• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

Конституция – тұтастық кепілі

495 рет
көрсетілді

Бүгінгі өркениетті қоғамды құқық­сыз, заңсыз елестету қиын. Себебі, өр­кениетті қоғамды жалпыға тең, әділ, бостандыққа кепіл болатын құқықтық нормалар қалыптастырады. Сондықтан әр мемлекеттің жалпыға тән жүйе­лен­ген ортақ заңы болуы тиіс. Сонда ғана  қоғам ортақ мақсатпен бірігеді. Адам баласына еркіндігінен немесе бос­тан­ды­ғынан, қауіпсіздігінен артық құн­ды­лық жоқ. Ал осы құндылықтарды қам­та­масыз етіп отырған жүйелі заңы болса, ол кез келген қитұрқы әрекеттен аулақ болса азаматтар да өзінің мемлекетіне, болашағына деген нық сеніммен өмір сүреді. Міне, осы орайда тәуелсіз Қазақ­станның өз азаматтарының сенімділігіне селкеу түсірмейтін, қоғамына бақыт сыйлаған, адамзаттың дамуын­да­ғы құ­қық­тық құндылықтарды бойына жина­ған әмбебап, әлемде алдыңғы қа­тар­­дан көрінетін Конституциясы бар. 1995 жылы 30 тамызда мем­леке­ті­міздің Негізгі Заңы – Конституция қа­былданды. Он бес жыл бойы біз осы Конституциямен өмір сүріп келеміз. Он бес жылдық қарыштап дамуы­мыз­дың дә­ре­жесі қанша болса, Ата Заңымыздың да мерейі сонша биіктей бермек. Бір ғұлама: «Ұлт күшті болуы үшін адамдар бірдей ойлап, бірдей түйсініп, бірдей сезінуі қажет және ортақ құнды­лы­ғы болуы тиіс» деген екен, ал біздің жоғары деңгейде дамып, өркендеуімізге қажетті алғышарттар Ата Заңымыз – Конституцияда толық көрініс тапқан. Конституция бізге әділдікті, теңдікті, құқықтылықты, әсі­ресе бостандықты, өмірге қол сұғы­л­мау­шы­лық­ты, еріктілікті, әлеуметтік қам­та­масыз­дық­ты, билікті бөлу ұстанымы мен билікке келудегі әділдік пен демо­кратиялылықты, ұлттық тіліміз бен сенімімізге ешкімнің кедергі келтірмеуін, мә­де­ниетіміздің өсіп өркендеуіне жағдай ту­ғызуды, т.с.с көпте­ген жақсылықтарды береді. Демек, билікте немесе саясатта, қоғам ішінде орын алып жатқан кемшіліктер бол­са, оған Конституцияның еш кінәсі жоқ. Керісінше, Конституцияда көрсетіл­ген нормалармен өмір сүре алмаған, оны сақ­тама­ған өзіміз кінәліміз. Кінә Конституцияда емес, кінә азаматтарда, әрбір адамның жеке басында. Егер біз осы кем­шілігімізді түзетсек, құқықтық сауат­ты­лығымызды арт­тырсақ, заңға сәйкес өмір сүруді әдетке айналдырсақ, заңды сақта­сақ, құрметтесек қана қоғамы­мыз­дағы келеңсіздіктердің өзі-ақ жоға­л­ып кетер еді. Бір теңеу бар «қа­раң­­ғыны қаралай бермей, одан да шырақ жақ» деген. Ендеше, өз шырағымыз өз қолымызда. Конс­ти­ту­ция­мыз­да айтыл­ған нормаларға бәріміз бір жа­ға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып құрмет кө­р­сетсек, қоғамымыздың бірлігі ар­тады. Бірлігі артқан елдің берекесі мол болады. Әлемде қаншама елдер бар. Сол елдердің көбісінің конституция­ларын­да ұлттық болмыстағы жетілмеген немесе әлемдік көштен кенже қалған нор­малар орын алған. Cол елдердің әлеу­меттік, экономикалық, саяси өмір­лері әлдеқайда дамығандығына қара­мас­тан, сол нормалар сонау ерте кезден заң болып қалып­тасып ата заң­дарында кірігіп кеткендігін тілге тиек етіп отырмын. Ал біздің Конститу­ция­мыз кертартпа түсі­ніктер мен пайым­дарға жол бермей, қайта адамзаттың құқық­тық құнды­лық­тарының қазіргі таңдағы маржан­дарын ғана алып отыр­ғанын, соны қағидаға айнал­ды­рып жазғанын білуіміз керек. Конституция билікті бөлу ұстаны­мы­ның әділ жүргізілуіне қажетті норма­лар­ды қамтиды. Дамыған өркениетті мемлекеттердегі билік бөлу ұстанымы Ата Заңымызда көрініс тапқан. Әрине, жан-жақ­ты жетілген, озық үлгідегі Консти­ту­ция­мыздың қалыптасуы күрделі де күр­меуі қиын жолды бастан өткеріп ба­рып мүмкін болды. Оның қалай қалыптасқаны Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кіта­бы­ның ІІ тарауында тиянақ­ты түрде жа­зыл­ғандығын атап айтқым ке­леді. Бұл еңбек біздің Конститу­ция­мыз­дың жасалу тари­хын бүге-шігесіне дейін екшеп жаз­ған құжатқа бермес құн­ды кітап. Сон­дықтан да Конститу­ция­мыз­дың қалып­та­су тари­хын білгісі келетін әрбір жан осы еңбекті оқығаны абзал. Біз, сот саласы қызметкерлері сот билігінің Конституцияда мемлекеттік биліктің үшінші тармағы болып, өз қызметін атқаруда дербес, ешкімге тәуелсіз әрекет ететінін және тек Конституция мен заңдарға ғана бағына­тын­­дығын іс жүзінде көріп отырмыз. Бұл Конституцияда айтылған соттар­дың тәуелсіздігі қағидасының шын мәнінде өмірде орын алғандығын дә­лел­дейді. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы ел өмірінің өр­кениетті дамуына бағ­дар беретін, оның қоғамдық қарым-қатынастардың кез келген үлгісін әмбебап реттеуге күші жететін және Қазақстанның әлемдік аре­нада құқықтық мәртебесін ла­йықты алуы­на септігін тигізетін маңызды құ­қықтық құжат болып табылады. Ата Заңымыз қолданыста болған жыл­дар бізге тек даму мен серпіліс, бейбітшілік пен қоғамдық тұрақтылық сыйлады. Ендеше, Конституциямыз бо­ла­шақта да барша қазақстан­дықтар­дың игілігі үшін қызмет жасай берсін дегім келеді. Нұргүл ЛЕСОВА, Сарыағаш аудандық сотының судьясы. Оңтүстік Қазақстан облысы.