• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2011

Көш көлікті болмай тұр. Неге?!

419 рет
көрсетілді

Мемлекеттің көші-қон саясатын, оның ішінде тағдырдың жазуымен әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырап жүрген қандастарымызды қарашаңырақ – Қазақ­стан­ға жинап алуды Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаев сонау тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында-ақ қолға алған болатын. Жас мемлекет экономикалық қиыншы­лық­тарға қарамастан, үкімет қоржыны­­нан көші-қонға арнап қомақты қаражат бөл­гені, оны алыстан келген қандас­тар­дың қажетіне жұмсағаны шеттегі қазақ­тар­дың жүрегіне үміт отын жағып еді. Онымен қоймай, «Халықтың көші-қон ту­ра­лы» Заңы­ның қабылдануы, тек көші-қон жұ­мысымен айналысатын, бастапқыда агент­тіктің, кейін келе комитеттің құ­рылуы, қазірге дейін араға жылдар салып төрт бірдей құрылтай өткізілуі, оған әр жолы Президенттің қатысып, сөз сөйлеуі аталмыш сала жұмысының басым бағыт­тарын анықтап отырды. Осының өзі-ақ көші-қон жұмысының мемлекет үшін аса маңызды екенін көрсетсе керек. Жалпы, қай салада болмасын жұмыс­тың сапасы соған жауапты адамның сана-сезіміне, қабілет-қарымына байланысты. Қазіргі виза ала алмай 11 мың адам кезекте тұрған Үрімжідегі Консулдық қызметті бір кездері Бағдат Сейітбатталов деген азамат басқарған болатын. Виза аштыруға кірген әр адам құжат қабылдайтын қатар­да­ғы қызметкерден бастап, бастықтың өзіне дейінгі кісілердің кішпейілділігіне, қандастарына деген ыстық ықыласына, бауырмалдығына, жоғары адамгершілігіне тәнті болып шығатын. Елге келетіндердің саны сол өткен ғасырдың 90-жылдарында қазіргіден екі есе артық болмаса, кем болған жоқ. Соның өзінде бүгін өткізген төлқұжатыңа дәл он күнде виза жапсы­ры­лып, қолыңа тиетін. Өлім-жітім, той-тома­лақ сияқты жағдайы барлардың жұмысын он күнсіз-ақ, қалаған уақытында дайын­дап беретін. Сөйтіп, Қазақстанға тұңғыш аттанғалы отырған адамның көңіліне қанат бітіретін, жүрегіне жылу құятын, сәт сапар тілеп шығарып салатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі болған жылдары қазақ көші тіпті қарқын алды. Елбасы саясатының ас­тарын жете түсінген ол кісі қандастардың виза аштыруға төлейтін құжаттық төлем­дері­нің құнын 100 АҚШ долларынан күрт төмендетіп, небәрі 3 долларға түсіріп бергені де есте. Сондай-ақ қазақтарға үш айға бір мәрте ашылатын визаны бір жылға көп мәрте етіп ашуды жолға қойған болатын. Мұндай визамен бір туысыңның үйіне уақытша тіркеліп, Қазақстанға жыл бойы келіп-кетіп еркін жүре беруіңе бо­латын. Осы мезгілде азаматтыққа, квота­ға құжат­тарыңды тапсыратынсың. Қоныс­та­натын мекеніңе де белгіленіп үлгеретінсің. Бұл жеңілдік Қытайда тұратын ағайын­дар­дың елге келуіне, тұрақтап тұрып қалуына өте тиімді болды. Соның арқасында көші-қон саласында еліміздің жеткен жетістіктері жаман болған жоқ. Қазірге дейін, Құдайға шүкір, Қытайдан 84 мың адам, жалпы шетелдерден бір миллионның үстіндегі қандасы­мыз Отан құшағына оралыпты. Бұл егемендігін енді ғана алған жас мемлекет үшін, әрине, аз көрсеткіш емес. Дегенмен бес миллион қазақтың әлі де жат жұртта жүргенін ескерсек, біз атқарар жұмыстың үлкені тағы алда екенін бірден байқаймыз. Жасыратыны жоқ, соңғы бес-алты жылдың көлемінде көшіп келушілердің қарқыны өте баяулап қалды. Бірен-сарандап жеке сапармен келіп-кетіп жатқандар болмаса,  Қытай жағынан келетін арнаулы көш негізінен тоқтады десе де болады. Мұны осы биылғы ІV құрылтайда «соңғы кездері белгіленген квота толмауда» деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың өзі де ашық айтты. Әу бастан мемлекеттің ұстанған сая­саты дұрыс, Елбасының бағыт-бағдары айқын. Сонда Қытайдағы қандастары­мыздың елге келуіне не кедергі болып отыр? Оған «мынау» деп, бір сөзбен жауап беру, әрине, қиын. Десе де, осыған дейін қолданыста болған «Халықтың көші-қон» Заңының шикі тұстары жалпы көшке салқынын тигізгенін айтпай кетуге бол­майды. Атап айтқанда, «...Жеке өзi жүгiнуi мүмкiн болмаған жағдайда өтiнiш берушi уәкiлеттi өкiлге жүгiнуге нотариалды рас­талған сенiмхатты оралман мәртебесiн беру және (немесе) оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзу туралы өтiнiшпен қоса бередi» деген 14-баптағы 1-тармақ­тың осы соңғы тұжырымын өз пайдасына бұрушылар белең алды. Анықтап айтсақ, жалған құжатпен үкімет қаржысын үптеп кеткендердің санын сол саламен айна­лыс­қандар жақсы біледі. Сондай-ақ «Оралман мәртебесi ол Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн тоқтаты­ла­ды» деген жоғарыдағы баптың бір ғана 4-тармағы Қазақстан азаматтығын тездетіп алған сан мыңдаған қандасымызды берілетін әлеуметтік көмектен қақты. Оның үстіне, кезінде Қытайдағы қазақ­тарға жоғарыда айтқан жеңілдіктер де қазір желге ұшқан. Қазақтардың визасы бас­қа ұлттардікімен бірдей, үш айға бір не екі мәрте кіріп-шығатын етіліп ашылатын болды. Үш ай деген мұнда келген соң тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтыққа құжат жиып үлгермей жатып, зу етіп өте шығады. Сосын қайыра кетуге тура келеді. Сөйтіп, жыл бойы виза аштырамын деп Үрімжіге шабасың да жүресің. Мұндай жағдайда қырғын кезек болмай қайтсін? Дегенмен, кеш те болса, бір жақсы­лық­тың құлағы қылтиғандай. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заң Парла­мент­тің қарауынан өтіп, Сенаттың мақұл­дауы­на жіберіліпті деп естіп жатырмыз. Оған «Қазақстан азаматтығын алғаннан ке­йін де қандастарымыздың «оралман» мәр­те­бесі белгіленген квотасын алғанға дейін сақталады» деген аса қажет екі ауыз сөз де қосылған көрінеді. Бұған да тәубе. Әйтсе де осы тармақты көп талқыға салу­дың, ұзақ жыл созудың қандай қажеті бар еді? Біз сырттағы қандастарын Отанына шақырып отырған әлемдегі үш елдің біріміз. Бұл – шындық. Көш тоқырауға тап бола бастаған тұста, ІV  құрылтайдың өтуі, оған Елбасы Н.