Көрмеге көршілес елдегі 230-ға жуық кәсіпорынның өнімдері қойылып, тамақ өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау, металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, жиһаз, киім және тоқыма саласына қатысты, сонымен қатар, кәдесыйлар мен спорттық тауарлар және ойыншықтар сынды бір мыңға жуық өнім оңтүстікқазақстандықтарға ұсынылды. Аталған іс-шара аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов бастаған делегациямен кездесті. Онда әкім Өзбекстан кәсіпкерлерімен Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен құрылыс материалдарын өндіру, медицина және білім беру салаларында табысты ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті. Екіжақты кездесуде облыс әкімі түбі бір туысқан мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастың нығаюы екі ел президенттерінің кездесулерінен кейін жанданғанын айтқан. Өзбекстанға өндірген тауарларын шекара, кеден кедергілерінсіз 200 млн-ға жуық елге алып өту үшін Қазақстан үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Түбі бір түркіден тарайтын жұртқа сауда-саттық саласында ғана емес мәдени мұра, туризм, халықаралық ынтымақтастық жағдайында да бір тудың астынан табылу керек. Сөзін осылай сабақтаған облыс әкімі: – Біздің аймақ бизнесті дамыту үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау әлеуетімен ерекшеленеді. 2010 жылы Шымкент қаласында тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар, облысымыздағы 11 индустриалды аймақта кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі кездесу Шымкент пен Ташкент кәсіпкерлерінің арасында болашақ жемісті ынтымақтастықтың негізі болады деп үміттенемін, – деді. Ташкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нозим Хусанов жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығынан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланысының нығая түсетініне сенім білдірді. – Бүгін біз оңтүстікқазақстандықтарға 900-ге жуық тауар түрін ұсынып отырмыз, – деді Нозим Бахтиярұлы. – Дегенмен, бұл біздің барлық әлеуетіміз дегенді білдірмейді. Алдағы басқосуларымызда да табысты жетістіктерге бірге жетеміз деген үміттемін. Жалпы, Қазақстан мен Ташкент арасындағы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр Қазақстанның Ташкентпен арадағы сауда айналымы 500 млн АҚШ доллары болса, биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы нәтиже бойынша аталған сома 150 млн АҚШ долларына көбейіп отыр. Мұнан соң, облыс басшысы бастаған кәсіпкерлер Ташкент қаласы тауарөндірушілерінің көрмесіне қатысып, ондағы өнімдерімен танысты. Сонымен қатар, өзбекстандық кәсіпкерлерді бірлесе жұмыс істеуге шақырды. – Жалпы, қазіргі таңда екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастың жандануы байқалуда. Яғни 2016 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы тауар айналымының көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрап, оның 30 пайыздан астамы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі болып отыр. Алайда, қос мемлекет президенттерінің – Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтің өзара кездесулері, яғни өзбек басшысының Елбасымен 22-23 наурызда Астанада кездесуі, 29 сәуірдегі Шымкетте жүздесуінің нәтижесінде сауда айналым көлемін 5 млрд АҚШ долларына жеткізу туралы уағдаластығын ескерсек, бұл біздер үшін аз сома деп ойлаймын. Сондықтан, бауырлас елдер болашақта бұл салалардағы байланысын одан әрі нығайтып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі күшейтеді деп білемін, – деді Жансейіт Түймебаев. Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстанға бағытталған экспорттың басым бөлігі мұнай және оның өнімдері мен ұн-жарма өнеркәсібінің өнімдері, астық, қара және түсті металл, цемент, трансформаторлар, органикалық емес химия және азық-түлік өнімдері болып табылады. Ал Өзбекстаннан Қазақстанға жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, мақта талшығы, тоқыма және дайын тігін өнімдері, тыңайтқыштар, механикалық құрылғылар, пластмасса бұйымдары, ағаш және гипс, маталы емес материалдар мен маталар импортталуда. Екі мемлекет түбі бір түркіден тарайды деп арқаны кеңге салғанымызбен, жонын беріп теріс қараған уақыттар да болған. Осы тоңды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиеевтің арасындағы жақсы қарым-қатынас жібітті. Алғашқы кездесуде Қазақстан Президенті екіжақты байланыстарға сәттілік тілеп: – Қазақстан өзінің стратегиялық серіктесі, көршісі әрі бауырласы – Өзбекстанның халқына бақ-береке тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіреді. Біз келешекте екіжақты байланыстар аясында жемісті қарым-қатынас орнайды деп сенеміз. Қазірдің өзінде мемлекетаралық әріптестікті нығайту бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, елдеріміздің арасындағы сауда айналымының көлемі өскені айқын байқалады, шекараларымыз арқылы өткізу мүмкіндігі артып, өнімдердің