімі жерді сулы егіс жеріне айналдыруға әбден болады. Қазақстанда солай жасалып та келеді.
Қой шаруашылығы жермен, жайылыммен өсіріп-өндіргенде ғана басқа малдармен өнімділігі мен пайдалылығы жөнінде бәсекелесе алады. Ал кең жайылымда, әсіресе шөл-шөлейт, құм-құмайт, таулы-қыратты жерлерде қой өсіру экономикалық жағынын арзан да тиімді.
“Қойды құмға, жылқыны қырға, сиырды сыртқа, түйені сорға жай”, деген қазақтың нақыл сөзі жайылымның түрлерінің мол екендігін білдіреді. Жалпы, қой малы жаратылысынан жайылымға жақсы бейімделген түлік. Қой өте төзімді келетіндіктен ауа райы өте суық немесе аса ыстық жерлерде де жақсы өсе береді және оңай жерсінеді. Тиімді технология ең алдымен экономикалық мақсатты көздейді. Сондықтан ол қолда бар жер, материалдық-техникалық қор мен еңбек ресурстарын пәрменді және үнемді пайдалануға бағытталады. Тиімді технология әрбір гектар жерден, әр бас малдан ең көп, ең арзан, ең сапалы өнім алуды қамтамасыз етуі тиіс. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы қолданбалы ғылым ретінде ауылшаруашылық жерін, малды, жем-шөпті, басқа да өндіріске қатысты заттарды, адам еңбегін ең жоғары дәрежеде ұтымды пайдаланудың жолдарын іздестіреді, нәтижесінде тиімді технологияны өндіріске ұсынады. Сонымен қатар жемшөп базасына көңіл аударылмайды. Әрине осындай салғырттықтан мал шаруашылығына зиян көп болады.
Мұндай өнімдердің шарықтап қымбаттауы, азот, фосфор тыңайтқыштарының тапшылығы жайылым жерлердің құнарлылығын арттыру ісіне өзінің кері әсерін тигізуде. Осындай жағдайда жайылым жерлерді дұрыс, жүйелі пайдаланудың маңызы зор. Қазақстан ғалымдары бұл жөнінде де жақсы ұсыныстар жасап отыр. Қазақтың қой шаруашылығы, қаракөл шаруашылығы және мал азығы мен жайылым институттары әр аймаққа арналған көптеген ұсыныстар береді. Міне, сол ұсыныстарды басшылыққа алып пайдалансақ қойдан өте арзан, аса сапалы өнім өндіруге жол ашылады.
Қой шаруашылығы – Қазақстан мал шаруашылығының жетекші саласы болып келген, қазірде солай, алдағы уақытта да бола береді. Оның солай болуының себебі қой негізінен жайылым малы. Қазақстанның 180 млн. гектарға жуық табиғи жайылымын тек қой малы ғана тиімді пайдаланады. Соның нәтижесінде ең арзан ет, жүн, тері, басқа да өнімдер өндіруге болады. Сондықтан Қазақстан даласын қой малынсыз елестету қиын.
Ол адамға аса қажетті көптеген азық-түліктер, атап айтқанда ет, май, сүт, жүн, былғарылық, тондық терілер мен елтірі сияқты өнеркәсіптік заттарды береді. Қой сойғанда қалдық ретінде жиналатын ішек, мүйіз, сүйек сияқты заттар да өңдеген соң өз орнын табатын байлықтар. Олардан желім, түйме, малға берілетін қан-сүйек ұны, минералды азықтар және дәрі құрамына кіретін заттар жасалады.
Қой шаруашылығын интенсивтендіру үшін күш-жігерді, қаражатты және жем-шөп базасын нығайтуға жұмсаған жөн. Жайылымның өнімділігін, қойдың сыйымдылығын арттыру үшін шөп егіп, өнімділігін жоғарылатудың жолы баршылық. Қазіргі заманғы агротехниканы жақсы білген фермер оны жасай алады. Сонымен бірге қолдан әзірлеп берілетін жемшөптің түрі де, мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан, шаруашылық иесі ұдайы қолда бар жерін жақсартып, құнарлылығын арттырып, әр гектардан өндірілетін жемшөпті көбейте беруге мүмкіндігі зор.
Қазақстанда қой шаруашылығы негізінен төрт бағытта өркендеп келеді. Олар биязы, биязылау, кроссбред және кроссбред типтес, ұяң және етті-майлы құйрықты, қылшық жүнді қой шаруашылықтары.
Биязы жүн қой тұқымдарының басқа қой тұқымдарынан негізгі айырмашылығы тек біркелкі түбіттен ғана тұратын, түбіттің әрбір талшығының жіңішкелігі 25 мкм.-ден аспайтын, иректігі айқын, шайырлы, тығыз ақ жүнділігі. Биязы жүн тұқымдарының Қазақстанда өсірілетін түрлерін атап өтсек, қазақтың биязы жүнді, оңтүстік қазақ меринос, қазақтың арқар меринос, солтүстік қазақ мериносы қой тұқымдары жатады. Бұл қой тұқымдары үнемі жайып бағу жағдайында ғана өсіріледі, жазда жайлауда, тауда, көктемде, күзде бағылады. Қара күз қыста сарытау құмда, сөйтіп жыл он екі ай бойы даланың табиғи жайылымында өседі. Сондықтан осы қой тұқымдары өте төзімді, жергілікті жағдайға бейімделген, қысқа қайратты, табиғи жайылым шөбін жақсы пайдаланатын тұқым болып қалыптасты.
Биязылау жүнді, кроссбред және кроссбред типтес қой тұқымдары дегеніміз біркелкі жүн талшықтарынан тұратын, талшықтары түбіт талшықтан жуандау, 25,1-44,0 мкм. немесе сапасы 58-36 аралығында, ұзындығы 6-дан 20 см дейін, кейде одан да ұзын біркелкі жүн беретін қойлар жатады. Қазақстанда өсірілетін мынандай тұқымдары бар: дегерес, цигай, гемпшир, қазақтың етті-жүнді биязылау жүнді қой тұқымы. Бұл тұқымдар жоғары ет және жүн өнімділігімен ерекшеленеді.
Мал өсіруде тиімділігі жоғары, қойылып отырған экономикалық талапқа сай, алдыңғы өндіріс міндеттеріне лайықты малды таңдап алудың өзі де көптеген білімділікті, шеберлікті талап етеді.
Қорытып айтқанда, қой шаруашылығы – нарықтық экономика жағдайында бәсекеге шыдап, пайдалы және табысты сала бола алады. Ол үшін зоотехния мен малдәрігерлік ғылым жетістіктерін іздеп тауып, өндіріске пайдалана беру қажет.
Бейбіт ҚҰЛАТАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент.