Мақала авторы Нәзира Жәрімбетова София апайдың қолында Уәли абыйынан қалған ескі альбомның бірнеше беті сақталғанын айтып, сарғайған ескі суреттердің кейбіріне тоқталып өткен. «Орал қаласында 1922 жылдың 11 маусымында түскен алты адамның суретінің сыртына орыс тілінде: «г.Уральск 11 июнь 1922 г. Пребывание Нар. Ком. Юстиции К.С.С.Р т. Бекмухамедова. Сидят 1.Забиров, 2.Бекмухамедов, 3.Жулдубаев. стоят 1. Зубков, 2.Альжанов, 3.Джантлеуов» деп көрсеткен (9-сурет). Шафқат Бекмұхамбетов Қазақ атқару комитетінің шешімімен 1921 жылы қазанда Заң халық комиссары болып тағайындалады. Оның тұсында Заң халық комиссариа- ты қылмыспен күресудің тәсілдерін анықтайды, өлкелік халық соттарын, прокуратура мен адвокатураны құрады, сот реформасын жүргізеді, алғашқы заңдарды қабылдайды. Бекмұхамбетов кейінірек прокуратураны да басқарады. Ол РСФСР Қылмыстық кодексіне барымташы- ларды жазалау, қалыңдық ұрлау, өлтірген адамға құн сұрау туралы баптар енгізуге мұрындық болды. Оның Заң комиссары болып тұрған 1921-1922 жылдары адам жеуге тыйым салу туралы құқықтық өкім де қабылданды. Ш.Бекмұхамбетов 1958 жылы Алматыда қайтыс болды...» деп жазады әріптесіміз Нәзира Жәрімбетова. Осы суреттегі кемінде төрт адамның Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің тарихына тікелей қатысы бар. Бірінші, әйгілі Мақаш правительдің талапты ұлы Шафқат Бекмұхамедов Бөкей ордасында 1917-1920 жылдары өткен қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Бөкей ордасы қазақтарының съездеріне белсенді қатысқан, Қазақтың 1 үлгілі атты әскер полкын жасақтауға атсалысқан. «Ұран», «Хабар», «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттерінің бетінде Шафқаттың есімі жиі айтылады. Мысалы, «Дұрыстық жолының» №7 (1919 жыл, 2-зауза) санында «Ұлттар ісін басқаратын комиссариаттың қаулысы бойынша жалпы комиссия құрылып, оның құрамына Мұхамедияр Тұңғашин, Мәжит Шомбалов, Ғұмар Қараш, Хасен Бекентаев, Ғаб- долғазиз Мұсағалиев, Ғабдолхәкім Бөкейханов, Иса Қисықовтармен бірге Шафқат Бекмұхамедов те кіргені» жазылған. Ал Батырбек Әлжановтың есімі облыстық басылымның 1920 жылдары «Қызыл ту» деген атаумен шыққан кезеңіне тікелей байланысты. 1925 жылдың желтоқсан айында Орал губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің басылымы «Қызыл ту» газетінің шыға бастағанына 5 жыл толған. Газеттің 1926 жылғы 8 қаңтар күнгі №3 саны 5 жылдық мерейтойға арналып, онда басылым тарихына қатысты көптеген қызық мәлімет жарияланыпты. Соның бірі – «Қызыл тудың» бұрынғы шығарушысы Әлжанұлы Батырбек» атты мақала. «Батырбектің атын білмейтін біздің газет оқушыларымыз жоқ. Батырбектің еңбегі газет оқушыларымыздың көз алдында елестеп тұрса керек. Батырбек – «Қызыл тудың» баласы, «Қызыл тудың» басшысы. Батырбек «Қызыл тудың» маңайында 1920 жылдан бері болып келді. 