Бейжіңдегі «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтастығы форумының бұл екінші күні. Ал көшбасшылардың дөңгелек үстелі форумның екінші күнінде өткенімен, шараның ең маңызды бөлігі саналады. Онда 24 мемлекеттің басшылары сөз сөйлеген екен, Қазақстан Президентінің кезегі соның алғашқы бестігінің тізімінде болды. Әрине, алқалы басқосудың алғашқы сөзін жиын «тізгінін ұстаған» Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бастады. Одан соң сөз кезегін Түркия Президенті Реджеп Тайип Эрдоған, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Италия Премьер-министрі Паоло Джентилони, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалғады. Жалпы, форум жұмысына 29 мемлекеттің басшылығы қатысқан болатын. Оның ішінде Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ, Аргентина, Чили, Вьетнам, Филиппин, Лаос, Чехия, тағы басқа мемлекеттердің басшылары бар.
Көшбасшылар дөңгелек үстелі шеңберінде екі пленарлық отырыс өтті. Оның бірі «Серіктестікті одан әрі бекіте түсуге арналған бірлескен саяси іс-қимылдар», ал екіншісі, «Өзара байланысты ынтымақтастыққа арналған ұйымдасқан өзара іс-қимылдар» деп аталды. Бірінші пленарлық отырыста әлем экономикасы мен халықаралық ынтымақтастықтар ұшырасып отырған сын-қатерлер жайы, сондай-ақ, түрлі ұлттық, өңірлік, халықаралық даму стратегияларындағы мүдделер қақтығысы сияқты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, елдер арасындағы өзара түсіністік пен ымыраластықты жетілдіру, серіктестікке серпін беру сынды әрекеттерді күшейту төңірегінде әңгіме өрбіді.
Қытай көшбасшысы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық шараның маңыздылығы мен деңгей-дәрежесі туралы кешегі мақаламызда да жазған болатынбыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде де алдымен, форумның мән-мазмұнына тоқталып өтті.
Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дөңгелек үстел жиынына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап өтті.
«Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары миллиондаған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп, өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық кооперацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезінуде», деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай билігінің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд адам тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкеледі. Мемлекет басшысы бастаманың өңірлік кооперациясының жаңа моделінің мықты тұстарына ерекше тоқталды.
«Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді», деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың осы процестегі маңызды рөліне тоқталды.
«Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.
«Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыруы керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция», – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл-шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды. «Жобаларды бірлесе қаржыландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен технологиялар трансферті орталықтарын, инновациялық компанияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін қарастырған дұрыс. Осы орайда, қазақстандық ғалымдардың Жібек жолының Халықаралық ғылым академиясын құру жөніндегі ұсынысына назар аударғым келеді. Сонымен бірге, қоршаған ортаның, соның ішінде көлік артериялары бола алатын ішкі континенталды трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді басқару мәселесін де назардан тыс қалдырмаған жөн», деді Елбасы.
Соңында Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» идеясын ойдағыдай іске асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықтылыққа және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы форумның «Өзара байланысты ынтымақтастық жолындағы бірлескен іс-қимыл» тақырыбында өткен сессиясына да қатысты. Елбасы онда сөйлеген сөзінде Қазақстанның құрлық елдері арасындағы тату көршілік қатынастарды нығайтуды белсенді түрде жақтайтынын және Қытайдың трансөңірлік кооперацияны дамыту жөніндегі талпынысын қолдайтынына тоқталды.
Қазақстан Президенті бүгінгі таңда «Нұрлы жол» және Жібек жолы экономикалық белдеуі бағдарламаларын ұштастыру жоспары аясында Қазақстан мен Қытайдың индустрияландыру саласындағы ынтымақтастығын үйлестіру ісі басталып кеткенін айтты. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзін жоғары бағалап, Қазақстанды трансқұрлықтық транзиттік тасымалдаудың «чемпионы» деп атады.
Соңында Мемлекет басшысы осындай кездесулерді жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығына назар аударып, Форумды ұйымдастырғаны үшін Си Цзиньпинге алғыс айтты. Қазақ мұндайда «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін. Әрине, екі күнді еншілеген ауқымды шараның ерекшеленіп «ынтымақтастық форумы» деп аталуының өзі жайдан-жай болмаса керек. Шындығында, қазіргі таңда жаппай жаһанданудың да, болмаса күштеп әлімжеттік танытудың да, тіпті алпауыттардың ғана бірігіп алып әлемді билемекке ұмтылуы сияқты түсініктердің де көмескілене бастағаны сезіледі. Соған қарамастан, томаға тұйық, «жалғыз жолды» таңдаудың да тиімсіздігі білінді. Ендеше, адамзатты алға сүйрейтін бір жол – ол ынтымақтастыққа құрылған, келелі келісімдерге ғана негізделген байланыстар екенін дамудың дара даңғылына ұмтылғандар неге білмесін?! Бүкіл Орталық Азияны бір үстел басына жинап, пікір алмасудың да көздегені осы ойдың айналасы болатын. Ендеше, кең ауқымды қамтыған халықаралық ынтымақтастық форумының жоғары деңгейде өткені мүдделі мақсаттарды межеледі деуге дәлел болатындай.
Динара Бітікова, «Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды