Тіл-көзіміз тасқа, боксшы Қанат Исламды қазақ былғары қолғап өнерінің соңғы 10 жылдағы маңдайына жазылған шебері деуге болады. Бейжің Олимпиадасында Қытай құрамасының атынан шығып, қола жүлдегер атанған Қанат бауырымыз былтыр Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін қазір «Astana arlans» кәсіпқой бокс клубында өнер көрсетеді.
Бұл команда биыл Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) бойынша өткен жекпе-жектерде екінші орын алғаны белгілі. Осы айқастарда Қанат бірде-бір рет жеңілмей, қарсыластарының бәрін сұлатып, жеңіп отырды. Бірақ боксшының бір өзі бір командаға жетпеді. Командалық ойындарда бір қақпашының өзі жарты команда болып есептелсе, бокста олай емес. Мұнда әр спортшының жеңісі қорытынды нәтижеге әсер етеді, сол үшін әр жеңіс ауадай қажет. Сондай кезге біз мамыр айының басында Қытайдың Гуянг қаласында «Astana arlans» пен «Paris united» клубтарының арасында өткен Бүкіләлемдік бокс сериясының финалдық кездесуінде куә болған едік. Осы айқаста отандастарымыздың төртеуі жеңіп, қалған алтауы жеңілгенде өз салмағында жеңіске жеткендердің бірі Қанат Ислам болатын. Өкінішке қарай, төртеуі жеңсе де, біздің командаға жеңіс әкелмеді. Жеңісті тойлаған «Paris united» клубы WSB сериясының өткен маусымындағы бас жүлдесіне ие болды.
Сол кездегі айқастарда Қанат Исламның көзінен ұшқынды көріп, ал жекпе-жектерден соң намысшыл жігіттің өз әріптестеріне барынша қолдау көрсетіп, демеп жүргеніне риза болғанбыз. Сондай сәттердің бірінде біз Қанатты әңгімеге тартуды жөн көрген едік.
– Қанат, осы сен шаршы алаңға нокаутпен жеңемін деп шығасың ба?
– Ондай ой болмайды енді. Кешегі жекпе-жекке бес раундқа дайындалғанмын. Өзімді өзім айқасқа қамшыладым. Қарсыласымның жарыстарын қарап, біраз зерттедім. Мен енді шыға салып, бірден атылмадым ғой. Біраз жүрдім. Енді бокс қой, тиіп кетеді де (күледі).
– Командаға кеш келдім деп өкінбейсің бе?
– Кеш келгенім білініп жатыр. Егер былтыр келгенде жеке чемпионатқа шығар ма едім деп ойлаймын. Бірақ оның бәрі Алланың қолында ғой.
– Олимпиадаға жолдама алу үшін боксшы азаматтық алған елде үш жыл тұру керек деген әңгіме бар. Соған қалай қарайсың?
– Иә, ондай әңгіме айтылып жүр. Бізде ауыр атлеттер бар ғой, солар азаматтық ала салады да Олимпиадаға барады. Неге екенін білмеймін, қазаққа келгенде солай қиналып қала ма.
– Қазір көп жастар сенің боксыңды қарайды. Саған ұқсағысы келеді. Өзіңде қандай бір ерекшелік бар ма?
– Жоқ, менде ешқандай ерекшелік жоқ. Ешкімнен артық туған жоқпын. Бәрі Алланың берген күш-қуаты. 15 жылдан бері спортпен айналысып жүрмін. Спортта кім жұмыс істесе, кім алдына мақсат қойып тырысса, сол биік белестерге жетеді. Басқа спортта да солай.
– Бұрын жарыстардан кейін боксшылар бапкерлерімен бірге қалып жаттығатын еді. Қазір жарыс қалай бітеді, кетуге асығады. Өзіңде жеке жаттығатын кездер бола ма?
– Иә, мен өзім күнделікті жаттығамын. Бокстан басқа да спорт түрлерімен айналысамын. Жүгіремін, доп ойнаймын. Қытайда тұрған кезімде көп ұстаздарымнан білім алдым, олардың тәрбиесін көрдім. Соның пайдасы тиіп жатыр.
– Қазір қай жерде, қай елде болсын боксшылар арасында бәсеке көп. Өзің туып-өскен Алтайда қазақ балалары қытайлардың арасынан шыға алмай жүр деген әңгімені естіп жүрміз. Негізгі басымдықты қытайларға береді дейді.
– Негізі ол былай ғой. Мені тәрбиелеген ағам. Қазір оның шәкірттері көп. Олардың арасында Қытайдың жастар командасына шығып жатқандар да бар. Қытайда халық көп болғаннан кейін бәсеке болады, әрине. Шетке қағылу да болады. Енді Қазақстан жақсы спортшыларды тартып жатыр ғой. Мүмкін кейін біз де Алла бұйыртса сол жігіттерді әкелуге жұмыс істейтін шығармыз деп ойлаймын. Осы елге келіп, Қазақстан атынан шығып, еліміздің туын көтеріп жүрсе, олар үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Біздің жоғары жақтағы ағаларымыз сол жігіттерге көмектессе жақсы болар еді.
– Бейжің Олимпиадасының алдында Қазақстанға келуге мүмкіндік болды ма?
– Ондай мүмкіндік болмады. Өйткені, мен ол кезде көп адамдарға уәде беріп, Олимпиадаға бірге дайындаламыз деп, көп құжаттарға қол қойған едім. Соның бәрін тастап кетсем, азамат деген атыма сын болмай ма. Бірақ мен олар үшін өмір сүрмеймін. Әркімнің өз өмірі бар. Сол кезде мен оларға басқа елге емес, өз еліме, атажұртыма кетіп барамын деп айттым.
