Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «ҰБХ «ҚазАгро» АҚ-тың қатысуымен «Аграрлық инновация мен өндірісті нарық арқылы – қуатты Қазақстанды бірге қалаймыз» атты екі күндік республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары, еліміздің 14 аймағынан шаруа қожалықтары мен фермерлер, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация өкілдері қатысқан жиында ҮИИДБ-ні жүзеге асыру және Астана мен Алматы қалаларында азық-түлік белдеуін қалыптастыру шеңберіндегі көкейкесті мәселелер қаралып, аталған жоо-мен Аграрлық ғылыми-өндірістік консорциум құру жөнінде меморандумға қол қойды.
Ауыл шаруашылығы саласына жоғары білімді әрі білікті мамандар даярлап, аграрлық өнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының талап тұрғысынан іс жүзіне асуына аса жоғары жауапкершілікпен атсалысып келе жатқан аграрлық университет ғалымдарының айтуынша, бұл қадам ауылшаруашылық өнімдерін сапалы дайындап, әлеуетін арттыруда аграрлық өндіріске ықпал етпек. Меморандум аясында тараптар отандық агроөнеркәсіп кешенінде ғылыми өндірістік консорциум құруға ниетті болып, ҰАУ-да бас қосуының себебі – университет қабырғасында Қазақстан-жапон инновациялық орталығы, 6 ғылыми-зерттеу институты және 31 ізденушілер зертханасы жұмыс істеп, мұндағы ғалымдар соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында көптеген инновациялық жобалар ұсынуында. Осы ретте семинар барысында аталмыш оқу орнындағы қазақ-жапон инновациялық орталығында бірлесіп жүзеге асырған және жоспарланып отырған жобалардың, ғылыми-зерттеу орталықтары мен инновациялық зертханалардың, университет ғалымдарының біткен ғылыми жұмыстарының тұсаукесері өтті. Оның үстіне, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда ел Үкіметі де көптеген тың жобаларды жыл санап іске асыруда. Сондай-ақ мұнда отандық ауылшаруашылық өнімдерін тек ішкі рынокқа тәуелді етпей, сыртқа шығаруға да әлеуетіміз жететіні айтылды.
Жиында ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есболов еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аграрлық инновация мен өндірісті рынок арқылы қалыптастырып, оның мәселелерін шешуде бар мүмкіндіктерді біріктіру қажеттігін атап өтті. Ал «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов ҚазҰАУ-дың ғалымдары, ӘКК және «ҚазАгро» арасындағы инновациялық зерттеулер жүргізіп, оны іске асырудағы әріптестік қарым-қатынас өзекті мәселе болып саналатынын, сондай-ақ болашақта ауыл шаруашылығы саласында атқарылар істер көп екенін алға тартты. «Біздің болжам бойынша, тек ірі қара етін экспорттауды 2016 жылы 60 мың тоннаға, 2020 жылы 200 мың тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде мемлекет бірте-бірте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастады. Осының барлығы бүгінгі ауыл шаруашылығындағы ғылым мен терең білімнің жемісі, – деді ол.
Семинардың екінші күні «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі аграрлық ғылымның жетістігі» атты дөңгелек үстел өтіп, онда ғылым мен өндірістегі тиімді іс-қимылдың, экономикадағы аграрлық салаға деген қоғамдық қызығушылықты арттыру, республиканың агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалардың дамуына дем беру мәселелері де таразы талқысына салынды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.