Пласидо Домингоның «Опералия» конкурсына қатысу саңлақтар үшін өнердің ең биік өлшемі болып табылады. Бұл – ежелден тастай қалыптасқан қағида. Сол себепті де балауса қанат балғын үндер сахна биігін бағындыру жолында әуелі осы бәйгенің мәресін сызу мәртебесіне ие болуды армандайды. Айтайық дегеніміз, биыл бұл сайыс 25-ші рет аламан бәйгенің алауын тұтатқалы отыр. «Пай-пай, жиырма бес» деп асау шақты әсем жырға арқау еткен қазақ үшін әрине, санда тұрған ештеңе болмауы мүмкін, алайда, байқаудың мерекелік жылына орай оның елордада өтетіні ел өміріндегі айтулы оқиға болып саналады. Бұған әлемнің 17 елінен 40 дарынды вокал шебері қатыспақ. Айта кететін жайт, «Опералия» бүкіләлемдік байқауы «Rolex» компаниясы демеушілігімен ұйымдастырылмақ. Қазақстандық жанкүйерлер үшін мұның тағы бір ерекше назар аудартар тұсы, байқауда «Астана Опера» театрының солисі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Мария Мудрякпен қосқанда төрт бірдей қазақстандық өнер көрсетеді. Әйгілі опера әншісі және дирижер Пласидо Домингоның идеясымен құрылған әлемдегі ең беделді опера байқауы – «Опералия» жобасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ЭКСПО-2017 бағдарламасы аясында өткізілгелі отыр. Құрметті қонақ ретінде шақырылған саңлақтар сапында отандық майталман шеберлерден КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова бар. Ашық және әділетті өтуіне баса мән берілген бәйгенің тағы бір артықшылығы, бәрінен бұрын көрермен талабының бірінші орынға қойылғандығы. Жанкүйерлер үшін барлық кезеңге есік ашық. Ширек және жартылай финал кезеңдері 24, 25 және 26 шілдеде тыңдалым түрінде өтеді деп күтілуде. Қатысушылар әлемдік опера классикасынан өздері таңдап алған арияларды «Опералия» концертмейстерлері сүйемелдеуімен орындайды. 29 шілдеде өтетін финалда он үміткер маэстро Домингоның өзі жетекшілік ететін «Астана Опера» симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен бақ сынайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша қатысушы жастардың өнері шетелдік жетекші театрлардың өкілдері енген қазылар алқасы шешімімен бағаланады. Олардың қатарында Карло Феличе театрының көркемдік жетекшісі (Генуя, Италия), «Астана Опера» театрының шақырылған дирижері Джузеппе Акуавива, Метрополитен-операның көркемдік әкімшісі Джонатан Френд (Нью-Йорк, АҚШ), Вена мемлекеттік операсының директоры Доминик Мейер (Австрия), Ковент-Гарден корольдік опера театрының кастинг-директоры Питер Марио Катона (Лондон, Ұлыбритания), Париж ұлттық операсының кастинг-директоры Илиас Цемпетонидис (Франция), Корольдік театрдың көркемдік жетекшісі Жоан Матабош, режиссер Марта Доминго (Мадрид, Испания), Чикаго Лирикалық Операсының бас директоры Энтони Фрейд (АҚШ), бас директор-София патшайымның өнер сарайының көркемдік жетекшісі Давид Ливермор (Валенсия, Испания), Бавария мемлекеттік операсының (Мюнхен, Германия), Глайндборндық опера фестивалінің (Ұлыбритания), Лилль опералық театрының (Франция), Норвегия ұлттық операсы мен балетінің кастинг жөніндегі кеңесшісі Пол Moе, Чилиде және басқа елдерде түрлі мәдени ұйымдардың көркемдік кеңесшісі, «Латын Америка Операсы» ұйымының вице-президенті Андрес Родригес, Бонн театрының көркемдік басқарма директоры Каролин Вильпютц (Германия) бар. «Астана Опера» театрының жетекші солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты, тамаша талант иесі Мария Мудрякпен (сопрано) бірге «Опералия-2017» байқауында отандастарымыз Дәмір Сәдуақасов (тенор), Станислав Ли, Расұл Жармағамбетов (баритон) өз өнерлерін ортаға салмақ. Корея, Қытай, Жапония, Ұлыбритания, Бразилия, Оңтүстік Африка, АҚШ, Италия, Алмания, Болгария, Чехия, Румыния, Польша, Молдова, Украина, Ресей әншілері арасында өтетін сайыс осы жылғы әлемдегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі болмақ. «Опералия» байқауының шарты бойынша оған негізінен кез келген дауыс түрін иеленген (бастан бастап сопраноға дейінгі) 18 бен 32 жас аралығындағы әншілер қатыса алады. Жалпы, жүлде қоры 180 000 АҚШ долларын құрайды. Ерлер мен әйелдер даусы арасындағы 1, 2 және 3 дәрежелі жүлделерден тыс, мұнда Р.Вагнердің және Р.Штраустың операларынан үздік орындағаны үшін Б.Нильсон атындағы сыйлық және сарсуэлананы (опереттаға жақын испандық музыкалық-сахналық жанр) орындау шеберлігіне белгіленген Пепита Эмбил де Доминго және үлкен Пласидо Доминго сыйлығы, көрермен көзайымы жүлдесі − «Rolex» компаниясының қол сағаттары және т.б. жүлделер бар. Ал «Rolex» компаниясы өз кезегінде дүниежүзілік «Опералия» байқауын осымен 16 жыл қатарынан ұсыну арқылы опера өнеріне өздерінің әрқашан адал болып қала беретіндіктерін дәлелдеуде. Айта кету керек, Пласидо Доминго 1982 жылдан бастап «Rolex» компаниясының өкілі болып табылады және компания кәсіби тұрғыда кемелденуге ұмтылған жас дарындарды қолдау мен қамқорлық көрсету аясын мұнан да барынша кеңейте түсуге мүдделі.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»