• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2017

«Қазақ» газетінде жарияланған «Бостандық мектебі» атты мақалаға 100 жыл толды

333 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастыруымен Алашорда үкіметінің 100 жылдық мерейтойы аясында 2017 жылдың 20 мамыры күні ұлт ұраны – «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 11 маусымдағы №233 санында жарияланған «Бостандық мектебі» атты мақаланың жарық көргеніне әрі «Бостандық» мектебі ашылуының 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық семинар өтеді.       

Конференция Журналистика және саясаттану факультеті оқу ғимаратының 112-аудиториясында (Астана қаласы, Янушкевич көшесі, 6 үй) өтеді. Басталуы сағат 11:00-де.

Қазақ журналистикасы тарихында тұңғыш рет аталып өтілетін мақала жариялануының 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік семинарға көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, алаштанушы-ғалымдар, ұлт зиялылары, «Бостандық» мектебінің басшылары мен түлектері және университет профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысады. 

Жарияланғанына 100 толған мақаланың авторы Әлмұхаммед Оспанұлы – ағартушы, ақын әрі журналист. Ол 1886 жылы Торғай уезі, Тосын болысының 4-ші ауылына қарасты «Бестау», «Суықбұлақ» манзалындағы «Сасықсор» қыстауында дүниеге келген. 12 жасына дейін ауыл молласынан оқып, сауатын ашады, 13 жасында Торғай қаласындағы 4-кластық орыс қолөнер мектебіне түсіп, «ағаш ұстасы» деген мамандық алып шығады. Содан кейін 17 жасында осы Торғай қаласындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-класына қабылданып, оны 1905 жылы бітіреді. 1911 жылы Троицк қаласындағы Зейнолла ишан салдырған «Расулия» медіресесіне түсіп, дәріс алады. Оқи жүріп, осы қалада ұлы ағартушы Мұхамеджан Сералин ашқан қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» жұмысына араласады, мұнда Әлмұхаммедтің «Қазағыма» деген өлеңі, басқа да шығармалары басылады. «Расулияны» 1916 жылы бітіріп, Торғайға оралады. 1917 жылы Кеңес өкіметі орнағанан кейін туған жері – «Бестау», «Суықбұлақ», «Шилі» маңындағы «Үшқарасу» басындағы мешітті «Бостандық» мектебі деп атап, ауыл балаларына орысша-қазақша білім бере бастайды.

"Бостандық" мектебінде көрнекті ақын Қайнекей Жармағамбетов, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Мұқанов, шежіреші Ахметқан Әбіқаев сауат ашты, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарғы мектеп түлектері отандық ғылым мен білімді, әдебиет пен өнерді дамытуға сүбелі үлес қосты.

1920 жылы Орынбордағы ағарту бөлімі мешітті қазақ тіліндегі бастауыш мектепке айналдырып, осында үш айлық курс ұйымдастырады, Торғай уезі бойынша осы «Бостандық» мектебінен 75 адам мұғалімдік куәлік алып шығады. Әлмұхаммед сол курста А. Байтұрсынұлының емлесін алғашқылардың бірі  болып қолданып, сабақ береді. 1923 жылы Ақтөбе қаласында ашылған мұғалімдер курсында білімін одан әрі жетілдіріп, «Бостандық» мектебінің меңгерушісі болып тағайындалады. Сонымен қатар губерниялық басқармаға өтініш беріп, «Үшқарасу», «Шилі» басынан кооперация ашып, оны бір жыл өзі басқарады.

Ал, 1925 жылдың аяғында Торғай қаласында үлкен діни жиналыс болып, сол мәжілісте жалпы халық Әлмұхаммед Оспанұлын бірауыздан мұхтасиф етіп сайлайды. 1926 жылы Уфа муфтиінің шақыруымен барып, мұхтасифтік жарлығын алады. 1929 жылға дейін Торғай қаласының орталығында мұхтасифтік қызмет атқарады. Сол кезде Әлмұхаммед Оспанұлының қарауында 54 мешіт болған. 1929 жылы Әлмұхаммед «мұхтасиф болды» деген жаламен 10 жылға сотталады. Бірақ түрмеде жатып ізденудің нәтижесінде 1930 жылы босатылады. 1931 жылы қайта қудаланып, тағы да 10 жылға сотталып, Қостанайдың  түрмесінен бір-ақ шығады. 1934 жылы  мерзімі біткен соң туған ауылы «Шиліге» қайта оралады. 1935 жылы қайтадан «Бостандық» мектебінде мұғалім болады. Бала оқытумен қатар «Шиліден» бөгет салдырады.

1937 жылғы зобалаң басталғанда, Әлмұхаммед Оспанұлы «аурудың алдын алып», Троицкіге көшіп келеді. 1939 жылы Қостанай облысының Комсомол (бұрынғы Қарабалық) ауданындағы «Мағынай» мектебінің интернатында меңгеруші болып істейді. Ал, 1940-1941 оқу жылында «Бозкөл» мектебінде орыс балаларына қазақ тілінен сабақ береді. Осында жүргенінде «халық жауы» ретінде ұсталып, үшінші рет түрмеге отырады.  1948 жылы босап шығып, Пайғамбар жасына келгенде елге оралып, жұртшылықты имандылыққа үндейді. Әлмұхаммед Оспанұлы туған жері «Шиліде»  1966 жылдың 18 шілдесі күні тура 80 жасында қайтыс болады.