• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Көрмеде – Оңтүстіктің үздік тауарлары

387 рет
көрсетілді

Жақында Шымкентегі Көркемсурет галереясында “Қазақстанның үздік тауар­лары” өңірлік көрме конкурсының қоры­тындылары өтті. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов көрме-конкурстың «Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсы және «Қазақ­стан­ның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығына және Оң­түс­тік Қазақстан облысы әкімінің 2010 жыл­ғы 3 тамызда «Жыл сайынғы «Қазақ­станның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсын өткізу туралы» қаулысына сәйкес өтіп жатқанын айтты. Конкурстың негізгі мақсаттары: заң­ды және жеке тұлғалардың отандық өні­мі­нің сапасын арттыруға бағытталған қыз­метін жандандыру; Қазақстан нары­ғын жоғары сапалы және бәсекеге қа­бі­летті өніммен толықтыруға жәрдемдесу; отандық және халықаралық стандарттар негізінде са­па­ны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге ал­ғышарттар жасау және оған жәрдемдесу; сапа проблемаларын шешу қажеттілігіне мемлекеттік органдардың, өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғам­дық ұйым­дар­дың назарын аудару болып табылады. Конкурс мына номинациялар бой­ын­ша, атап айтқанда, «Өндірістік мақсат­та­ғы үздік тауарлар»; «Халық тұтынатын үз­дік тауарлар»; «Үздік азық-түлік тауар­ла­ры; «Қазақстанның үздік тауары» тү­рін­де өтті. Көркемсурет галереясы не салсаң да керіле беретін резеңке емес. Әсілінде, тайға таңба басқандай атап тұрып 40 шақ­тысы шақырылғанымен еңбекке бейім, шағын және орта бизнестің шыра­ғын жағып отырған 200-ге тарта кәсіп­керлерді тартуға болар еді. Тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл ішінде қалай өзгергенін бір ғана Оңтүстік кә­сіп­керлерінің дайындап жатқан өнім­де­рі­нен-ақ көруге болады. Жұмыр басты пендеге керектің бәрі бар. Ас атасы – наннан бас­тай­ық. “Корона” фабрикасы ұн өнім­де­рі­нен не дайындауға болады, бәрін сау­даға шы­ғарып отыр. Қазекең саусақ­та­рын са­лып жіберіп сұғына жейтін жаймадан бастап, иісі италиялық ата-ба­ба­сы­ның адал асы –макарондардың түр-түрі­нен көз сүрінеді. Түркістанда тұрып-ақ мақта алқабы­нан терілген ақ мақтадан 92-і түрлі өнім дай­ындап жатқан “Фараб” ЖШС-нің дай­ын бұйымдарын еш қысылмай шетелдің тауар­ларының жанына саудаға шығаруға бола­ды. Отандық ғалымдардың өнімі МЭРС тыңайтқышы жер қыртысын тың­ай­туда керегін тауып беруде үлкен жетістіктерге ие болып келеді. Сайрам ауда­нында 10 мың гектар жерге тыңайт­қы­шын пайдаланып отырған серіктестік Тәу­елсіздіктің 20 жыл­дығына байла­ныс­ты МЭРС-тің бағасын бастапқы құнынан 2 есеге төмендетіпті. Сүйсіндік. МЭРС зауытының дирек­торы, “Ана-Жер” ғылыми өңдірістік бір­лес­тігінің вице-президенті, ғалым Жамал­дин Усманулы Махмұдов: «Біздің тың­айт­қышты елімізде 1 млн. 200 мың гек­тарға пайдаланып отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Шетелдер де назар аудара бас­тады. Ағылшындардың Корольдік Са­ра­йы біздің тыңайтқышпен өсірілген 12 гек­тар жердегі көкөніс, бау-бақша өнім­дерін ала бастады. Экологиялық таза, хи­миялық қоспалары жоқ өнім болғаннан кейін Францияда жүзім плантацияларына пайдаланып жатыр», – дейді. Ішің жылып қалады. Әшейінде, өз еліңде, ас-суыңды ішіп отырып, “Қазақ­стан­да түйме де шығарылмайды” деп дас­тарханның шетін тіліп отыратындар осы­ны естісе, білсе ғой деп ойлайсың. Өр­кениетті ел ғалымдарының ғылыми же­тістігі – нитраттармен өсірілген ат ба­сы­н­дай алмадан жерінген, денсаулығын ой­лаған ағылшын, француз тектілері қазақ ғалымдарының тыңайтқышымен өсі­рілген өнімдерге аңсары ауып, сілекейін жұтып отырса қалай қуанбауға болады?! “Гауһар” тігін фабрикасының дирек­торы Әнипа Халбаевамен тілдестік. Са­ры­ағаш ауданы, Шымкент қаласы әкім­дерінің орынбасары дәрежесіне дейін қызмет етіп, іс-шараларда жаны тынбай зыр жүгіріп жүретін осы кісіңіз мемлекеттік қызметті кәсіпкерлікке ауыстыр­ған. Бір күнде емес, әрине. Әкімдік қызметке келгенге дейін негізін салған бизнесіне оралған. “Гауһар”тігін фабрикасы тіккен киімдерде мін жоқ. Сәнді, тігісі мықты. Заман талабына сай. Әсіресе, оқушыларға арнап тіккен киімдері көз қуантады. Баяғыда шошқа майы қосылмаса шұ­жық өнімдері шығарылмайтындай көрі­нер еді. Айтқанға ғана екен. Мұсылманға харам талпақ танаудың қорытылмайтын әрі жағымсыз иісі бар сүбе майының ор­нын жылқы іш майы мен қой құйрығы ауыстырып жатыр. Халал өнім дайы­н­дайтын “Қарқын” ЖШС шұжықтың алуан түрін ұсынып отыр. Ірі қойдың құйрық майының иісі шы­ғады. Сондықтан тоқты-торымның майы пайдалы деседі. Өздерінің мал борда­қы­лайтын фермалары бар. “Хамит” ауыл­дық тұтыну кооперативі Шардараның кө­лінен сүзген балықтарын мұзға қатырып, Қа­зақ­станнан бөлек Ресейге де жөнел­тіліп жа­тыр. Әрқайсының тәжірибесін та­ратып же­ке материал жазуға болады. Соңында өңірлік көрме конкурсының нә­ти­жесі шы­ғарылды. Номинациялар бой­ын­ша бірінші орынды «HILL Сorpo­ra­tion» ЖШС, «ШТФ «Түркістан» ЖШС және «Ор­да­ба­сы құс» ЖШС жеңіп алды. Екінші дә­ре­желі дипломмен «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС, «Фараб» комби­на­ты» ЖШС жә­не «Корона» макарон фаб­­рикасы» ЖШС марапатталды. Көр­ме­де техни­ка­лық реттеу және метрология ко­митетінің ОҚО бойынша департаменті­нің дирек­торы, бас мемлекеттік инспектор Бегімше Жүзенов кәсіпкерлерге түсінік берді. – Әлемдік тәжірибе экономикалық даму қарқынына патент пен лицензиядан стандарттар күштірек ықпал ететіндігін көрсетіп отыр, – деді ол. Біздің барлығы­мыз­ға экспортқа бейімделген салалар әл­ем нарығына ену стратегиясы түрінде стан­дарттар қолданатыны, және олар тех­ни­калық жаңалықтарды ендіруде шын ын­таландырушы болып табылатыны белгілі. Қалыптасқан үрдіске байланысты ағ­ымдағы жылдың басынан жыл сайынғы «Алтын сапа» байқауы басталды. Ол ал­ғаш­қыда аумақтарда орындалады, сонан соң ИСО халықаралық стандарттау ұйы­мы белгілеген Бүкіләлемдік сапа күні Ел­басының қатысуымен байқау қоры­тын­дырылады. Ағымдағы жылы байқау елі­міз­дің Тәуелсіздігінің 20 жылдық ая­сында өтеді. Сондықтан қазақстандық ком­па­ния­ларға байқауға белсенді қаты­суы қажет. Себебі, осы жылдар ішінде «Ал­тын сапа» жүлдесі ұлттық бренд дә­режесіне жетті және сапа саласында бір­ден-бір беделді жүлде болып табылады. Еліміздің тәуел­сіз­дігін орнату жыл­да­рын­да барлық сала­дағы экономикалық даму кәсіпкерліктің дамуымен тікелей бай­ланысты болды. Осы 20 жыл ішінде уақыттың қатал сыны­нан өткенімізбен бірге, отандық өндіру­шілер көптеген тұр­ғы бойынша салмақты бәсекелес бола тұ­рып, Кедендік одақ, Бі­рыңғай эконо­ми­ка­лық кеңістік құру жағ­дай­ында өздеріне сыртқы нарыққа лай­ық­ты шығуды қам­та­масыз еткенімен мақтан ете аламыз. Қо­рыта айтқанда, «Қазақ­станның үздік тау­арлары» байқау-көрмесі кіші, орта, ірі кәсіпкерлік өкілдеріне өз­дері туралы мәлімдеме жасау үшін қолай­лы алаң болып табылады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.