Назарбаевтың тағы да ар­найы келіп қатысуы, сөз сөйлеуі жұрт сенімін қайтадан бекітті. Сырттағы ағайын­ның жү­регіндегі үміт жалыны қайта лаулай бас­та­ды. Бұл жолғы құрылтай шынында көкөрім жастардың көп келуімен ғана емес, Тәуел­сіздіктің жиырма жылдығы қарса­ңын­да ашылғанымен де өзгерек болды. Биылғы Тәуелсіздіктің жиырма жыл­ды­ғы біз үшін шынында орны ерекше мереке. Мереке ғана емес, өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын бет­бұ­рыс кезең. Жоғарыда да айттық, қазақ көші де осы екі он жылда ауыр сыннан өтті. ІV құрылтайда ол жайттардың біразы әңгі­ме арқауына айналды. Құрылтайда сөз ал­ған делагаттардың лебізінен ендігі жерде қазақ көшіне барынша зәру боп тұрған­дардың қай елдердегі қазақтар екені анық байқалды. Атап айтсақ, бүгінге дейін бө­геліссіз көшіп келіп жатқан ағайынның дені ТМД аумағындағылар екен. Елге көшіп келген миллионға жуық адамның да негізін осылар құрайды. Ал Моңғолиядағы қа­зақ­тардың келуіне кедергі болып тұр­ғаны – жол. Шығыс Қазақстаннан төтелеп өте­тін­дей етіп шешіп берсек, ондағы ел көшіп келе беретін көрінеді. Отанға оралуға барынша құлшынып отырған жұрт – Қытайдағы қандастар. Қазіргі таңда олардың саны да қомақты. Бір қиындық – барлық елдің азаматының қолында бар шетелге шығатын төлқұжат осы елдің халқына бұйырмапты. Нақты­лап айтсақ, Қытай үкіметі өз азамат­тары­на тек азаматтық куәлік береді де, тө­л­құ­жат ұстатпайды. Сондықтан, ондағы қа­зақ­тар басқа шетелдегі қандастары секілді қоны­шынан басатын, қалаған жағына кете беретін жағдайда емес. Қазақстанға келу үшін де біздің елдің бір азаматының шақыртуына жүгінеді. Орысша жазылған ол шақырту әлгі адамға барған соң, оның әр бетіне ақша төлеп аудартылады. Содан көп тексеруден өтіп, қатысты орын­ға тапсырылып барып, әрең дегенде төл­құ­жат алады қолдарына. Мехнат осымен бітсе жақсы ғой. Бұған енді өз еліміздің кедергілері қосылады. Ол − виза деген алы­н­бас қамал. Төлқұжат алған қазақ енді Үрім­жіге қарай жолға шығады. Онда барып, біз­дің Консулдық қызметтің босағасына ұшы-қиыры жоқ кезекке тұрады. Шақырту дегеннен шығады, осы жиыр­ма жылдың ішінде бұл шақыртудың сан түрі болды. Бірі тоқтаса, екіншісі шы­ғып отырды. Ең алғашқысы, жеке сапарға ар­нал­ған көк түсті қағаз еді. Мұ­ны «туыс­шы­лау шақыртуы» деп атадық. Қытайдағы туысыңды шақырту үшін, қажетті бланк толтырып, өзің тұрған жердің көші-қон полициясы басқармасына өткізесің. Ол кемінде үш айдан кейін барып мақұлданып шығады. Аласың да, арғы бетке жөнел­те­сің. Екіншісі, «іскерлік шақырту» деп аталды. Оны Қазақстан­дағы кез келген ЖШС-дан алуға болады. Үшіншісі, «оқуға келетіндердің» ша­қыртуы. Мұны барлық  жоғары оқу орын­дары бере алады. Қиын­дығы сол, осы шақыртулардың қай-қайсы­мен де келетін адамның кеденнен тек өз соқа басы ғана өте алады. Оған оқу жа­сын­дағы баласын Қытай жағы тіркемейді. Төртіншісі, «көші-қон шақыртуы». Шақы­р­тулардың ішіндегі ең тиімдісі осы. Қазақ­стан азама­ты Қытайдағы туысының отба­сын­да қан­ша адам бар, соның бәрін бір қағазға толтырып жазады. Араларындағы туыс­тық байланысын көрсетеді. «Қазақ­стан­ға көшіп келген соң, тіркеуге тұратын мекен-жаймен, баспанамен, жұмыспен, ба­ла­ларын оқумен қамтамасыз етемін» деп нотариалды расталған кепілдік береді. Сыртына өзі тұрған жердің көші-қон де­партаментінің келісімін алып, таңбасын бастырады. Сонымен бірге, Консулдық департамент те (СІМ) мөрін соғады.  Бұл шақыртуды алған Қытайдағы отбасы мүшелері түгелдей, жоғарыдағы тәртіппен төлқұжатқа кезексіз ие болады. Үрім­жі­дегі Консулдық қызметтен Қазақстанға тұрақты тұру визасын да кезек күтпей ала алады. Отбасы мүшелерін, барлық жүгін Көші-қон заңының «Кеден iсi мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган: мүлiктi шекара арқылы кеден төлемдерiн алмай өткiзеді» деген 29-4-баптың 1-тармағына сай, кеден салығынан босатылған жеңілдікпен кеденнен бері өткізе алады. Неге екенін білмеймін, біздің ел Қытайдағы қандастары­мыз­дың жоғарыда айтқан жағдайын біле тұра, осы «көші-қон шақыртуын» заңсыз деп, бес-алты жылдан бері тоқтатып тастады. Ме­нің  арғы бетте тұратын өз туыстарым­нан, құда-жұраттарымнан, ауылдастарым­нан құ­рал­ған 137 отбасын елге көшіріп әке­лем деп жүгіргеніме, міне, биыл табаны күрек­тей үш жыл болды. Хат жазбаған жерім қалма­ды. Бәрі бірыңғай жауаппен бұрын­­ғы Көші-қон комитетіне сілтейді. Ол комитет қазір ІІМ-не біріктірілді. Хатымнан түк нәтиже шықпады. Қазір ол шақыртулар депутат Б.Тілеухан­ның хаты­мен бірге ІІМ Кө­ші-қон комитеті төрағасы Ғ.Досқалиев­тің қоржы­нын­да жатыр. Алты алашқа таны­мал жез­таң­дай әнші, халық қалаулысы Бекбо­лат­­тың сол үшбу депу­таттық талабы жерде қал­мас деп үміттенеміз. Демек, осындай жағдайда, ойлаңызшы, Қытайдағы қазақтар Қазақстанға қайтіп келмек?! Жасыратын несі бар, өткен  үш жылда «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Қытайдан бір отбасы да көшіп келген жоқ. Бұрын «көшіп» келген, бірақ квота ала алмай қалған ағайындарды сол бағдарламаға кіргізіп, әйтеуір уһ дедік. Шынын айтсақ, арғы бетте тұрып жат­қан туыстарымызды шақыртатын заңды құ­жаттың жоқтығынан олардың көші тоқ­та­ды. Манағы «соңғы кездері белгіленген кво­та толмауда» деуіміздің басты себебі осы. Қытай жағы қазақтардың өз Отанына қотарыла көшуін тежегенімен, халық­ара­лық заңнамалардың талабына сай, бөлі­ніп-жарылған ағайын-туыстың бір-біріне қосылуы үшін қоныс аударуына аса қарсы емес. Бұл мәселе 1995 жылдың қыркүйек айында Елбасының Пекинде болған сапа­ры кезінде шешілген. Оны Қ.Тоқаев «Беласу» деп аталатын кітабының 212-бетінде: «Дегенмен, бұл мәселе жөнінде де прин­ципті уағдаластыққа қол жеткіздік: Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келетін ұлты қазақ ҚХР азаматтарына Қытай үкіметі тарапынан ешбір кедергі жасал­май­ды. Бұл маңызды келісім Қытайдан кө­шіп келем деген оралмандар санын арт­ты­ра түсуге жәрдемдесері анық», деп жазған. Қытайдағы қандастарымыздың көшіп келу мәселесін шешу өз қо­лымызда тұр. Ол үшін «Көші-қон» ша­қыртуын қол­данымға енгізу мен бір жылға көп мәртелі виза алу мәселесін түзетулер мен толық­тырулар енгізіліп жатқан «Ха­лық­тың көші-қоны» Заңына енгізуіміз керек. Ұлт көш­басшысы осы құрылтайда: «Пар­­ламентте «Халықтың көші-қоны ту­ра­лы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен тал­қыланып, қабыл­да­натын жаңа заң қанда­старымыздың жағ­дайын жақсартуға  септігін тигізеді деп есеп­­теймін. Ол қандас­тарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедер­гілерді жоюы тиіс», дегенде, осын­дай аса маңызды, кезек күттірмейтін, көкейкесті мәселелерді кешіктірмей шешуді меңзегені айдан анық. Бұған халық қалаулылары бей-жай қара­майды деген үміттеміз. Ауыт МҰҚИБЕК, ақын, «Балдырған» журналының қызметкері. Алматы.