Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу сатысында сот бақылауы мәселесі қызу пікірталас туғызып отыр. Тоқсаныншы жылдардың басында қамауға алу және қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулыға сотқа шағымдану құқығы түрінде пайда болған бұл институт алдын ала тергеу органдарының шешімдеріне сотқа шағымдану мүмкіндігін кеңейту жағына қарай дами түсті. Соңғы жылдардың ішінде жеткілікті тәжірибе (сот-тергеу тәжірибесі) жиналды. Осыған байланысты сот бақылауының қызмет өрісі уақыт өте келе айтарлықтай кеңейді.
Бүгінгі уақытта сотта шағымдануға рұқсат етілетін алдын ала тергеу органдары мен прокурордың шешімдерін шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа тергеу және анықтау органдары, сондай-ақ прокурор (тергеудің белгілі бір сатысы үшін немесе жалпы) қорытынды немесе түпкілікті шешімдерін тұжырымдаған олардың қаулылары жатады. Бұл жерде әңгіме қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы, қылмыстық істі қысқарту туралы (жалпы немесе нақты тұлғаға немесе тұлғаларға қатысты), қылмыстық іс бойынша тергеуді тоқтата тұру туралы, қылмыстық істі бөліп шығару немесе қылмыстық істерді біріктіру туралы, қылмыстық істі (тергелуге тиістілігі, аумағы бойынша) жіберу туралы және т.б. қаулылар туралы болып отыр.
Екінші топқа сот тәртібімен шағымдануға жол берілетін тергеу және анықтау органдарының шешімдері жатады, оған қылмыс жасады деген күдікті немесе айыпталып отырған адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары кіреді. Істі тергеу кезінде дәл осы адам ең үлкен шектеулерге душар болады, сөйтіп, бұл жерде сот бақылауы ең кең ауқымдана түседі. Ұстау, қамауға алу, тергеу және қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулыға сотқа шағымданудан басқа, тінту жүргізу; мүлікке тыйым салу, лауазымынан шеттету, сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін стационарға жатқызу туралы қаулыға және т.б. қаулыларға шағымдану құқығын атап көрсетуге болады. Іске нақты қорғаушыны қатыстырудан бас тарту туралы тергеушінің шешіміне сотқа шағымдану мүмкіндігі жөніндегі пікір де негізді деп есептеймін, себебі оның қорғану құқығына тікелей қатысы бар. Өзге бұлтартпау шараларын, мысалы ешқайда шықпау секілді қолхатты таңдау туралы тергеуші мен прокурордың шешіміне сотқа шағымдану мүмкін бе? Мұндай бұлтартпау шарасының таңдалуы азаматтың жүріп-тұру бостанды құқын шектейді. Дегенмен, тәжірибе жүзінде мұндай шағымдар өте сирек кездеседі. Бұлтартпау шарасы ретінде кепілзат алудың қолданылуына да шағым берілмейді, себебі іс жүзінде ол мүдделі тараптардың (айыпталушының, адвокаттың) өтінімі бойынша немесе солардың келісімімен қолданылады.
Үшінші топқа тергеу және анықтау органдарының өзге шешімдеріне шағымдану құқығын жатқызуға болады (мұнда куәлердің, заңды өкілдердің және т.б., мысалы, үйлерінде тінту жасалып, мүлкіне хаттама түсірілген айыпталушының ата-анасының және т.б. шағымдары туралы әңгіме болып отыр). Бұған байланысты жағдайлар өте көп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта процеске қатысушылардың іс жүргізушілік құқықтарын бұзбайтын, тек қана солардың мүддесін қанағаттандырмайтын алдын ала тергеу органдарының шешімдеріне не әрекеттеріне (мысалы, куәдан жауап алудан, сараптама тағайындаудан бас тарту) байланысты сотқа шағымдануға болмайды, бұл әрекеттер сот талқылауы кезеңінде сот бақылауына түсуі мүмкін.
Сот бақылауы мәселелерін талқылау кезінде әртүрлі көзқарастарды кездестіруге болады: біреулер оның ауқымын одан әрі кеңейту керек десе, басқалары, керісінше, оның ауқымын тарылту немесе шектеу қажет; тағы біреулері қазіргі жағдайды сақтап қалған дұрыс деп есептейді.
