• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №615

1080 рет
көрсетілді

2011 жылғы 1 маусым,   Астана, Үкімет үйі Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасын бекіту туралы «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 87-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасы бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын. 3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданыска енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  К. МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы №615 қаулысымен бекітілген Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасы 1. Жалпы ережелер 1. Осы Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасы 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республика­сы­ның Азаматтық кодексіне және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қа­зақ­стан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәй­кес әзірленді және дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан фи­зи­калық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген және негізгі құрал-жаб­дық­тарға (активтерге) жататын мемлекеттік мүліктің жекелеген түр­лерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу тәртібін айқындайды. Осы Қағида Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерінің жедел басқару құқығындағы әскери мүлікке қолданылмайды. 2. Егер дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мүлікті қалпына келтіру экономикалық орынсыз және/немесе мүмкін емес болса, ол жойылуға жатады. Осы Қағида заттарға қолданылады. 2. Бұзылуды және жойылуды ресімдеу тәртібі 3. Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеуді мемлекеттік заңды тұлға басшысының не оның міндетін атқаратын тұлғаның шешімімен құрылатын тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады. 4. Мемлекеттік кәсіпорында құрылатын Комиссияның құрамына міндетті түрде: 1) мемлекеттік кәсіпорынның бас инженері немесе басшысының орынбасары (Комиссияның төрағасы); 2) бас бухгалтер немесе оның орынбасары; 3) мүліктің сақталуына жауапкершілік жүктелген тұлға енгізіледі. Мемлекеттік мекемелерде құрылатын Комиссияның құрамына міндетті түрде: 1) мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары, ал жауапты хатшы (аппарат басшысы) лауазымы енгізілген мемлекеттік мекемелерде – жауапты хатшы (аппарат басшысы) не уәкілеттік берілген лауазымды адам (Комиссияның төрағасы); 2) бас бухгалтер немесе оның орынбасары (штат кестесі бойынша бас бухгалтер лауазымы болмаған жағдайда – бухгалтерлік есеп жүргізу жүктелген тұлға); 3) мүліктің сақталуына жауапкершілік жүктелген тұлға енгізіледі. Мемлекеттік заңды тұлға басшысының не оның міндетін атқаратын тұлғаның шешіміне сәйкес мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу кезінде Комиссия құрамына тиісті мамандар (сарапшылар) енгізілуі мүмкін. 5. Комиссия жойылуға жататын мүлікті тікелей тексеріп қарауды жүргізеді, бұл ретте техникалық құжаттаманы, бухгалтерлік есептің деректерін қолданады және: 1) оның қайта қалпына келтіруге және одан әрі қолдануға жарамсыздығын анықтайды; 2) осы Қағиданың 2-тармағында көрсетілген бұзылуының себептерін айқындайды; 3) оның жекелеген бөлшектерін, түйіндерін, материалдарын қолдану мүмкіндігін анықтайды және оларға бағалау жүргізеді. 6. Пайдалануға болатын барлық бөлшектер, тораптар, қосалқы бөлшектер, материалдар және өзге материалдық құндылықтар (бұдан әрі - материалдар) үш топқа жатады: 1) бірінші топ – ықтимал пайдаланылуының бағасы бойынша бухгалтерлік есептің тиісті шоттарында кіріске алынатын, тікелей мақсаты бойынша одан әрі қолдануға жарамды материалдар; 2) екінші топ – қайталама шикізат ретінде (қара, түсті және асыл металдар сынықтары, көнерген материал, отын және басқа шикізат) кіріске алынатын, тікелей мақсаты бойынша одан әрі қолдануға жарамсыз материалдар; 3) үшінші топ – одан әрі қолдануға жарамсыз және жойылуға жататын материалдар. 7. Жойылуға жататын мүлікті тексеріп қарау қорытындысы бойынша Комиссия үш жұмыс күні ішінде мүлікті мемлекеттік заңды тұлғаның балансынан шығаруға негіз болатын хаттама (бұдан әрі – хаттама) жасайды. 8. Есептен шығару актілері бекітілгенге дейін жойылуға жататын мүлікті ажырату мен бөлшектеуге рұқсат етілмейді. 9. Егер есептен шығарылған мүлікті дербес жою мүмкін болмаса, мемлекеттік заңды тұлғалар жою үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғаларды тартады. 10. Орталық мемлекеттік органдар, оның ішінде олардың ве­дом­стволары болып табылатын мемлекеттік мекемелердің мүлкін есептен шығару олардың шешімі бойынша, аумақтық мемлекеттік органдар болатын мемлекеттік органдардың мүлкін – олардың жоғары тұрған мемлекеттік органдарымен келісім бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің мүлкін есептен шығару Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. 11. Республикалық бюджет есебінен ұсталатын және мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелердің мүлкін есептен шығару оларды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісім бойынша жүргізіледі. 12. Жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің мүлкін есептен шығару тиісті жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша жүргізіледі. 13. Мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкін есептен шығару оларды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органдарымен (тиісті жергілікті атқарушы органдармен) келісім бойынша жүзеге асырылады. 14. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін есептен шығару актілері және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган бекіткен нысандарға сәйкес үш данада жасалады. 15. Комиссия үш данада жасаған мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін есептен шығару актілері күнтізбелік жеті күн ішінде осы Қағиданың 10, 11, 12 және 13-тармақтарына сәйкес мынадай құжаттармен қоса келісуге жіберіледі: 1) Комиссия хаттамасы; 2) авария жағдайында – тиісті лауазымды адам жасаған және бекіткен оқиға актісінің немесе оқиға болған жерді қарау хаттамасының көшірмесі; 3) дүлей зілзала жағдайында – табиғи және техногендік сипат­та­ғы төтенше жағдайлардың туындауына әкеліп соққан авария­лар­дың, зілзалалардың, апаттардың себептерін тексеру актісінің көшірмесі. Келісу мерзімі он жұмыс күнін құрайды. 16. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін есептен шығару актілері келісілген жағдайда тиісті органның мөрімен бекітілген басшының не оның міндетін атқаратын адамның қолы, ал жауапты хатшы (аппарат басшысы) лауазымы енгізілген мемлекеттік мекемелерде – жауапты хатшының (аппарат басшысының), не уәкілеттік берілген лауазымды адамның қолы қойылады. Осы Қағиданың 15-тармағында көрсетілген құжаттардың бір данасы тиісті келісуші органда қалады, қалған екеуі – мемлекеттік заңды тұлғаға жіберіледі. 17. Келісуден бас тартылған жағдайда мүлікті есептен шығарудан бас тарту негіздемесі бар құжаттар пакеті мемлекеттік заңды тұлғаға қайтарылады. 18. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін есептен шығару актілерін мемлекеттік заңды тұлғалардың басшысы не оның міндетін атқаратын тұлға бекітеді. 3. Қорытынды ережелер 19. Мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуы мен жойылуын ресімдеудің қолданыстағы тәртібі бұзылған жағдайда бұған кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілікте болады. 20. Осы Қағидада реттелмеген мәселелер Қазақстан Республи­касының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.