– Тұрлығазымен сыйласқан адам оның ерекше ақкөңіл адалдығын, кімге болса да мейірімділігін, аса кішіпейілдігін, жылылығын, ашықтығын еш бүкпесіз байқайтын. Оның жаратылысы, табиғаты солай – адамға жақсылық жасауға, кісі көңілін қалдырмауға бейім болатын, – деп еске алады марқұмды Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов. – Елдің бәрі оған дос, бауыр. Адамның сыртынан жағымсыз сөз, өсек айтпайтын бекзат тектілігі оны өз ортасында ерекше сүйкімді етті. Жастайынан өз бойын барлық теріс қылық, жаман әдеттен таза ұстады. Темекі тартпады, ішімдік ішпеді. Тұрған бойы кәдімгі салауатты өмірдің көрінісіндей еді. Ол өте сирек кездесетін баспа маманы еді. Ол кеңес заманында Мәскеудегі Бүкілодақтық полиграфия институтын бітірген инженер-баспагер, баспа ісінің технологы болды. Мамандығына сай бүкіл саналы өмірін республикамыздың баспа ісін ұйымдастыру мен оны өркендету мақсатына арнады. Полиграфия цехтарында қатардағы қызметкерден мемлекеттік баспа комитетінің лауазымды қызметтеріне дейін өсті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта құрылған баспа және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің жұмысын ұйымдастыруда кеңесші, басқарма бастығы лауазымдарында абыройлы қызметтер атқарып, мемлекетімізде кітап басу мен оның таралымын, жаңа сапаға көтеру жолында қажырлы еңбек етті. Еліміз жаңа астанасын Арқа төріне көшіргенде де Тұрлығазы алдыңғы көшпен келіп, осында мемлекеттік «Елорда» баспасын ұйымдастырып, оның басшысы болып жаңа қазақ қоғамын қалыптастыруға құлшына араласты. Осы «Елорда» баспасы Тұрлығазының төл туындысындай, Астанаға шоғырлана бастаған қазақ зиялыларының, бұдан бұрынғы тарихтың тағылымды кезеңдерінің айнасындай – қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектерін жинақтап, көптеген игі істерге бастамашы болып, ұлттық рухани қазынамыздың құнды шығармаларын жарыққа шығарды. Осындай азаматты кезіндегі «Госкомиздат» саласында бірге қызмет істеген әріптесі, Мемлекеттік кітап палатасының директоры, жазушы Әлібек Асқаров та айрықша ықыласпен еске алады. «Тұрлығазы Бұқаралық ақпарат министрінің көмекшісі болған жылдары мен Президент және Министрлер кабинетінің жауапты қызметкері болдым. Ақылшы аға ретінде өз саласында мол тәжірибе жинақтаған білікті маман ретінде маған көп көмек көрсетті. Тұрекең ылғи да жылы жымиып жүретін. Жүзінен шуақ шашқан, жан-жағына мейірін төккен ғажап жан еді. Сөйтіп, жүріп сөз арасында әзіл-оспағын да қосып қоятын. Соның бәрі ол кісінің қатар жүрген қарапайым ағамыз ғана емес, ішкі мәдениеті кемел жан екенін сездіріп тұратын. Бәріміз де Тұрекеңді ағайынға адал, достыққа берік, әріптестікке білікті азамат ретінде мойындаушы едік. Сол үшін де ағамызды айрықша құрмет тұтатынбыз, алдынан кесе көлденең өткен күніміз жоқ, сыйлайтынбыз. Ол кісінің биік парасатын, дархан мінезін үлгі ететінбіз, жүріс-тұрысынан тағылым алатынбыз», – дейді Ә.