Бұл жолы Мемлекет басшысы сырласудың пішінін жан тебірентерлік мақала түрінде дүниеге келтірді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бұл еңбектің маңыздылығы сонда, ол біздің алдағы уақыттардағы рухани байлығымызды сақтай отырып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жөніндегі ой-толғаныстарға толы болды. Осы жаңғыру арқылы елдік мақсат пен мемлекет құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын алдағы алыс болашаққа жеткізудің жайы кеңінен қамтылды. Президент мақаласы қоғамды дүр сілкіндірген орасан зор маңызы бар оқиғалардың бірі болды. Соның ішінде бізге ұлттың өзінің ұлттық кодын, генетикалық жадысын сақтап қалу турасында айтылған тұжырымдар қатты ұнады. Себебі, өзінің болмысынан, құнарлы топырағы мен тамырынан ажыраған халықтың келешегі де күмәнді, ертеңінен ересен еңсе күту қиын. Елбасының бұл еңбегін жай мақала деңгейінде бағалап қоя салуға тағы болмайды. Ол мазмұны мен пішіні, мәні мен маңызы жағынан бұдан әлдеқайда ауқымды. Сондықтан өз басым рухани жаңғыру бағытында алда атқарылатын іс-шаралар талданып көрсетілген құжат деңгейіндегі бұл мақаланы ұлт руханиятының кең көлемді бағдарламасы ретінде, қабылдадым. Ол шынында да біздің XXI ғасырдың белестерінен өтіп, биігіне шығу жолындағы бағыт-бағдарымызды көрсететін өзіндік бір манифест сияқты. Демек, ұлтымыздың жандану сипатындағы жаңғыруын, жаңа заман талаптарына сай даму даңғылына түсуін қалайтын еліміздің әрбір озық ойлы, саналы азаматы ұлт руханиятын жаңғыртуға өз үлестерін қосуды қазірден бастап кетулері керек. Жаңа құжаттың салмағы мен салдары экономикалық, саяси жаңғырудан ешбір кем түспейді. Тіпті, маңызы жағынан солардан кейбір аспектілері бойынша жоғары тұрады. Сондықтан да ол ұлттың жаңғыруы ретінде қабылданып отыр. Еліміздің әлемдегі бәсекелестік дүрмегіне қосыла отырып, жаһандағы дамыған 30 елдің қатарынан табылу мақсатындағы ұмтылысы да осы рухани байлықты арттырумен қатарласа жүріп отыратын болуы керек. Осы кезеңде оны күшейте түскен ләзім. Өйткені, бәсекеге қабілетті болу тек қана экономикаға байланысты мәселе емес. Біз құрған қазақ мемлекетінің, яғни біздің мыңдаған жылғы тарихымыздағы құндылықтардың барлығы бойымызда болғаны жөн. Елбасы өзінің мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді «қара алтынмен» немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп, тайға таңба басқандай етіп атап көрсетті. Расында да, біздің дамуымыздың діңгегі рухани байлықтардан басталады. Оны халқымыздың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени, тарихи құндылықтары көтеріп тұрады. Жаһандану дәуірінде осылайша өзінің болмыс-бітімін сақтап қалған ұлт қана уақыт толқынымен бірге жұтылып кетпейді. Президент мақаласының соңғы жағында бұл мәселеге салмақ сала келіп, өмір сүре білу үшін өзгере білу керек екені, өзгере білмеген халықтардың тарихтың шаң-тозаңында қалып қоятыны айтылған. Олай болса, рухани жаңғыру бүгінгі заман талабы. Өркениет көшіне ілесе алмай, қалып қоймау үшін де бұл бізге керек.
Бибігүл НҮСІПЖАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, профессор
АЛМАТЫ