Елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы болып, оған көптеген халықаралық ұйымдар мен шетелдердің байқаушылары қатысты. Солардың бірі, яғни ТМД Байқаушылар миссиясы сайлау болған күннің ертесіне баспасөз мәслихатын өткізіп, өздерінің ойға түйгендерін және көріп білгендерін ортаға салды.
Сайлауға дайындық барысын саралау жұмыстары әлдеқашан басталып кеткендігімен бөліскен миссия жетекшісі Сергей Лебедев бұған интернет мүмкіндік бергендігін айтты. Миссия штабы ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттер азаматтарының сайлау құқын қорғау, парламентаризм және демократия дамуының халықаралық мониторингі институтымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Сенаты депутаттарын сайлауды реттейтін заңнаманы саралаған және оны халықаралық талаптарға сай деп тапқан. Сонымен қатар, миссия өкілдері саяси науқан алдындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақты болуы сайлаудың ашық та әділ өтуіне өзіндік оң әсерін берді дейді. Қазақстанға келгенде де миссия басшылары еліміздің бірқатар билік құрылымдары басшыларымен жемісті кездесулер өткізіпті. Осы орайда сайлауға қатысты түсіндіру-ақпараттық жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілгені де назардан тыс қалмаған.
ТМД Байқаушылар миссиясы құрамына Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, ТМД-ға мүше мемлекеттер ПАА және ТМД Атқару комитеті кіреді. Сенат депутаттарын сайлауға байқаушы ретінде 8 елден 68 өкіл келгені де белгілі. Молдова мен Әзербайжан өз өкілдерін байқаушы ретінде жібермеуі миссия өкілдері үшін әзірге түсініксіз. Қызылордадан өзге барлық облыстарды аралағандығымен бөліскен ТМД Байқаушылар миссиясының жетекшісі сайлаудың ашық та әділ өткендігін ерекше атап өтті. «Жәшікке бюллетень салудан санақ жүргізуге дейін барлығы көз алдымызда өткізілгендіктен, бұрмалау да мүмкін емес еді», деді ол ашығын айтып.
Сайлау науқаны кезінде заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Депутаттық орынға таласуға 96 адам ниет білдірсе, Орталық сайлау комиссиясы солардың тоғызы өз кандидатурасын алып тастауына байланысты тіркемепті. Заңда көрсетілген мерзімде тиісті құжаттарын тапсырмаған 27 үміткер де додадан шығып қалған. Ал тіркеуге ілінгендердің ішінен де жиырмаға тартасы өз райларынан қайтатындықтарын білдіріпті. Бір үміткер кіріс декларациясын дұрыс толтырмай, тіркеуге алынбаған. Сонымен, 16 депутаттық орынға 39 адамның таласқанын орынды атай кеткен жөн. Миссия өз тарапынан Солтүстік Қазақстан облысында дұрыс тіркемеу, ал Батыс Қазақстан облысында үгіт-насихат жұмыстарының алдын ала басталып кеткен фактілері бойынша заң бұзушылықтар анықталмағандығын қуаттады.
Миссия өкілдерінің пікірінше, ТМД-ға мүше мемлекеттердің сайлау заңнамасы жылдан жылға жетілдіріліп келеді. «Халықаралық нормаларға тақап қалдық, кейбір тұстарда озып та кеттік десек болады. Кейбір ұлттық нормалар батыстық заңнамамен қабыса бермейді, оның басты себебі ұлттық ерекшеліктерде жатса керек. Әрине, ұлттық ерекшеліктерді ескермеуге де болмайды. Толықтай алғанда, біз сайлау барысында Орталық сайлау комиссиясының ұйымдасқан іс-әрекетін көрдік», деді Сергей Николаевич ағынан жарылып. Ал өз кезегінде ресейлік байқаушы Вадим Густов ТМД аумағында сайлау үдерістері байқалуда екендігімен бөлісті. Ресейде сайлау науқаны басталарын ортаға салған ол бір қыркүйек айының өзінде сегіз сайлау өткізілетінін жеткізді. Көршілес Қырғызстанда президенттік сайлау екі айдан кейін басталады. Қазақстан тәжірибесі көршілес жатқан қырғыз еліне тиімді болмақ. Сондай-ақ, миссия мүшелері Қазақстандағы жағдайдың бұрынғыдан да жақсарып келе жатқандығына жан-жақты тоқталды.
Қорыта айтқанда, ТМД Байқаушылар миссиясы сайлаудың баламалы әрі бәсекелестік жағдайда, сондай-ақ Қазақстан заңдарына сәйкес өткендігін жеткізді. Олай болса, бұл Қазақстан заңдарының демократиялық құндылықтарға құрылғандығын көрсетеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.