Биыл ШЫҰ Форумының жұмысына ШЫҰ мүше мемлекеттердің (Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан), Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Иран мен Беларусия секілді бақылаушы мемлекеттердің ұлттық зерттеулер орталықтарының делегациялары, Өзбекстанның ғылыми-сараптамалық қауымдастығының, сонымен қатар, Өзбекстанда аккредитацияланған дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Форумға Қазақстан атынан Әлемдік экономика және саясат институты сарапшылары Асқар Нұрша мен Руслан Ізімов қатысты.
Шараның ұйымдастырушысы – Өзбекстанның СІМ мен Форумға жетекшілік еткен Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық және аймақаралық зерттеулер Институты. Отырыс барысында мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, 2017 жылдың 8-9 маусымында Астана қаласында өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібі, сондай-ақ, саммит аясында Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ мүшелігіне өту жайттары қаралды.
Жалпы, Форум қатысушыларының пікірінше, 2006 жылы ШЫҰ қызметіне кеңесші-сарапшылық серіктестік механизмі ретінде құрылған Форум аймақаралық ынтымақтастын мәселелерді талқыға салатын беделді халықаралық пікірталас алаңына айналып үлгерді.
Қазақстандағы ҚР Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты ШЫҰ ұлттық зерттеу орталығы болып табылады. Кезекке сәйкес, 2018 жылы ШЫҰ Форумының отырысына ӘЭСИ жетекшілік етеді.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институты 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. ӘЭСИ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті құру мен қалыптастыру, халықаралық серіктестікті дамыту, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы елеулі еңбектерін зерттейді.