• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 23 Мамыр, 2017

Болашақ сенаторларды мәслихаттар таңдайды

169 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Конституциясында Сенаттың 32 депутатын жанама сайлау құқығы негізінде жалпыға бірдей сайлауда еліміздің азаматтары сайлайтын мәслихаттар депутаттарының жасырын да­уыс беруі жолымен сайланатыны белгіленген. Осылайша, Қазақстан халқы өз өкілдері арқылы Сенатты құруға қатысады.

Сенаттың 15 депутатын қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерінің өкілдігін Сенатта қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, Президент тағайындайды. Ал осы жылдың 28 маусымында өтетін сайлауда өкілеттілігінің конституциялық мерзімі аяқталатын сенаторлардың орнына еліміздің әр өңірінен бір-бірден 16 Сенат депутаты сайланады.

Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі келесi күн − 2017 жылғы 29 сәуір­ден басталды. Ол сайлау өткiзiлетiн күнге бiр ай қалғанда, яғни 28 мамырда аяқталады. Қазіргі кезде ұсынылған кан­дидаттардың жалпы саны еліміз бо­йынша 84 адамға жетті. Депутаттыққа кандидаттар ұсыну облыстық, Астана және  Алматы қалалық, аудандық, қалалық мәслихаттар сессияларында жүргiзiлуде. Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардағы өздерінің өкілдері арқылы Сенат депутаттығына кандидатураларды ұсынады. Ал өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен тиісті сайлау комиссиясына Сенат депутаттығына кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырылады. 

Сенат депутаттығына кандидатты қолдап қол жинауды сенiм бiл­дi­рiлген адамдар ұйымдастырады. Қол­дарды жинауға арналған қол қою парақ­тарын тиісті сайлау комиссиясы береді. Депутаттыққа кандидат облыс мәслихаттарының, Астана немесе Алматы қалалық мәслихатының өкiлдерi болып табылатын таңдаушылардың жалпы санының кемiнде 10%-ының қолдауына, бiрақ бiр мәслихаттан таңдаушылар дауысының 25%-ынан аспайтын даусына ие болуға тиiс. Таңдаушы бір кандидатты ғана қолдап өз қолын қоюға құқылы. Кандидат тiркелгеннен кейiн таңдаушының қолы тек сот шешiмiнiң негiзiнде ғана керi қайтарылып алынады. Қолдардың растығын тексерудi тиісті сайлау комиссиясы қол қою парақтарын алғаннан кейін бес күн мерзiм iшiнде, паспорт қызметінің қызметкерлерін тарта отырып, жүзеге асырады және тиісті хаттама ресімдейді. Егер қолдардың растығын тексеру нәтижесiнде қолдардың 1%-ынан артығы рас болмай шыққан жағдайда, Сенат депутаттығына кандидатты тiркеуден бас тартылады.

Депутаттыққа кандидаттарды тіркеу мәселесіне келсек, кандидат тiркелгенге дейiн және оның Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заң қоя­­тын талаптарға сәйкестiгi тексерiл­геннен кейiн, сондай-ақ, оны қолдап жиналған қолдар тексерiлгеннен кейiн Ортсайлаукомның шотына депозит ретiнде заннамада белгiленген ең төменгi жалақының он бес еселенген мөлшерiнде (24459 теңге х 15 = 366885 теңге) сайлау жарнасын енгiзедi. Кандидат Сенат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан таңдаушылар даусының кемінде 5%-ын алған жағдайда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмайды және ол республикалық бюджет кірісіне алынады.

Ал тиісті облыстық, Астана және Ал­маты қалалық сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына кандидат­тарды тіркеуді Сайлау туралы Конс­титу­циялық заңның 73-бабында белгіленген құжаттар негізінде жүзеге асырады. Де­путаттыққа кандидатты тіркеу кезінде оған тиісті куәлік беріледі және сайлау ко­миссиясының хаттамасы жасалады, ол үш күндік мерзiмде Ортсайлаукомға табыс етiледi. Кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе тiркеу туралы шешiм күшiнiң жойылуына оны ұсынған мәслихат (мәслихаттар) немесе кандидаттың жеке өзi жетi күн мерзiмде Ортсайлаукомға немесе сотқа шағым бере алады. Бұл ретте шағым берiлген күнiнен бастап жетi күн мерзім iшiнде қаралады. Дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтiруге жол берілмейдi.

