Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мере-келерінің бірі. «Көптің сөзі – киелі» дейді дана халқымыз. Ғасырлар тоғысында Қазақстан халқы да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басқанына, міне, аттай 20 жыл толғалы отыр. Ата Заңымыз – мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!
Конституциямыз адам құқықтарының жалпыға бірдей 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған Декларациясы рухында жазылып, қабылданды. Сондықтан да Ата Заңымыздың басты да артықшылыққа ие қағидаты – біздің республикамыздың ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, бостандығы және қол сұғуға болмайтын құқықтары деп мойындалуы. Қазақстан Республикасында бірінші кезектегі іс-әрекет, мемлекеттің саясаты азаматтардың және қоғамның мүддесіне бағышталады, сондықтан да біздің мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық деп жарияланды.
Ата Заңымыздың беріктігі арқасында еліміз әлемдік саясаттың сахнасына шығып, өзін мойындата білді. Заңына қарап елін танитын заманда Қазақ мемлекеті дүниежүзіндегі ең ірі және беделді ұйымдардың бірі Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етті. Араға айлар салып ресми Астана Ислам ынтымақтастығы ұйымына басшылық жасады. Келелі кеңесте ислам елдерін алаңдатқан түйіткілді мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам елдерінің тарихын саралай келе, атақты ғұламалардың дәл осы Азия құрлығынан шыққанын атап өтті. Алайда соңғы кездері ғылым мен білімнің дамуы, әлемдік маңызы бар жаңалықтардың ашылуы жөнінен мұсылман елдері көш соңында екенін де ашық айтты. Қазақстан Президенті осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Ислам мемлекеттері басшыларын бірлікке, ынтымаққа шақырды. Елбасының бұл бастамасын Ислам елдерінен келген өкілдер қуана құптады.
Міне, жыл тәулігіндей уақытта елімізде осындай ірі саяси шаралар өтті. Мұның өзі мемлекетіміздегі адам құндылықтарының жоғарғы сатыда екенін айғақтайды. Азаматтардың бостандығы мен еркін өмір сүруі мемлекеттің дамуына үлкен серпін береді. Өйткені, демократия бар жерде экономикалық өсім болады. Қазақ елі соның айқын дәлелі. Мемлекетіміз бар жоғы 20 жылдың ішінде толағай табыстарға жетті.
Конституцияға сәйкес, мемлекеттік органдар арасында прокуратура айрықша орын алады. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ететін прокуратура құқық қорғау саласы ретінде, бүгінгі таңда мемлекетіміздің маңызды тетігіне айналды. Оның басты міндеті барлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпорындардың, мекемелердің және лауазымды тұлғалардың, заңдарды, Президенттің жарлықтарын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді мүлтіксіз және біркелкі қолдануына жоғарыдан қадағалауды жүзеге асыру болып табылады.
Еліміз тәуелсіздік алып, еркіндікке қол жеткізгеннен бері Қазақстан Республикасының прокуратура органдары да жаңа қарқын мен дамып, өз жүйесін қалыптастырды. Яғни, 1991 жылдың 6 желтоқсанында Жоғарғы Кеңестің «Прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулысымен республиканың Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. Содан бері де міне 20 жыл өтті. Осы аралықта қадағалау органы талай әділдік іздеген азаматқа қорған болды. Прокуратура саласы Конституциямен бекітілген әрбір заңның үстемдігіне ара түсуші, әділдікті жақтаушы орган ретінде қоғамда осы қырынан танылды.
Қазіргі күні Қостанай облысының прокуратурасы азаматтардың арыз-өтініштерін қарауда үлкен жауапкершілікпен келеді. Соның нәтижесінде тұрғындар заңды көмекке жүгінеді. Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталмауы, жалақының уақтылы төленбеуі, сот шешімдерінің орындалмауы сияқты мәселелер прокурорлардың жіті назарында. Прокуратура органы азаматтардан келіп түскен арыздардың қаралуына аса мән беріп, оның мерзімінде орындалуын өз бақылауына алады. Өйткені, әрбір шағымның соңында әділдік іздеген азаматтардың сенімі бар.