жаңа түрлері жеткізілуде, – деген болатын. Сол алғашқы кездесуде Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеев қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. – Сіз былтыр Самарқандқа жасаған сапарыңыз кезінде Қазақстан мен Өзбекстан әрдайым бірге болады деп айтқан едіңіз. Сол сөзіңіз екі елді жақындастыра түсуге жол ашты, өзбек халқы нағыз достың, бауырластың ықыласын сезінді. Сіздің беделіңіздің арқасында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Барлық бастамаларыңызды Өзбекстанның қолдайтынына сендіремін. Қазіргі кезде өңірлік ынтымақтастыққа зор мән беріліп отыр. Бүгінгі кездесуіміз елдеріміз арасындағы одан арғы өзара тиімді іс-қимылға негіз болады деп үміттенемін, – деген еді Өзбекстан Президенті. Өзбек кәсіпкерлері Оңтүстікке алғаш қадам басып отырған жоқ. Екіжақты байланыс ертеден жалғасып келеді. Бір ай бұрын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған делегация көрші мемлекетке іскерлік сапармен барып қайтқан. Ташкентте облыс әкімі Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл және су шаруашылығы министрі Зоир Мирзаевпен кездесті. «Оңтүстік Қазақстан облысын Өзбекстанда жақсы дамыған жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктер қызықтырады. Аталған салаларда тәжірибе алмасып, бірігіп еңбек етсек, қос мемлекетке де тиімді жобалар жүзеге асады деген сенімдемін. Мәселен, Өзбекстанның сауда үйін ұйымдастыруымызға болады. Сол сияқты, арнайы жұмысшы тобын құрып, шекаралық аймақтағы кейбір мәселелерді реттеуге атсалыссақ деген ұсынысым бар. Өйткені, Қазақстан сіздер үшін өзге мемлекеттерге шығатын қақпа іспеттес. Мәселен, өткен жылдың өзінде, 9 млн 400 адам қазақ-өзбек кеден бекетінен өтіп, өзге елдерге бет алыпты. Сондықтан, Оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасы барлық салада мүмкіндіктерін біріктіруі керек деп есептеймін. Сол кездесуде облыс әкімі сөзін осылай тұжырған. Міне, осындай іскерлік кездесулердің кезегі Оңтүстік Қазақстан облысына да жетті. Ташкент кәсіпкерлері мен Шымкент кәсіпкерлері кездесіп, біраз уағдаластыққа, бірлесіп жұмыс жасауға қол жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті үлкен, мүмкіндіктері мол. Индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында қолға алынып, үлкен қарқынмен жұмыс жасап жатқан ірі кәсіпорындар саны жыл сайын көбейіп келеді. Ташкенттен келген делегация сапар барысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Оңтүстік» индустриалды аймағында болып, осындағы кәсіпорындардың тынысымен танысты. Жұмысты оңтайландырған, халықтың тарапынан туындаған барлық мәселелерге толыққанды жауап тауып, шешіміне септесетін «Front office» халықтың кеңсесінің жұмысын барлады. «Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ташкент тауар өндірушілерінің Оңтүстіктегі сапары сәтті болды. Оны кәсіпкерлердің сөз ыңғайынан байқадық. Өзбекстандық кәсіпкерлерден оңтүстіктің іскер жігіттерінен үйренетін, тәжірибе алмасатын жайт жеткілікті. Әрине, олар әкелген тауарлардың дені Оңтүстікте де өндірілгенімен, баға жағынан өзбек ағайын озып тұр. Арзан энергия, көгілдір отын және арзан жұмыс күші дегенін істеп тұр. Бірақ, «шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, қазақстандық кәсіпкерлердің қорқасоқтайтындай жөні жоқ. Өзбекстандық кәсіпкерлер бірлесіп жұмыс жасауға құмбыл. Бұған дейін өз көрпесін қымтап жауып, өзге мемлекеттерге шекесінен қарап келген Өзбекстанға бүгінде көп көлемде тұтынушы керек. Ташкентте өткен кездесуде Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Алишер Шайхов Қазақстанның шекараға жақын аумақтарында экономикалық аймақтардың жұмысын жандандырмақ ойлары барын аңғартқан. Оның ойынша, екі мемлекеттің бизнесі көп жағдайда бірлескен жағдайда жаһандық нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыра түседі. Бұл Қазақстан жағына да қолайлы. Біздің ел де Өзбекстанмен бірлескен кәсіпорындар аша отырып, сыртқа өтімді тауарлар шығара алады. Осындай жағдайда екі елдің экономикасына табыс түсіріп, экспорт әлеуеті артады, сауда айналымы тұрақталады. Былай айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстан әлемдегі ең алпауыт мемлекеттердің бірегейі Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасының сұранысын қанағаттандыруға қызмет етпек. Ол – өте үлкен нарық. Жоқты бар толықтырады. Ташкент пен Шымкент тауар өндірушілері екіжақты іскерлік кездесуде бірталай уағдаластыққа қол жеткізді. Өзбекстан делегациясымен кездесуде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев екі елдің президенттері дәнекер болған іскерлік байланыстың ай санап емес күн санап артып келе жатқандығын айтып еді. Арғы аталары «қазақпен жолға шықсаң адаспайсың» деген аманатына өзбек ағайындар бүгінде ерекше мән беріп отырған секілді. Енді екі жақтың да өрісі кеңейеді.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген Самат МЫРЗАЛИЕВ