Асқаров. Баспагердің бағасын, баспа саласындағы еңбегін баспагер біледі. «Қарағанды полиграфиясы» ЖШС директоры Елемес Иманғалиев Тұрлығазы Сабырбайұлының еліміздің полиграфия саласында ең танымал, ең білімді де білікті мамандардың бірі емес, бірегейі болғанын айтады. «Тұрекеңнің парасаттылығы, мейірбандылығы, адамды өзіне тартып тұратын ерекше бір қасиеттері онымен араласқан азаматтардың бәріне мәлім. Ол әрқашан полиграфистерді төңірегіне жақындатып, олардың арқа тірер қамқоршысы болып, кез келген күрделі мәселелерін шешіп беруге қол ұшын созып отыратын жаны жайсаң азамат еді», – деп еске алады. Бәріміз де ауылдан түлеп ұштық. Ауылды, ауылдағы ағайынды сағынамыз. Тұрекеңнің де ауыл десе жаны бөлек еді. Ауылдас ағайынға деген қамқорлығы да ерекше болатын. Марқұмның осындай жақсылығын, жанашырлығын көргендердің бірі, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Молот Солтанаев оның жақын араласып жүрген жандарға ғана емес, өзгелерге де өз ісімен, жүріс-тұрысымен өнегелі өмірдің үлгісін көрсетіп кеткен азаматтығын айтады. «Жанашырым, қамқоршым, жастай айырылып қалған бауырымның орнын басқан аяулы бауырым әрі досым, ауылымыздың қадір тұтар ардақтыларының бірі – Тұрлығазы Сабырбайұлы еді. Ол қабырғасы қатпай жатып колхоз жұмысына араласты. Әкесі Сабырбай – еңбекқор кісі еді. Колхоздың жалғыз диірменін жүргізіп отыратын. Колхозшылардың еңбеккүнге тапқан бидайын тартып беріп, көпшіліктің алғысына бөленген жан. Сабырбай мен шешесі Айша 1956-1957 жылдары өмірден озды. Тұрлығазы Алмалы бастауыш және Басқұншы ауылындағы сегізжылдық мектептерін бітірген соң, Жаркент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепті пансионатта жатып бітірді. Баспада, кейіннен министрлікте істеп жүргенде маған әрдайым қолынан келгенінше көмек көрсетіп жүрді. Әсіресе, Кеген орта мектебінде істеген кезімде оның көмегі, дос әрі туыс ретінде маған ғана емес, көпшілікке жасаған жақсылығы көп еді ғой. 2004 жылы жазға салым 1000 данамен «Ауылым баурайында Бестөбенің» деген өлеңдер жинағымды шығарып берді. Қашан болсын, айналасындағы жандардың жақсы істерін айтып, дәріптеп жүретін. Алтайға барғанын, тау сұлулығын суреттеуге сөз таппағаны, ол жердегі жаны жайсаң адамдар туралы, көркем табиғаты жайлы жыр етіп айтатын. Тұрлығазы 60-қа толғанда ауылдағы туған-туыс, дос-жаран, ағайындарын мерейтойына шақырды. Туған күні мамыр айының 20-сы. Мектептегі оқу жылының аяғы болғандықтан, бара алмадым, зайыбым Бағила барды. Мен мал тұяғы тимеген жерден бір түп жусан үзіп алып, конвертке салып, құттықтауымды жазып жібердім. Тұрлығазы жазға салым ауылға келгенде сол сәлемдемеме қатты риза болғанын, жусанды тойға келген қонақтар да алып иіскегенін, талайлардың ойына туған жері түскенін жыр қылып айтты. Биыл жазда Астанаға барғанымда өзі құшырлана иіскейтін жусан мен туған үйінің жанынан бір уыс топырақ ала барып бейітіне қойдым. Туған елі мен жерінің рухын сезініп, аруағы қуансын деген ой», – дейді. Тұрекеңді немересі Аружан Дәуренқызы көп жоқтайды, сағынады. «Атам менің өмірімде үлкен орын алады. Кішкентай кезімнен арқасына көтеріп, мойнына мінгізіп жүретін. Ойнап-күлуді, далада серуендеуді ұнататынбыз. Киноға бірге баратынбыз. Аталық ақыл-кеңесін айтып, еркелететін, хал-жайымды сұрап отыратын. Қазір оның жоқтығын күнде ойлаймын, жылап, сағынып жүремін. Кейде түсіме кіреді. Сонда қатты қуанамын. Ол мені ерекше жақсы көруші еді. Атамды сағындым», дейді бала жүрегі елжіреп. Тұрлығазы! Өзіңді осынау естеліктер арқылы еске түсіріп, дұғасын арнаған әріптесің, досың, құрдасың.
Қайырды НАЗЫРБАЕВ Астана