Дауылпаз ақынның туған өлкесі оған дайын
«Өртке тиген дауылдай» өршіл өлеңдерімен қайтадан өрлей бастаған қазақ әдебиеті әлемін дүр сілкіндіріп, бедерлі белеске көтерген Қасым Аманжоловтың халқымен бірге жасай беретін мәңгі өлмес шығармашылық шыңына арналған мәдени іс-шаралар бұл күнде аймақтың барлық жеріне шуағын шашып тұр. Қайда барсаңыз да ақын рухы алдан шығады, үні жүректер тербетеді. Арқа төсіндегі аймақ үшін биылғы жыл – Қасым жылы болып отырғаны, тарихқа солай болып еніп қалатындығы айқын сезіледі. Бір ғасырдың асылына айналған жалынды жан мерейтойына дайындық бүгінде тыңғылықтандырылып, ұмытылмастай өтуі түйінделіп жатыр. Осыған байланысты құрылған облыстық комиссияның ұйымдастыру жұмыстары жыл басынан бері бір тынбаса, нәтижесі қыркүйектің 8-11 күндерінде жарқырамақ.
Қасым Аманжолов 100 жылдығында ел-жұртына алдымен өлең-жырларымен қауыштырылды. «Алтын қалам» айдарымен топтастырылып, әрі әсем безендірілген кітаптары қазір оқырмандар қолында. Орыс тілді қауым да Қасым жырымен сусындап отыр. Дмитрий Снегин, Борис Слуцкий, Илья Сельвинский сынды білгірлер аударған туындыларымен бірге, Бақытжан Қанапиянов тәржімелеуіндегі 1 томдық жинақ мерейтойға мерейлі тарту қатарында. «Қасым» әдеби-мәдени журналының танымдық мақалалары ақын бейнесі мен шығармашылығының беймәлім сыр-қырларын байыпты таныстыруда.
Өшпес өлең-өмірі бірнеше жылдан соң жаңадан жарық көрген кітаптары, тың зерттеулер арқылы танымал бола түссе, өнер ошақтарының арнаулы қойылымдары алып тұлғаның сан қырлы талантын әсерлі жеткізе алды. Жезқазғандық көрермендерге «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы» деген тақырыппен жергілікті театрда сахнаға шығарылған шығармашылығының басты-басты кезеңдері арқау етілген қойылым көрсетіліп, көңіл баурады. Ал қарағандылықтар «Досымның үйленуі» спектаклін тамашалады. Талапкер ізбасарларының облыстық байқауы өтіп, біраз жас ақындар танылды. Өлеңдерін жатқа оқушылар сайысына қатысушылардың көп болуы мұрасы ұрпақтан ұрпаққа ұласуын байқатты. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, көпшілік кітапханаларда өткізіліп келе жатқан әдеби кештер мен кездесулер ардақты ақын алмас жырлары жастар көкірегінде жатталып, жаңғырып қалуда.
Қасым ақынға деген құрметтің тамаша бір айғағы – еліміз аумағында тұлғалы алғашқы ескерткіші ашылуы жақын. Қарағандының әсем бір мүйісінде асқақтап тұрар мүсіні мерейтой басында бой көтереді. Сәкен Сейфуллин көшесінен қалалық орталық саябаққа кіреберіс тұстағы ескерткіш қарағандылықтардың сүйсіне демалатын орны ретінде де көз тартпақ. Сөз орайында айта кеткенде мерекелік шаралардың бірінші күнінде ақын әндері мен өлеңдеріне әндер фестивалі, республикалық ақындар айтысы өтілсе, ертеңінде облыс басшылығы әдебиет пен өнер қайраткерлерімен кездеседі, ескерткіші ашылады, ғылыми-тәжірибелік конференция, жыр-мүшәйра келушілерді шақырады. Ал 10 қыркүйекте ақынның кіндік қаны тамған Қарқаралыдағы Кент тауының баурайы мерейтой дүбіріне бөленеді.
Біртуар таланттарды, дарындарды құрметтеу, бағалай білудегі елдік қасиеттің үлгілі үрдісі Қасым Аманжолов 100 жылдығында барынша танылады. Енді аз күнде дауылпаз ақын қанаттанған өлке поэзия сүйермендеріне құшақ ашуға дайын.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.