Қостанай облысының прокуратурасы азаматтардың еңбек құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күресу, мемлекетке келген шығынды қайтару сияқты маңызды мәселелерді жүзеге асыруда. Үстіміздегі жылдың жартыжылдығында мемлекет қазынасына 600 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді, 22 мыңнан аса азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Заңнан аттаған 2 мыңдай лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу заңнамаларын қадағалау жұмыстары нәтижесінде 816 заң бұзушылық анықталды. 194 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, мемлекет пайдасына 29,4 млн. теңге өндірілді. Бюджет қаржысын мақсатты пайдалану жөнінде тексеру жүргізіліп, заң талаптарына қарама-қайшы келген 29 мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінің күші жойылды, 6 400 азаматтың еңбек құқығы қорғалды. Әсіресе, жұмысшы топтың жалақысын уақтылы алмау мәселесі прокуратура органдарының басты назарында отырады. Мысалы, үстіміздегі жылдың басынан бері облыстың прокуратура органдары еңбек заңнамаларының сақталуына байланысты 70-ке жуық тексеріс жүргізілді. Мұқият жұмыстың арқасында 3000 мыңдай заң бұзушылық анықталды, прокурорлардың қадағалау актілері арқылы 270 миллион теңге жалақы өз иесін тапты. Қостанай облысы Сарыкөл аудандық прокуратурасының тікелей араласуымен 2010 жылдың тамызынан бастап үстіміздегі жылдың қаңтар айына дейін тиісті жалақыларын ала алмай жүрген «Урицкое МТС» пен «Центр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 255 қызметкерінің конституциялық құқығы қорғалып, оларға 13 миллион теңге еңбек жалақысы қайтарылды.
Қостанай облысының прокуратурасы қоршаған ортаны қорғау заңнамаларының сақталуына да аса көңіл бөледі. Мәселен біздің бастамамызбен, Бас прокуратураның қолдауымен үстіміздегі жылдың 21 мамырында Қостанайда Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің төрағалық етуімен киіктердің тұқымын сақтап қалу мәселелері және браконьерлікке қарсы әрекет ету шаралары туралы Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрліктері, халықаралық табиғат қорғау ұйымдары, бірқатар облыстар әкімдіктері, ішкі істер департаменттері өкілдерінің, кейбір облыс прокурорларының қатысуымен өңіраралық кеңес болып өтті. Келелі кеңесте ақбөкендердің санын қалпына келтіруге басты кедергілердің бірі браконьерлік болып табылатыны айтылды. Мысалы, Қостанай облысында жануарларды жаппай заңсыз ату салдарынан соңғы он жыл ішінде Бетпақдаланы мекендеген акбөкендер күрт азайғандығы алаңдатады. Кеңес қорытындысында жануарларды браконьерлік жолмен құртуға қарсы күресті күшейтуге бағытталған мемлекеттік органдар қызметі және оның жағдайы жөнінде Үкіметке ақпарат беруге шешім қабылданды.
Біз қазақ халқы әрқашан бауырмал, кішіпейіл, дархан даланың төсіндей көңіліміз ашық елміз. Қазақстан бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың жерұйық мекеніне айналған. Әрине, бұл ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында дер едім. Дамудың даңғыл жолына түскен еліміздегі атқарылып жатқан іргелі бағдарламалардың, реформалардың жүзеге асуына басқару нысаны және Қазақстанның унитарлық біртұтастығы, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері, баршаның игілігі жолындағы тұрақтылығы кепіл болмақ. Тәуелсіз еліміздегі түрлі ұлттардың татулықта, бұзылмас бірлікте өмір сүруінің, адамдардың құқықтары мен бостандықтары сақталуының және демократиялық мемлекеттің негізін қалаған Ата Заңымыз – Конституция десек артық болмас.
Сондықтан Конституция күні – халық еркінің мейрамы. Тәуелсіз Қазақстанымызбен бірге Ата Заңымыз да мәңгілік жасай береді!
Әбдіқадыр Кәрім, Қостанай облысының прокуроры. Қостанай.