Көптеген заңгер-ғалымдар алдын ала тергеудегі соттың өкілеттіктерін бірізділікпен кеңейтуді қолдап, пікір білдіреді. Олар сотқа шағымдануға жол берілетін негіздемелер тізімін елеулі түрде кеңейту жолын ұстанған дұрыс деп есептейді. Оған «қылмыстық істің алға жылжуына» кедергі жасайтын алдын ала тергеу органдары мен прокурордың негізгі әрекеттері мен шешімдеріне ғана емес, дәлелдемелер жинау бойынша тергеу амалдарын жүргізу туралы қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырудан бас тартылуына сотқа шағымдануды кіргізу ұсынылып отыр. Бір қарағанда, бұл ұсыныс қисынды болып көрінеді, өйткені, түптің түбінде ол істің мән-жайларын зерттеудің толықтығын, жан-жақтылығын және шынайылығын қамтамасыз етуге бағытталған сияқты. Бірақ жағдай әлдеқайда күрделірек. Қорғау тарапына мұндай құқық берілсе, бұл алдын ала тергеу кезеңінде үнемі сот отырыстарының өткізілуіне әкелуі мүмкін. Жекелеген адвокаттар осындай өтінімдерді мәлімдеп, содан соң бас тартуға байланысты сотқа шағым түсіріп, тергеуді қасақана созып, оны аяғы жоқ сот дауына ұластыруы әбден мүмкін. Кейбір ғалымдардың дәлелдемелер жинау бойынша, тергеу амалдарын жүргізу туралы қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырудан бас тартылуына сотқа шағымдану құқығын заңға кіргізу туралы ұсынысты жөн көрмеуінің себебі осында болар.
Бұған дейін қамауға алуды санкциялау мәселесін шешкенде прокурордың бақылаусыз болғанын мойындауымыз керек. Жоғары тұрған прокурор қамауға алудың заңдылығын әдетте шағым түскен жағдайда ғана және біршама көп уақыт өткен соң ғана тексере алатын. Сот бақылауының енгізілуімен прокурорлар корпусының психологиясы де өзгерді. Қазір дәлелдемелер болмаса немесе жеткіліксіз болса, адамды қамауға санкция беруді жөн көретін прокурорлар аз, себебі олар ертеңгі күні өзінің шешіміне сотқа шағым түсуі мүмкін екенін біледі. Прокурор өз шешімінің негізділігі мен заңдылығына сенімсіз болса, сотқа шағым түскеннен кейін, оның қаралуын күтпей-ақ адамды қамаудан босататын жағдайлар да тәжірибеде жиі кездеседі. Осылайша, сот бақылауының енгізілуі қамауға санкция беру кезіндегі прокурорлардың жауапкершілігін арттырды.
Ұстау мәселесіне келер болсақ, адамның құқықтарын шектеудің бұл түріне сот бақылауының болу міндеті Қазақстан Республикасының құқық жүйесінің бір бөлігі болып табылатын және қолданыстағы ҚІЖК қоса алғанда, ішкі заңнаманың алдында басымдығы бар халықаралық құқықтан келіп шығады.
Алдын ала тергеудің өзге мәселелері – бұл басқа жағдай. Бұл жерде сот бақылауының көптеген артықшылықтарына қарамастан, оның кез келген себепке байланысты барлық қиындықтан шығуға болатын құрал бола алмайтынын ескеру керек. Ведомстволық бақылаудың да өз артықшылықтары бар, әсіресе адам құқықтары туралы әңгіме болғанда оларды жоққа шығару мүлдем дұрыс емес. Айталық, бақылау тәртібімен сот шешімін жедел қабылдау бірқатар себеппен әркез мүмкін бола бермейді, ал прокурор жағдайды сотқа шағымдануға жеткізбестен, анықтау немесе тергеу органының заңсыз шешімінің күшін дереу қайтара алады.
ҚІЖК-де сотта шағымдануға болатын шешімдер мен әрекеттерді әрқайсысын тура атап көрсетіп, нақты белгілеу қажет немесе сотта шағымдануға болмайтын шешімдер мен әрекеттерді көрсету қажет деген ойдамын. Басқаша жағдайда тергеу тығырыққа тірелуі мүмкін. Сонымен қатар, ҚІЖК жобасында шағым беру құқығы процеске қатысушыларда ғана емес, сондай-ақ егер іс жүргізушілік әрекеттер олардың мүдделері мен шешімдерін қозғайтын болса, азаматтарда, кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда да болатыны туралы жалпылама тұжырымды өзгертіп, сотқа осындай шағым түсіруге құқылы тұлғалар қатарын заңда нақты айқындау керек.
Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы.