Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бірқатар еншілес құрылымдарының акциялар пакетін салалық министрліктерге сенімді басқаруға берілуін қамтамасыз ету туралы Үкіметке тапсырма берді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа Мемлекет басшысы 10 тамызда қол қойды.
Атап айтқанда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы акцияларының пакеті Экономикалық даму және сауда министрлігіне; «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы акцияларының пакеті Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне; «Қазақстан инвестициялық қоры» акционерлік қоғамы акцияларының пакеті Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне; «Kazyna Capital Management» акционерлік қоғамы акцияларының пакеті Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне; «ҚазЭкспортГрант» экспорттық-кредиттік сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы акцияларының пакеті Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне сенімгерлік басқаруға берілді.
Осы Жарлықпен Үкіметке сондай-ақ, «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамының акциялар пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Экономикалық даму және сауда министрлігіне; «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Ипотекалық кредиттерге кепілдік берудің қазақстандық қоры», «Қазақстандық Ипотекалық Компания» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамдары акцияларының пакеттерін иелену және пайдалану құқықтарын Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне берілуін қамтамасыз ету міндеттелді.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.