1923 жылдары Батырбек «Қызыл тудан» қол үзіп, Орынборға оқығалы бір қыс кетіп қалғанда, «Қызыл ту» едәуір жетімсіреп қалды. Газет сиқын бұзып ала жаздады. Ол «Қызыл туды» жанындай жақсы көретін. Оның басқармада жалғыз отырып істеген күндері де болды. Ол кез қатте 1920 жыл мен 1925 жылдың арасы қазақ азаматтарының қазақ газетіне мойын бұрмайтын кезі еді. Әсіресе Орал азаматтары «Қызыл туды» газет деп есептемей, оған қол ұшын бермей жүрген. Міне, сол уақыттарда жалғыз Батырбек бар еңбегін, жанына батқан ауруына қарамастан, ортаға тартып жүрді. Ол «Қызыл тудың» өзегі еді...» деп жазады газеттің сол кездегі редакторы Рахым Сүгірұлы. Біз Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің тарихын зерттей жүріп Батырбек Әлжановтың саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын анықтағанбыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық департаменті архивінде сақталған Батырбек Әлжановқа қатысты жеке іс материалымен (Арх. №П-00309, 6-қор) таныстық. 1895 жылы Орал облысы, Теректі ауданы, Қабылтөбе ауылдық округінде туған Әлжанов Батырбек Хайроллаұлы 1938 жылғы 27 қаңтарда алынған алғашқы тәптіште-ақ өзінің «ҚКП БҚО комитетінің бұрынғы хатшысы Құрамысовтың үгітімен контрреволюциялық ұлтшыл ұйымға мүше болып кіргендігін» «мойындаған». Оған РСФСР Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-бабы, 2, 7, 8, 11-тармақтары бойынша айып тағылып, сол жылдың 13 қарашасында 10 жылға бас бостандығынан айыруға, 5 жыл саяси құқығын шектеуге және жеке мүлкін тәркілеуге үкім кесілген. Батырбек Әлжанов 1940 жылдың 9 желтоқсаны күні Севостлагта қаза тапқан. Жоғарыдағы суретте оң жақ шетте түрегеліп тұрған адам «Джантлеуов» деп белгіленген. Бұл – Алаш қозғалысына қатысушы, Орал облысында оқитын қазақ оқушыларының «Ақниет» өзара көмек қоғамын құрушылардың бірі, Орал РК(б)П губерниялық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1921, қазан – 1923, мамыр), губкомның бюро мүшесі, «Қызыл ту» газетінің жауапты редакторы болған (зерттеуші Мақсат Тәжімұраттың дерегі) Шайхы Жантілеуов деп білеміз. 1921-1923 жылғы «Қызыл ту» газетінің біраз санына «Жауапты редактор Жантілеуов, редактор Әлжанов» деп қол қойылған. Орал қаласында қазақ тілінде газет шығару аса қиын болған кезеңде «Қызыл тудың» бүкіл жүгі осы қос азаматтың иығында болған. Бұл сөзімізге дәлел ретінде «Қызыл ту» газетінің 1923 жылғы 16 маусымдағы 24 (105) санында жарияланған «Оралда баспасөздің хәлі» атты мақаладан үзінді келтіре кетейік: «Осы уақытта Орал губернасында екі газета шығады. Біреуі «Красный Урал» – орыс тілінде. Біреуі «Қызыл ту» – қазақ тілінде. Орыс газетасы күнделік уақытымен 4 бетті болып шығады. Қаріптері, баспа қызметкері жеткілікті. Басқармасының өзінде 5 кісі қызмет етеді. Біреуі басқарушы, біреуі орынбасары, біреуі хатшысы, тағы керекті мақала жазып жүретін екі қызметкері бар. Бұлардан басқа әр мекемеден болмаса әншейін кісіден күніне 10-15 мақала түсіп тұрады. Ол басқармада отырған 5 қызметкері газета қызметінен басқа жұмысқа қатынаспайды. «Қызыл ту» газетасы жұмасында бір рет ақсай басып екі бетті ғана болып шығады. Басқармасында екі кісі қызмет етеді. Басқарушысының негізгі қызметі губерналық ортақшыл комитетінде болып, газета қызметін басқару ғана міндет етілген. Екіншісі орысша оқымаған мұғалім, хатшысы бар. Ол орыс газеталарынан хабар аударып тұруға да онша хәлі келмейді. Қазақстанда шыққан газеталардың ішінен ғана хабарлар тізіп отырады. Басқа губерналық кеңселерден қазақша жазып беру түгілі, саған керекті мақаланы орысша тілде болса да жібермейді. Әншейін кісіден губерналықта болсын, үйездерден болсын, айында жалғыз мақала басқармаға түспейді». Міне, «Қызыл тудың» сол кездегі басқармасында (редак- циясында) қызмет еткен екі адам – Әлжанов пен Жантілеуов еді. Енді осы естеліктің бәрінің шығуына себеп болған Уәли Забиров кім? Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожанов, т.б. сынды ұлт зиялылары «жан дос», «құрметті» деп сипаттаған Уәли Абдрахманұлы Забировтің де тегін адам болмағаны түсінікті. Әріптесіміз Нәзира Жәрімбетова Уәли Қостанайға келген кезде Мұхаметжан Сералин редакторы, Бейімбет Майлин жауапты хатшысы болған «Ауыл» (қазіргі облыстық «Қостанай таңы» газеті) газетін шығаруға атсалысқанын жазған. Бұл, әрине, шындыққа сай келеді. Өйткені, Уәли Забиров Орал қаласында да газет шығару ісімен айналысқан болатын. Бұл жөнінде Әмірғали Ипмағамбетов өзінің «Қызыл ту» газетінде (8.01.1926, №3) жарияланған «Есімде қалғандар» мақаласында былай дейді: «Орал губернесінде қазақ тілінде баспасөз төңкерістен соң ғана дүниеге шықты. Одан бұрын шыға түсіп жоғалып кеткен «Қазақстан» газетін еске алмағанда, газет атын естігеніміз жоқ-ты. ...1919 жылдың сен- тебр-октабр айларында Орал губернесі қазақ-орыс жандаралдарынан, Алаш-Ордадан құтылып, кеңес орнағаннан кейін Текеде қазақ тілінде газет шығару керек болды. Ең әуелі «Сахара таңы» газеті шықты. Мұның басқармасында қазақтан жазушылар аз болды, көбі татар еді. Сондықтан газеттің тілі татарша да емес, қазақша да емес, былық болды. Шығарушы Забирұлы Уәли еді. «Сахара таңының» өмірі ұзын болмады, 3-4 саны шықты да, тоқтап қалды...» Міне, кейбір деректерде Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің Орал қаласындағы тарихын «Сахара таңынан» бастайтынын көретінбіз. Өкінішке қарай, бұл газеттің ешбір саны қолымызға тимеді, архивтерден табылмады. Жоғарыдағы Әмірғали Ипмағамбетовтің жазуына қарағанда, Уәли Забиров осы «Сахара таңына» редакторлық еткен болады. Әріптесіміз Нәзира Жәрімбетова «Уәли Қазақстан өлкелік партия ұйымының жолдамасымен Ленинградтағы аспирантураны бітіргеннен кейін, сонда ғылыми жұмысқа қалдырылған. Уәли Забировтің бітіргені Ленинград университетінің аспирантурасы болуы мүмкін» деп жазады. «Уәли Забиров Ленинградта ұсталады, туыстары оған тағылған айыптың қандай екенін әлі күнге білмейді», дейді автор. Біз «Жертвы политического террора в СССР» (СССР-дағы саяси террор құрбандары) атты сайттан Забиров Уәли Абдрахманұлына қатысты мынадай мәліметтерге тап болдық: 1897 жылы Орал қаласында туған, ұлты татар, медресе және СССР Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген, СССР Ғылым академиясы Тарих институты Ленинград бөлімінің аға ғылыми қызметкері, мекенжайы Ленинград қаласы, Университет жағалауы көшесі, 5-үй, 14-пәтер. 1936 жылдың 14 тамызында тұтқындалған. 1937 жылы 4 қарашада атылған. Жерленген жері – Сандормох мекені, Карелия». Тағы бір деректе, жоғарыда айтылғандарға қоса, «түрколог, тарихшы және археограф, Орта Азия жоғары техникалық мақта жоғары оқу орнында жұмысшы факультетінің деканы, Шығыстану институтының қызметкері» деп көрсетілген. ...Әрине, қазақ тарихында зерттеушілердің шам жарығы түспей жатқан ақтаңдақтар әлі көп. Біз баспасөзде жарияланған бір сурет бойынша ғана білетіндерімізді ортаға салып отырмыз. Біз таныған төртеу де кейін отыз жетінің қанды орағына түсті, зардабын шекті. Дәл осы суретте Шафқат – 30 жаста, Уәли – 25-те, Батырбек – 27-де, Шайхы – 24-ақ жаста екен...
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