– Намазға дейін және намаз оқығаннан кейін қандай айырмашылықты сезініп жүрсің?
– Менің әке-шешем намаз оқыған кісілер. Көзімді ашқалы бері ислам отбасында өстім. Содан өзім дінге жақын болғаннан кейін жарысқа барғанда Алла тағаладан тілеп жүрдім. Алла тағала жүрегіме иман салған шығар, барған сайын жолым ашылып жатқандай сезінемін.
– Бала-шаға болғанда балаларың боксшы болса деп армандайсың ба?
– Иншалла енді кейін көреміз. Жазғы, Қысқы Олимпиадаға қатысса деп ойлаймын.
– Рингке шыққанда жанкүйерлердің қолдауына үміт артасың ба? Сезімге берілмейсің бе? Бапкерлер сені сезімге берілгіш дейді.
– Жо-жоқ. Мен негізі өзімді ұстауға тырысамын. Өйткені, бокс деген бір раундтық жарыс емес қой. Бәрін ақылмен, ақырындап істеу керек. Рингке жақсы жағына да, жаман жағына да дайындалып шығамын.
– Рингте жеңіске жеткеннен кейін көп айналып жүгіріп алады екенсің. Басқалары рингтен тез кетіп жатады, ал сен қытайларға әдейі солай істейсің бе сонда?
– Ондай бөтен ой болған жоқ. Өзімді бір миллиардтан астам Қытайға қазақтың кім екенін тағы танытсам деп ойлаймын. Бұл жарты әлемге қазақты танытқанмен бірдей ғой. Өйткені, Қытайда көп спортшылар Қазақстанды біле бермейді. Сол үшін таныту керек. Енді басқа да жағы болған шығар. Оны сырт көз сыншы дейді ғой, адамдар өзі біле жатар.
– Күнделікті режімің қалай?
– Менің өмірім – жаттығу. Шынын айтқанда басқа тұрмыс-тіршілік қызықтырмайды. Ол әдет болып қалған. Бұл өзі намаз сияқты. Намазды бес уақыт оқысаң, парыз болса, жаттығуды да үш уақыт жасасаң ол да парыз сияқты болып қалады. Әйтеуір, күнде бір нәрсе істемесең ұйқым тыныш болмайды.
– Біздің боксқа не жетпейді?
– Бізде жастарды өте ерте қинап жіберетін сияқты. Соған қарасам, Қазақстанда бізбен шамалас жігіттер аз. Ал басқа елдерге қарасаң, Олимпиадаға баратын жігіттер бізден үлкен, бізбен қарайлас жігіттер. Балалар жасөспірімдер құрамасынан ересектерге шықпай шаршап қалады. Өйткені, жаңа айтқанымдай бізде балаларды көп жаттықтырып, жарыстарға апарып, қинап жібереді. Қазір Қытайда үш-төрт Олимпиадаға қатысатын жігіттер бар. Соның бәрі не дейсіз ғой, медицина мен дұрыс тәрбиенің арқасы. Бізге көп нәрсені қара күшке салуға болмайды. Спорт та ғылымның бір түрі. Көп білім алып, көп тоқи білу керек.
– Сенің салмағыңда бәсекелестер бар ма?
– Мен бәсеке деген нәрсені ойламаймын. Кім көп еңбектенсе, көп тырысса сол әрқашан жеңіске жетеді. Қазір 69 килоға түсе алмаймын. 75-ке шықсам, шығуым мүмкін. Кім жақсы дайындалса, бапкерлер кімді жақсы дайындаса болды, менің ешкімге өкпем жоқ. Олимпиадаға баратын адам да сол кезде белгілі болады.
– Бақыт Сәрсекбаевтың Олимпиададан кейін демалып, боксқа қайта келгеніне қалай қарайсың?
– Менің Бақыттан үйренетін жерлерім өте көп. Соншама уақыт демалса, демалсын. Негізі демалып, қайта шығу өте қиын болады. Мен оның «Astana arlans» командасында өнер көрсеткеніне ризамын. Өйткені, ол спортшыларға дем берді.
– Өзіңе кімнің боксы ұнайды?
– Көп қой. Кішкентай кезімде әуесқой боксқа қызықпайтынмын. Кәсіпқой боксқа кетсем деп ойлайтынмын. Қазір кәсіпқой боксқа Америкадан шақыртулар келіп жатыр. Олимпиадаға жолдама алу болмай жатса, Бауыржан ағамыздың (Б.Оспанов, «Жер-Су» корпорациясының президенті) көмегі тисе, Америкаға кетуім әбден мүмкін. Енді қайда болса да көк туымыз көтерілсе дейсің ғой.
– Қазір не оқып, не көріп жүрсің?
– Діни кітаптарды көп оқимын. Пайғамбардың өмірі мен хадистері туралы көп оқып жүрмін. Қазір дін қазақтың рулары сияқты тармақ-тармаққа бөлініп кеткен ғой, сол үшін жастар дұрыс таңдау жасап, өзіміздің қалыптасқан дінімізге бет бұрса екен деймін. Қазір Алла тағала қазаққа бәрін беріп жатыр. Біз осы күннің қадіріне жетуіміз керек. Алдымен бірлікті ойлауымыз керек. Жастар осы елге жұмыс істеп, болашағы болса екен деймін.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.