*Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ир кеше өзінің бронды пойызымен Бурятияға келді. Онда ол Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен кездесіп, келіссөз жүргізбекші. Келіссөздің негізгі тақырыбы екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы болмақ.
*Ирак аумағындағы әуе және жер операциялары нәтижесінде түрік әскерилері алты күннің ішінде шамамен 100 шақты күрд жасақтарының көзін жойды. 80 шақты жасақ түрлі деңгейде дене жарақаттарын алған.
*Бұған дейін көтерілісшілердің Ливия астанасы – Триполи қаласын өз бағынысына алғаны туралы ақпарат тараған еді. Енді бұған күмән туып отыр. Өйткені, тұтқынға алынды делінген Ливия басшысының баласы Сейф әл-Ислам кеше шетелдік агенттіктердің журналистерімен кездесіп, оларды қаланы аралауға шақырған. Сейф әл-Исламның сөзіне қарағанда, Триполи әлі де өздерінің бақылауында. Бірақ Каддафидің қалада бар-жоғы белгісіз.
*Варшаваның әскери прокуратурасы Польшаның бұрынғы президенті Лех Качиньскидің Ту-154 ұшағын ұшуға дайындаған екі поляк офицерін кінәлі деп тауып отыр. Айып тағылғандардың аты-жөндері әзірше айтылмайды. Л.Качиньски мінген аталған ұшақтың былтыр Ресей аумағында апатқа ұшырап, оның бортындағы 96 адамның барлығы қаза тапқаны белгілі.
*Халықаралық валюта қорының бұрынғы басшысы Доминик Стросс-Канға әйел зорламақ болды деген айып тағылғаны мәлім. Бірақ кінә дәлелденбеді. Сондықтан прокуратура одан айыптауды алып тастаумен келісті. Франция президенттігінен үміткердің саясат ойынының құрбаны болғаны анық.
*Сот бортында америкалықтар бар яхтаны басып алуға қатысқан екі сомалилық пиратты өмір бақи түрмеде отыруға кесті. 30 жастағы Әли Әбди Мохамед пен 31 жастағы Бурхан Әбдірахман Юсуфке үкімді АҚШ-тың Вирджиния соты шығарды.
*Германиялық екі турист Ауғанстанның солтүстігіндегі тауларда жоғалып кеткен. Полиция неміс елшілігімен бірлесіп, туристердің із-түзсіз жоғалуын тексеруде. Екі неміс азаматы Ауғанстандағы тау шыңдарының бірін бағындыруға аттанса керек.
*Иранда екі америкалық 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Шейн Бауер мен Джош Фэттал елге заңсыз енгені үшін үш жылдан алса, шпиондық әрекеттері үшін әрқайсысына бес жылдан берілді. Олар белгіленбеген Ирак пен Иран шекарасында 2009 жылдың жазында тұтқындалған еді. Үкім енді шығарылып отыр.
*Австралия полициясы бұрынғы медицина қызметкерлері кәсіподағының басшысы Крейг Томсонға қатысты тергеу ісін бастады. Ол бүгінде Австралия парламентінің депутаты болып табылады. К.Томсон кәсіподақ басқарып жүрген кезінде ұйымның ақшасын жезөкшелерге жұмсаса керек.
*АҚШ-тың Флорида штатындағы Семинол қаласының тұрғыны Джессики Мари Бирс асырауындағы бес жасар ұл баланы сатуға әрекет жасады деген күдікпен тұтқынға алынды.
Ақпарат агенттіктері материалдарының негізінде әзірленді.