Бұл жөнінде соңғы уақытта Ақтөбе облысында қолдауға әбден тұрарлықтай әрі үйренетін үрдіс деуге толығымен келерліктей кешенді іс-шаралар шоғыры белгіленгенін айтуға тиіспіз. Қандай істің де өзінің бастауы мен қайнар бұлағы бар. Осы орайда аталған істің басы «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова мен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюынан бастау алғаны да басы ашық мәселе деуге болады. Екіншіден, елдің ертеңі қандай болатындығын айқындай алатын жетекші мектептер саны одан әрі артуы үшін білім беру саласы басшылары мен жетекшілерінің және әдістемелік кабинет мамандарының жиі-жиі бас қосып кеңесіп, ортақ істің түйінін тарқатып отыратын кеңесші органның да қажеттілігі көрінеді. Бір сүйсінерлік жайт, бір-бірімен көршілес қоныстанған Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысы педагогтарының басын қосатын жетекші мек- тептер қауымдастығы осындай қажеттіліктің орнын артығымен толтырып жүргені дәлелдеуді қажет етпейді. Әсіресе, қауымдастық мүшелері арасында болашақтан не күту керек және мектептегі білім беру қандай болуы қажеттігі жөніндегі басы ашық сауалдарға ұдайы жауаптар іздестірілетіні құптауға лайықты болса керек. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе аймағындағы жоғарыда айтылған жетекші мектептер қауымдастығы тұрақты түрленуді қамтамасыз етудің құралы ретінде қарастырылуда. Өңірде дәл осындай бағыт пен тақырыпта республикалық форумдардың өткізілуі де алдыңғы пікіріміздің бір дәлелі іспеттес. Тағы бір айта кетерлік мәсе- ле, Ақтөбе қаласында физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі негізінде «директорлар клубы» құрылған. Оның отырыстары тұрақты түрде белгіленген кестеге сай өткізіліп келеді. Сондай-ақ, бүгінде дәстүр мен тәжірибеге толығынан енгізіле бастаған панельді таныстырылымдар және Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары шығармашылық жұмыстары мен ғылыми жобаларынан да жетекші мектептер үйренетін үрдістер аз емес екені байқалады. Сонымен бірге, облыс мектептерінде білім сапасының жоғары болуы үшін барлық жағдайлардың туғызылғаны да бөлек тақырыптың еншісі. Әсіресе білім беру нысандарының материалдық-техникалық қоры мен жай-күйін жақсартуға жан-жақты көңіл бөлінгені сүйсінерлік жайт. Яғни бұған дейін облыстық бюджеттен жыл сайын 85 миллиард теңге бөлініп келген екен. Бұл тұтастай алғандағы облыс бюджетінің 60 пайызын құрайды. Әрине, бүгінгі көрсеткіш ертеңге өлшем бола алмайды. Сондықтан да алдағы уақытта облыс әкімдігі тарапынан білім беру саласына жұмсалатын қаражаттың көлемін одан әрі өсіру қарастырылған. Бұған қоса, өткен жылы құрылысы басталған 23 мектеп пен білім беру нысанының 11-і биылғы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал Назарбаев зияткерлік мектебімен өзара қарым-қатынас жасайтын жетекші мектептер санын көбейту өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей назары мен бақылауында болып отырғаны осы мәселеге байланысты өткізілген республикалық форум үстінде де мәлім болды. Әрине, бұл істе басты басымдық ауыл мектептеріне берілмек. Рас, өңірде әзірге жетекші мектептер саны 53-тен аспайды. Бір қарағанда, оның саны өте аз болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен, дүниеде не нәрсенің де бағамы мен қадір-қасиеті салыстырмалы түрде қарастырғанда ғана анық көрінетінін ескерсек, бұл қанағат тұтуға тұрарлықтай дерек болмақ. Әңгіменің қысқасы, бүгінгі күні Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйы- мы арасында тұрақты өзгерістерді енгізу және орта білім беру мазмұнын жаңарту мен жаңғырту жөніндегі жұмыстар қанатын кеңге жайып келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы