«Жас Отан» ЖҚ төрағасы атап өткендей, инновация – экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі қозғаушы күші. Осы орайда жастардың рөлі айрықша аталып, ғылыми-инновациялық қызметке баулу арқылы олардың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында байқау өткізіледі. Байқау бес аталым бойынша өткізіледі: Әлеуметтік маңызды инновациялар, Техностарт, Үздік жас ғалым, Жастардың инновациялық жобасы, Перспектива. Сонымен қатар, бағыттардың кең спектрі қамтылады: қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі, жасыл энергетика (энергетика және энергияны үнемдеу), химиялық технология, нанотехнология және биотехнология, өнеркәсіптік және құрылыстық технология мен өндіріс, агроинновация (өнеркәсіптік технология және өндіріс), IT технология мен авиағарыш технологиясы, медицина, медициналық техника және технология, фармация, табиғатты тиімді пайдалану, ресурсты үнемдеу, роботтытехника, жол қозғалысының қауіпсіздігі, үздік лайфхак, 3D баспа және жаңа материалдар, гаджеттерге арналған мобильдік қосымшалар, экологиялық инновация, наноимпульс – нанотехнологиядағы инновация, білімдегі инновация. Конкурстық өтінімдерді әділ бағалау мақсатында қазылар алқасына ғалымдар, ұлттық компаниялар, конструкторлық бюролар, сондай-ақ, министрліктер өкілдері қатарынан сарапшылар шақырылатын болады. Байқауға қатысу өтінімдері 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 8 000 000 теңге. Байқауға қатысушылар мен жеңімпаздар жобаны инвестициялау мен қаржыландыру көздерін табу мүмкіндігіне ие болатынын атап өту керек. Баспасөз мәслихаты барысында «Үздік жас ғалым», «Жастардың инновациялық жобасы» аталымдары бойынша 2016 жылғы байқау жүлдегерлері Әлия Әлжанова мен Мұхтар Мұқашев өз зерттеулеріне байқаудың тигізген әсері мен бір жыл ішінде жеткен жетістіктері туралы айтып берді.
«Егемен-ақпарат»