Қазақстан Республикасының азаматтарына, қоғамдық бiрлестiктеріне Сайлау туралы Конституциялық заңға, өзге де заң актілеріне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк берілген. Мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға, сайлау комиссияларының мүшелерiне, діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынған.

Сайлау алдындағы үгiт Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген кандидаттарды тiркеу мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бо­йынша сағат 24.00-де аяқталады. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады, бірақ сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған пункттерден тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Сайлау алдындағы үгіт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сайлау алдындағы жария iс-шараларды, сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрген адамдарының таңдаушылармен жеке кездесулерін өткiзу жолымен, баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және тарату жолымен жүзеге асырылады. Депутаттыққа кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасында еліміздің конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру және заңдарда көзделмеген әске­ри­лендiрілген құрылымдар құру идеяларын уағыздауға тыйым салынады.

Дауыс беру күні дауыс беруге ар­нал­ған пунктте өтініштерді тіркеу журналы болуы тиіс, ал барша жұрттың та­нысуы үшін жоғары тұрған сайлау комиссияларының, соттардың, про­куратура органдары мен құқық қор­ғау органдарының телефондары мен мекенжайларының тізімдері ілінеді. Соттар мен прокуратура органдары сай­лау комиссиялары мүшелерiнiң, азамат­тардың, занда белгiленген тәртiппен тiр­келген қоғамдық бiрлестiктер өкiл­дерiнiң дауыс берудi өткiзуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың бұзылуы жөнiндегi сайлауды әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қарап, оларды 5 күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы 5 күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi Сенат депутаттарын сайлау таң­дау­шылардың бiрлескен отырысында, егер оған тиiсiнше облыстың барлық мәс­лихаттарынан, республикалық маңызы бар қаланың немесе ел астанасының мәс­лихатынан өкiл болып сайланған депутаттар санының 50%-дан астамы қатысқанда заңды болып табылатын таңдаушылардың бірлескен отырысында жүргізіледі. Отырысқа тиісті мәс­лихаттың хатшысы төрағалық етеді. Оған тиiсті сайлау комиссиясының төр­ағасы мен мүшелерi қатысады. Сай­лау комиссиясының төрағасы таңдау­шы­ларды тіркеу аяқталғаннан кейін дереу Ортсайлаукомға Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға таңдаушылардың келуі туралы хабар жібереді. Егер Сенат депутатын сайлау жөнiндегi отырыста болған таңдаушылардың 50%-дан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлген болып есептеледi.

Дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін жүзеге асыратын адамдарға барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігі қамтамасыз етілуі қажет. Сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған үй-жайдағы таңдаушылардың санын реттейдi, тәртiпке жауапты болады және Сайлау туралы Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге хақылы. Ал сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетеньдер беруге құқығы жоқ. Бюллетеньді берген комиссия мүшесі оған өзінің қолын қояды, сондай-ақ бюллетень алған таңдаушы да өзінің тегінің тұсына қолын қояды.

Дауыс беруге арналған пункттегі да­уыстарды санау жүргiзiлетiн үс­тел­дер учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн  қатысып отырған барлық адамның көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналас­тырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санау­ды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады. Депутаттарды сайлау кезінде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейін кідіріссіз басталады. Дауыстарды санау­ды сайлау комиссиясының мүшелері үзіліссіз жүргізеді. Дауыстарды санау уақыты санау басталғаннан 12 сағаттан аспауы тиіс. 

Осы үдерістер аяқталған соң бюллетеньдер салынған тұрақты жәшіктi ашқанға дейiн сайлау комиссиясы бюллетеньдер алған таңдаушыларды санап, таңдаушылардың жалпы санын айқындайды. Пайдаланылмаған бюллетеньдер жойылады және жеке қатталып жинала­ды. Одан кейін сайлау комис­сия­сының төрағасы не оның орнын­дағы комиссия мүшесi санау нәтижелерiн жария ете­дi және оларды дауыстар­ды санау хаттамасына енгізеді. Ал Сенат депутаттарын сай­лау қорытындыларын Ортсай­лау­ком сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрмей шығарады.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»