• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Мамыр, 2017

Тәуелсіздік тұмары

779 рет
көрсетілді

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтас­ты­­ғын бейнелейтін, оның ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Рес­пуб­ликасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мем­л­екеттік рәміздер болып табылады. Ал «Қазақстан Республикасының Мем­­­­лекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусым­да қа­былданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің еге­мен­­ді­­гіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті бі­рік­тіруші образын  білдіреді».

Мемлекеттік ту – мемлекеттің егемен­ді­гі мен біртұтастығын білдіретін басты рә­міз­дерінің бірі. Сондықтан да ту елдің хал­қын біріктіру және оны белгілі бір мем­лекеттік құрылымға сәйкестендіру мін­де­тін атқарады.  Тәуелсіз Қазақстанның Мем­лекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қа­былданды. Оның авторы – белгілі су­рет­ші Шәкен Ниязбеков. Еліміздің туы – ор­тасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік б­ұрышты көгілдір түсті мата. Тудың са­бы­ның тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өр­нек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қы­ран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түс­тес. Тудың ені мен ұзындығының ара­қа­тынасы 1:2 болып келеді. Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды білдіреді. Мысалы, аспан түс­тес көк түс адам бойындағы адалдық, та­за­лық, сенімділік, мінсіздік сияқты қа­си­ет­терді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мән­ге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-ата­ға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қа­зақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті біл­­дірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұ­та­с­тығын меңзейді. Жалпы, геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуат­ты бейнелейді. Сондықтан, еліміздің ту­ын­дағы күн шапағы дәулеттілік пен ба­қу­аттылықтың символы – алтын масақ пі­ші­нінде берілген.  Еліміздің мемлекеттік рәміздерінде күн­нің бейнеленуі еліміздің жал­пыадамзаттық құн­дылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді жә­не мемлекеттің жасампаздық күш-қуа­тын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін ай­ғақ­тап тұр. Ал қыран бейнесі – көптеген ха­лықтардың елтаңбалары мен туларын­да ерте кезден бері қолданылып ке­ле жатқан басты геральдикалық атри­бут­тар­дың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қы­­рағылық пен мәрттіктің символы ре­тінде қабылданады. Күн астында қа­лық­та­ған бүркіт мемлекеттің күш-қуатын, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, би­ік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бей­­­несі еуразиялық көшпенділердің дү­ние­танымында айрықша орын алады жә­не олардың түсінігінде бостандық пен адал­дық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет та­залығы тә­різ­ді ұғымдармен ұштасып жа­тады. Алтын бүр­кіт кескіні жас егемен мем­лекеттің әлем­дік өркениет биігіне деген ұмтылысын көр­се­теді. Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өр­нектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұр­ғы­дан қабылдаудың халықтың эстетикалық тал­ғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түр­лі формалар мен желілер үйлесімін таны­татын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан хал­қының мәдениеті мен дәстүрін сим­волдық тұрғыда бейнелейді. Мемлекеттік елтаңба да – мемлекеттің бас­ты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») тер­мині немістің «erbe» (мұра) деген сөзі­нен шыққан. Мемлекеттің мәдени және  та­рихи дәстүрін бейнелейтін символдық мә­ні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың ми­растық ерекшелік белгісін білдіреді. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағ­а­наты тұсында қолданыла бастаған. Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлі­беков пен Шот-Аман Уәлиханов. Мем­лекеттік елтаңбамыз дөңгелек нысан­ды болып келеді. Бұл – Ұлы дала көшпенділері ай­ры­қша қастер тұтқан өмір мен мәң­гі­лі­к­тің символы. Елтаңбаның орталық ге­ра­льдикалық элементі – көгілдір түс ая­сын­дағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты ай­нала күн сәулесі секілді тараған уықтар шан­­­шылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пы­рақтар бейнесі орналастырылған. Жо­ғар­ы бөлігінде – көлемді бес бұрыш­ты жұл­дыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақ­стан» де­ген жазу бар. Жұлдыздың, ша­ңырақ­тың, уықтардың, аңыздардағы қа­натты пы­рақтардың бейнесі, сондай-ақ, «Қа­зақстан» деген жазу алтын түстес. Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ор­тақ қонысының, біртұтас Отанының сим­волы. Шаңырақтың мықтылығы мен бе­ріктігі оның барлық уықтарының се­нім­ділігіне байланысты. Ал қанатты тұлпарлар Мемлекеттік ел­таңбадағы өзекті геральдикалық элеме­нт болып саналады. Себебі, бағзы замандағы тұл­пар бейнесі батылдықты, сенімділікті жә­не ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпэтносты хал­қы­ның қуатты және өркендеген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен бірге, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың ең­бек­сүйгіштігін және еліміздің мате­ри­алдық игілігін танытады. Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің та­бынушылық ғұрыптарында, сондай-ақ, ол жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін  әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық ком­позицияларында елеулі орын алды. Сон­дықтан, молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және та­рихи түп-тамыры терең маңызды типо­ло­гиялық образ болып саналады. Ел­таң­бадағы тағы бір деталь – бес бұ­рыш­ты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып ке­леді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, бар­лық игі аңсарларға және мәңгілік құн­дылықтарға де­ген ұдайы ұмтылысын біл­ді­р­еді. Ел­таң­бада жұлдыздың бейнеленуі қазақ­стан­­дықтардың әлемнің барлық халық­та­­рымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға  деген талпынысын білдіреді. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық екенін айғақтайды. Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділ­дік­тің және кеңпейілділіктің символы. Со­нымен қатар, көгілдір аспан түстес ту­дың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тір­шілік ұғымдарын танытып тұр. Мемлекеттік әнұран (гимн) да – мем­ле­кет­тің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «сал­танатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-сая­си тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұр­ғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие маңызды дыбыстық рәміз саналады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің Мем­л­екеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Қазақстанның музыкасы мен мә­тініне байқау жарияланды. Байқау қо­рытындысы бойынша Қазақ КСР гимні­нің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Ха­ми­ди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жа­рияланған байқауда авторлар ұжымы, бел­гілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Елдің дыбыстық рәмізінің танымал­ды­ғын арттыру мақсатында 2006 жылы жа­ңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның не­гізі ретінде халықтың арасында ке­ңі­нен танымал «Менің Қазақстаным» пат­­ри­от­тық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы ақын Жұ­ме­кен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге Мемлекеттік гимн жоғары мәр­тебесін беру және анағұрлым салта­нат­ты шырқалуы үшін музыкалық туын­ды­ның бастапқы мәтінін өңдеді. Сөйтіп, Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаң­тар­да палаталардың бірлескен отырысын­да «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиіс­ті түзету енгізіп, еліміздің жаңа Мем­ле­кет­тік әнұранын бекітті. * * * Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәу­ел­сіздігі мен дербестігін бүкіл әлемге жария етуші және мемлекетіміздің өткені, бү­­гіні мен болашағы арасындағы са­бақ­тас­тықтың жарқын бейнесі. Халқы­мыз­дың асқақ рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Бү­гінде ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің на­ғыз өзекті мәселелері саясат пен экономика, қауіпсіздік пен қорғаныс салаларымен емес, ол ұлттың басты құндылығы болып та­былатын ұлттың нышандарымен де тығыз бай­ланысты. Деректерге сүйенетін болсақ, рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы символ-тотемге табынудан бас­тап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге та­быну, орта ғасырдағы хандықтар мен пат­шалықтардың таңбалары мен жалау­ла­ры және теңгелеріндегі айшықты бел­гі­­ле­рімен сабақтасып жатқанын көруге бо­лады. Қазіргі кезде Қазақстанның мем­ле­кеттік рәміздері оның бетке ұстар құ­жа­ты сия­қты бірегей негіздері мен салт-дәс­түрін ай­қындап береді. Осы іспен айналы­сатын са­рапшы-мамандар мемлекеттік би­лік­тің рә­міздері кез келген елдің негізін құрайтын тұжырымдамасы – ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс дегенді айтады.  Рәміздер бой­ынша елімізді тануға, оны бүкіл әлем жұрт­шылығына танытуға болады. Өйт­кені, олар­да халқымыздың бастан кешкен тари­хы, арғы-бергі мәдениеті жатыр. Сол себептен де рәміздерге деген құрмет отансүйгіштік сезімнің бастау көзі болмақ. Мемлекеттік рәміздерді ресми түрде қолданудың тәртібі ел Конституциясында бел­гіленген. Міне, бұл мемлекеттік рә­міз­дердің мәртебесі жоғары екенін көрсетеді.  Тарихи мәліметтер мен деректер мем­лекеттік рәміздерді дайындау аса ыж­дағаттылықпен қолға алынғанын көр­се­теді. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша құрылып, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ерік Асанбаев жетек­ші­лік еткен Мемлекеттік кеңестің тал­қы­лауына Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған екен.  Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміз­де­рі бүкіл әлемге кеңінен танылды. Қазақстанды осы рәміздеріміз арқылы ха­лықаралық қоғамдастық толық мойындады. Аспанкөк  түсті туымыз Біріккен Ұлт­тар Ұйымының алдында және Қазақ­стан­­ның шетелдердегі елшіліктері мен өкіл­діктері орналасқан ғимараттарда жел­біреп тұр. Әлемдік спорт жарыстарынд­а еліміздің Олимпиада чемпиондары Әнұранымызды шырқап, Туымызды биіктерден көрсетіп жүр. Міне, бұл – тәуелсіздігіміздің, дербестігіміздің жарқын көрінісі, нақты мысалы.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»