Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен еліміздің өндіріс ошағы Павлодар облысына келді.
Қазақстанның таяу болашақтағы қарқынды экономикалық даму әлеуетінің негізгі тұғыры болатын 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығының екінші жылы барлық өңірлерде жаңа индустриялық нысандардың көптеп іске қосылуымен ерекшеленуде. Бұл ретте еліміздегі ең ірі индустриялық өңір саналатын Павлодар облысына жүктелетін міндет жүгі де қомақты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бір ғана Павлодар облысында 144 ірі кәсіпорын іске қосылмақ. Оның ішінде 41 ірі индустриялық жоба биылғы жылы пайдаланылуға беріледі. Міне, сондықтан да Елбасы еліміздің өңірлерін аралайтын дәстүрлі сапарын биыл алғашқылардың бірі ретінде Павлодар облысынан бастап отыр.
Егемен елдің ертеңгі болашағының негізі қуатты экономика болатынын басты нысана етіп алған Мемлекет басшысы тәуелсіздігіміздің алғашқы таңы атқан күннен бастап, экономикамызды әртараптандыру бағдарламасын даму үрдісінің темірқазығына айналдырды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев барыс бейнелі болашақтың басты тұғыры Қазақстанды ғасырлар бойы қалыптасқан шикізат қана шығаратын аграрлық елден жоғары технологиялы өндірістік державаға айналдыруды мақсат етті. Елбасының дана саясатының арқасында бұл көкейкесті мақсат жылдан-жылға лайықты шешімін тауып та келеді. Соның бір жарқын көрінісі осы Павлодарда Президенттің тікелей бастамасымен іс жүзіне асырылған Қазақстан электролиз зауытының құрылысы болды. 2007 жылдың 12 желтоқсаны тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы күндердің бірегейі болып табылады. Бұл күні еліміздің түсті металлургия саласында алғаш рет Павлодар жерінде жоғары сапалы алғашқы өнім – Қазақстан алюминийі шығарылып, еліміз жылдар бойы тек алюминий шикізатын шығарып келген елден дайын өнім шығаратын экономикасы дамыған өркениетті елдер шоғырынан лайықты орнын ойып алды.
Елбасы Павлодар облысындағы жұмыс сапарының алғашқы күні Ақсу қаласындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың Ақсу жылу электр стансасында болып, жақында пайдалануға берілген №2 энергоблоктың жұмысымен танысты. «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ президенті Абдуазим Рустамбаев Елбасына кәсіпорынның шежіресі және бүгінгі қол жеткізген жетістіктері туралы әңгімеледі. Жұмыр жердегі энергетикалық қуат көздерінің тапшылығы айқын сезіліп, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік белең ала бастаған бүгінгі кезеңде еліміздің энергияға деген ішкі сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың атқарып жатқан жұмысы ауқымды. 1996 жылы іргесі қаланған «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың құрамына Ақсу қаласында орналасқан Ақсу электр стансасы, Екібастұз қаласындағы «Восточный» көмір разрезі және Павлодар қаласындағы өндірістік-жөндеу кешені кіреді.
Құрылымның маңызды да ірі орталығы болып саналатын Ақсу электр стансасының қуаты 2425 МВт. электр энергиясын өндіруге арналған. Стансаның тиімділігі ол «Восточный» көмір разрезінде шығарылатын отандық арзан көмірмен жұмыс істейді. Сондықтан мұнда өндірілетін электр энергиясының өзіндік құны әлемдік рыноктағы бағадан әлдеқайда төмен. Сонымен бірге «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ өңірдегі электр қуатын өндіретін ең үлкен орталық болып табылады. Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі, «Миттал Стил Теміртау» АҚ, «КЕГОК» АҚ және басқа да республикамыздағы ірі өнеркәсіп орталықтары «ЕЭК» АҚ өндіретін электр қуатының негізгі тұтынушыларының қатарына кіреді.
«ЕЭК» АҚ-тың құрамындағы «Восточный» көмір разрезінің өндірістік қуаты жылына 20 миллион тонна көмір шығаруға негізделген. Ондаған жылдардан бері еліміздің экспорттық әлеуетіне өзінің өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан бұл көмір кенішінің де болашағы зор, табысы қомақты. 2010 жылы осы көмір кенішінде елімізде алғаш рет жүйелі түрде лек-легімен көмір шығару технологиясы іске қосылды.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Ақсу электр стансасының сонау тоқсаныншы жылдардың соңынан бері жұмыс істемей тұрған №2 энергоблогы толық қайта жарақтандырылып, пайдалануға берілді. Мамандардың пікірінше, жұмыс істеп тұрған электр стансасында мұндай қуаттағы энергоблокты іске қосу бұрын-соңды ТМД мемлекеттері аумағында тәжірибе жүзінде болып көрмеген технологиялық үрдіс көрінеді. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне өзіндік үлесін қосып жатқан №2 энергоблоктың қуаты 325 МВт. электр энергиясын шығаруға арналған. Сөйтіп Ақсу ЖЭС-тің электр энергиясын өндіру қуаты 2425 МВт-ға жетті. №2 энергоблокты қайта жаңғырту жобасының құны 250 млн. АҚШ долларын құраған. Қазір Аксу электр стансасында №6 энергоблокты қайта жарақтандыру жұмыстары басталып кетіпті. Қуаты 325 МВт. электр энергиясын өндіруге арналған бұл жобаның құны 265 миллион АҚШ доллары болатын көрінеді. Жоспар бойынша №6 энергоблок 2013 жылғы желтоқсан айында толық қуатында іске қосылады.
Содан кейін Елбасы №2 энергоблоктың жұмысын басқаратын жабық орталыққа келді. Ақсу жылу электр орталығының бас инженері Владимир Фенев Мемлекет басшысына стансаның жұмыс ырғағын баяндап, №2 энергоблоктың әлеуетімен таныстырды. Содан кейін Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев өңірдің экономикалық даму көрсеткіштері орын алған үлкен стендтің алдында Елбасына 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста іс жүзіне асырылатын жобалар жайында баян етті.
Ақсу ЖЭС-тің ауласындағы ашық алаңда республика Президентін екі мыңнан астам энергетиктер мен станса еңбеккерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Алаңдағы жылы шырайлы кездесу шағын митингіге ұласты.
Мен сіздердің ұйымшыл ұжымдарыңызға бірінші рет келіп тұрған жоқпын, деп бастады сөзін Елбасы. Ұжымдарыңыз бастан өткерген қиын кезеңдерді, стансаның тұрып қалған кездерін де жақсы білемін. Стансаны тығырықтан шығару мақсатында инвесторлар іздеген кезіміз де есімде. Міне, бүгінде стансаның жалпы жұмыс істей бастағанына 40 жыл толып отыр. Осы 40 жыл ішінде ел экономикасын өркендету жолында стансаның қосқан үлесі мол.
Одан әрі Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыруда Ақсу ЖЭС-тің атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беріп, елімізде қабылданған ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асыруда энергетиктерге жүктелетін міндеттің зор екендігін атап көрсетті. Міне, сіздер №2 энергоблокты модернизациялап, іске қостыңыздар. Бұл жобаға 270 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Алдағы уақытта стансаның 8 блогы бірдей кезең-кезеңмен қайта жарақтандырылатын болады.
Бүгін мен елімізді бір ғана мақсатпен аралап жүрмін. Ол – тәуелсіздігіміздің жиырма жылы ішіндегі қол жеткізген жетістіктерімізді халыққа жеткізу, деді одан әрі Елбасы. Еуропада бүгінде экономикалық күрделі жағдай қалыптасқан. Жұмыс орындары, жалақы, зейнетақы қысқаруда. АҚШ экономикасы дефолтқа ұшыраудың аз-ақ алдында қалды. Ал бізде керісінше зейнетақы 30 пайызға артты. Жақында бюджеттік сала қызметкерлерінің, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы да 30 пайызға көбейтілді. Сіздердің отбасыларыңызда да зейнетақысы, жалақысы өскен адамдар бар шығар. Бұл игіліктердің бәрі еліміздегі бірлік пен татулықтың, жарқын еңбектің арқасында мүмкін болып отырғандығын айта келіп, Елбасы өте күрделі үрдіс болып табылатын №2 энергоблокты қайта жарақтандыру жұмысын сапалы атқарған жұмысшылар мен мамандарға шынайы алғыс сезімін жеткізді.
Біз елімізді индустрияландыру мақсатындағы орасан зор жұмысты қолға алдық, деді Мемлекет басшысы. Ел экономикасы болашақта мұнай, металл және басқа шикізатқа тәуелді болып қалмауы үшін елімізде түбегейлі басқа экономика құрылып жатқанын атап көрсетіп, ҮИИД бағдарламасы аясында өткен жылы өңірлерде 152 жаңа индустриялық нысандардың іске қосылғанын, биылғы жылдың өзінде 72 ірі өндіріс орындарының пайдалануға берілгенін айтты. Өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейінгі кезеңге қабылданған ҮИИД бағдарламасы ел экономикасын қазіргі деңгейден екі есе арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Павлодар өңірі бүгінде елімізге қажетті электр қуатының 40 пайызын береді. Оның ішінде сіздердің де стансаларыңыз бар, деп жалғастырды сөзін одан әрі Мемлекет басшысы. Павлодарда медициналық мекемелердің базасы жақсартылуда. Мұнда ерекше біліктілікті талап ететін, жоғары деңгейдегі операциялар жасалады. Бүгін Қазақстанда жүрекке күрделі ашық операциялар жасала бастады, деді Елбасы. Одан әрі Мемлекет басшысы балаларымыздың алаңсыз оқып, сапалы білім алуы үшін, еліміздің одан әрі көркейіп, гүлденуі үшін ашық аспан, тұрақтылық пен тыныштық керек екенін ереше атап көрсетті. Павлодар – өндірісі өркендеген өңір. Қасиетті Рамазан айында сіздердің барлығыңызға болашақта баянды бақыт тілеймін, деді Мемлекет басшысы.
Одан кейін мінбеге Ақсу ЖЭС-тің электр слесарі Алексей Кононенко көтеріліп, осыдан 14 жыл бұрын Президенттің станса мамандарының алдына энергоблоктарды қайта жарақтандыру туралы міндет қойғанын еске алды. Бүгін біз Сіздің сол көрегендік тапсырмаларыңыздың орындалғаны туралы рапорт береміз, деді ол. Сондай-ақ, мінбеге станса инженері Ерлан Дәулетов, арнаулы маман Вера Носик және басқалар шығып, Елбасына алғыстарын айтып, Ақсу электр стансасының ұжымы алдағы уақытта да еңбек биігінен көріне беретініне сенім білдірді.
«Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 40 004 миллион теңгенің өнімін өндірген. Атап айтқанда, алты айдың ішінде 6 899,8 млн. КВт. сағат электр энергиясы, 10 195,5 мың тонна көмір шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, біршама жоғары көрсеткіш. Қазір акционерлік қоғам 6 830 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда еңбек ететіндердің орташа жалақысы 97 925 теңгеден айналады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.