Қытайлықтардың пайымдауынша, «Белдеу және жол» форумы былтырғы жылы Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған «Үлкен жиырмалық» саммитінен де маңызды. Бұл шараның қаншалықты орны бөлек оқиға боларын осыдан-ақ аңғаруға болатындай. Оған қоса, форумға қатысушылар тізімінің өзі бұл басқосудың тек Қытай ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығы үшін де салмақты шара болатынын байқатады. Жақында Қытайдың «Жэньминь жибао» партиялық газеті аталған форум туралы жариялаған мақаласында шараға 20-дан астам мемлекет басшылары қатысатынын, оның ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болатынын айрықша атап өтті. Қытай тарапы Қазақстан Көшбасшысының салиқалы саясатын, зор беделін әрдайым жоғары бағалап, ерекше құрмет көрсетеді. Әрине, бұл форумда да Елбасының орны айрықша болары сөзсіз. Сонымен, бұл қандай форум, мақсаты не, Қытай мұндай үлкен шараны өткізуде нені көздеп отыр? Біріншіден, форум Қытайдың сыртқы саясатта 3,5 жылдан бері жүргізген стратегиялық тұжырымдамасының қисынды жалғасы екенін атап өтуіміз керек. Тура 3,5 жыл бұрын Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин Назарбаев Университетте сөйлеген сөзінде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасын бірлесіп жасауды ұсынған болатын. Содан бері Қытай бастамасы әлемнің түкпір-түкпірінде қызу талқыланып, терең пікірталас алаңына айналды. Тіпті, бірнеше айдан кейін Си Цзиньпиннің «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы дайындалып, өзінің бағдарламалық бағытын ауқымын қалыптастырып үлгерді. Осы айтылғандарға сүйене отырып, аталған шара бірнеше мақсатты көздейтінін айтуға болады. Біріншіден, Қытайға әлемдік ірі ойыншылар мен қаржылық институттарды қатыстыра отырып, «Жібек жолының экономикалық белдеуін» жүзеге асырудағы бүгінге дейінгі нәтижелерді айқындау маңызды. Екіншіден, ҚХР-дың жаһандық жүйедегі рөлі артып келе жатқанына әлемдік қоғамдастықтың назарын аударту қажет. Әрине, бүгінде Қытайдың аймақтың негізгі экономикалық күшіне айналып отырғаны анық. Өзінің экономикалық іс-әрекетін Жібек жолының экономикалық белдеуі ретінде жүзеге асыруы да – осының бір дәлелі. Жалпы, Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы осы күнге дейін бірқатар эволюциялық кезеңнен өтті. Тіпті, бастаманың атауы да бірнеше рет өзгерді. Мәселен, 2013 жылдан бері Қытай тарапы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын қалыптастыруда екі аспектіге басымдық берді. Біріншіден, оның атауында «экономикалық» деген анықтама айрықша көрсетілді. Екіншіден, қытайлықтар бастаманы ежелгі «Жібек жолымен» байланыстырды. Мұндағы мақсат, оған «Жібек жолы» бойындағы елдерді атсалыстыру болатын. Бәріміз білетіндей, байырғы «Жібек жолы» ғасырлар бойы бүкіл Еуразия елдерінің арасын жалғап, сауда-саттық жағынан ғана емес, бүкіл мәдени-рухани байланыстардың желісіне, өркениеттің өзегіне айналған еді. 2014 жылдың аяғында Қытай билігі өз бастамаларының аясын кеңейте түсті. Дәл осы кезеңде ол «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «ХХІ ғасырдың теңіз жібек жолы» бастамаларын біріктіретін «Бір белдеу – бір жол» атауына ие болды. Ал бүгінде, нақтысында, биылғы форумға дайындық барысында Қытай тарабы бұл атауды одан сайын ықшамдап, ағылшын тілінде «Beld – Road», яғни «Белдеу және жол» деп қана қалдырды. Атауы ықшамдалғанымен, бұдан Қытай бастамасының ауқымы кеңейгенін түсінуге болады. Себебі, «Жібек жолы» деген сөзді алып тастау арқылы оның қамту кеңістігін кеңейткендей. Мәселен, енді Қытай жобасына бүкіл Еуразия елдері, тіпті одан да өзге мемлекеттер қатыса алады деген сөз. Айтқандай, форум туралы сөз еткенде, Қытай билігі Батыс әлеміне ешқандай қарсы тұруды ойлап жатпағанын меңзейтінін де атап өту керек. Қытайдың үкіметтік газеттері жазғандай, бұл форум арқылы Қытай 2013 жылдан бері қолға алған өз бастамалары туралы бағасын алғысы келеді. Бірақ форум Батысқа ешқандай да қарсы бағдар бола алмайды. Әрине, форумға қатысушылар арасында батыстық державалар аз. Мәселен, G7-ге енген елдер ішінен тек Италия премьер-министрі ғана қатыспақ. Мұны Франция, Германия сияқты елдердегі сайлауға дайындыққа дөп келуімен де түсіндіруге болады. Алайда, форумға Халықаралық валюта қорының басқарушы-директоры, сондай-ақ, Дүниежүзілік банк президенті қатысатындарын растапты. Сонымен қатар, ҚХР Сыртқы істер министрі И.Ван мәлімдегендей, жалпы форумның негізгі мақсаты жаһандық, өңірлік, ұлтаралық даму жоспарларындағы ұштасқан бітімге қол жеткізу екен. Соңғы жылдары Қытайдың саяси беткеұстарлары әлемдік жағдайдың жауапкершілігі туралы көп айта бастады. Оның ішінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұсына отырып, Қытай билігі бүгінде оның ешқандай да «жеке-дара» жоба еместігін ашық айтады. Қытайдың қаржы құрылымдары, оның ішінде Азияның инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен «Жібек жолы» қоры сияқты қаржы құрылымдары да бар, Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы орталығы, Азия Даму банкі сияқты Батыс институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мұның өзі, жоғарыда айтқандарымыздай, Батыспен жақсы байланыстардың бір дәлелі. Тіптен, Қытай форумы өзінің қаржы, экономика және геосаяси тетіктеріне Батыс елдерін барынша тарту саясатын ұстануда. Бастаманың қаншалықты атауы өзгерсе де, оның түпкі негізі, мақсат-міндеті бұрынғыша қала бермек. Яғни, Қытай бұл бағдарламамен Батысқа шығуды бағдарлайды. Қытай осылайша Орталық Азиямен ынтымақтастық ырғағын «Бір белдеу – бір жол» бастамаларына байланыстырады. «Бір белдеу – бір жол» жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері қазіргі таңда ҚХР-дың Орталық Азияға арналған стратегиясында жүзеге асып жатқаны белгілі. Ендеше, Қытай экспортына көптеген жолдар ашылып отырғанына қарамастан, Орталық Азия дәлізі жоспарлы дами береді. Бұл дегеніміз, Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері Қытай бастамасын жүзеге асырудың басым бағыты болып қала беретінін білдіреді. Осы орайда, Қазақстанның бұл шараға қатысумен ғана шектелмей, Қытай мен Еуропа арасындағы заманауи көлік дәлізін жаңғырту құрылымында басты тетікке айналып, негізгі белдеу болу ұстанымын жүзеге асыруға кірісуі маңызды. Мысалы, Қазақстанды Қытай тарабы қазірдің өзінде «Жібек жолы» бастамасын жүзеге асыру тұрғысында маңызды рөлге ие ел деп есептейді. Өйткені, инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру ісінде Қытай Қазақстанға иек артуға болатынын біледі. Яғни, Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия аумағы арқылы Еуропаға тиімді әрі қолайлы бағыт жасауға дәнекер бола алады деп есептейді. Себебі, аталған елдермен Қазақстан Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің аясында тығыз байланыс орнатқан. Бүкіл түркі әлеміндегі зор беделінің арқасында Астананың Анкарамен және басқа да елдермен көлік саласындағы жобаларда көптеген келісімдер жасауға мүмкіндігі мол. Сонымен қатар, Қазақстан «Жібек жолының экономикалық белдеуін» Орталық Азия аумағында жүзеге асыру ісін Ресеймен де жақындастыра алады. Бұл тұрғыда еліміз екі көршінің алдындағы биік абыройын алға тарта отырып, өзіміздің «Нұрлы жол» бағдарламасын да қатар жүзеге асыруға мүмкіндік алмақ. Бұдан шығатын қорытынды, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын жүзеге асыру барысында Қазақстан әрдайым өзінің ұлттық мүддесін де ешқашан естен шығармайды. Осылайша, аталған ауқымды форум G20 саммиті, Давос сынды, тағы басқа ірі басқосулардағыдай халықаралық маңызы зор, әлем үшін салмақты жаһандық мәселелерді талқылайды. Бүгінде Қытай әлем экономикасындағы ең ірі қозғаушы күштің біріне айналып отыр. Қытай экономика саласында жаһандық және өңірлік іс-қимылда бірнеше маңызды тетіктерге ие. Мәселен, Қытай бір жылдан бері Азияның инфрақұрылымдық инвестициялар банкі сияқты ауқымды халықаралық қаржы институтын басқарады. Ал ол банк 2016 жылы 1,7 млрд доллар сомасын құрайтын жобаларды қаржыландырды (АИИБ-ның жалпы капиталы 100 млрд доллар). Сондай-ақ, Қытай билігі «Транс-Тынық мұхиты серіктестігіне» бәсекелес ретінде Азия-Тынық мұхитты экономикалық ынтымақтастығы елдері аумағында еркін сауда кеңістігін құру идеясын ұсынды. Сонымен қатар, «Жібек жолының экономикалық белдеуін» жүзеге асыру үшін капиталы 40 млрд долларды құрайтын «Жібек жолы» қорын құрды. Осы форум арқылы Қытай өзінің сыртқы саясаттағы жаңа кезеңін бастамақ. Бейжің бүгінде әлемдік көшбасшылар қатарында болуға талпынатынын жасырмайды. Осы шараға да Қытай әлемнің түкпір-түкпірінен аумақтық алпауыттарды шақыра отырып, өзінің қазірдің өзінде Еуразияның «негізгі күшінің» тізгінін ұстағанын дәлелдемек. Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері үшін форум барысында «Жібек жолының экономикалық белдеуін» жүзеге асыру аясындағы жаңа келісімдерге қол қойылып, жақсы бастамалар боларына үміт зор. Қазақстан − Батыс пен Шығыс арасындағы өзара ықпалдастық байланыстарды біріктіретін маңызды көпір. Осы арқылы Қазақстан Еуразия кеңістігіне бағытталған түрлі тұжырымдамалар мен жобалардың іске асырылуындағы маңызды тетіктерді жүзеге асырады. Осы ретте, Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасын талқылау мен жүзеге асыру Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасының дамуына да даңғыл ашып, елімізге елеулі ықпал етері анық. Сол үшін де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Белдеу және жол» форумына қатысатынын алғашқылардың бірі болып мәлімдеді. Ал өз кезегінде Қытай билігі де Қазақстанның жаһандық үндесуге елеулі үлес қосып келе жатқанын, өңірдің және бүкіл әлемнің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын, Орталық Азиядағы ең қолайлы және тұрақты саяси серіктесі екенін естен шығарған емес.
Руслан ІЗІМОВ, саясаттанушы