• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2016

Табиғатты тануға талпыныс

260 рет
көрсетілді

Жаңа заман жастары білімпаз, жан-жақты дамыған, дарынды, сыншыл келеді. Заманауи білім мен ғылым бір жақты қағидатты ұстанудан алшақ болуы тиіс. Жасампаз жастардың талаптары, қызығушылығы, ізденімпаздық қабілеттеріне сай оқу-тәрбие беру мақсатында білім беру ұйымдары көп мәдениетті орта құруға ықпал етуі қажет. Яғни тұлғаның өнерде және болмыста эстетикалық нысандарды қабылдауы, еңбек дағдыларын, экономикалық ойлай білуі мен кәсіби қалыптасуы, өзін өзі іске асыра алуы үшін саналы қарым-қатынас қалыптастыруы, экологиялық мәдениетін дамытуы, сондай-ақ, экоэволюция идеяларын қабылдау қабілеті мен оны күнделікті өмірде басшылыққа ала білуі алдыңғы орында тұрмақ. Осы бағытта С.Қожықов атындағы №39 лицейдің 7, 8-сынып оқушыларынан құрал­ған «Табиғат сақшылары» тобы «Экоклуб – біздің өмірімізде» атты қалалық кон­курсы­на қатысты. Экологиялық тәрбие бағы­тын­да лицей оқушылары Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерімен бірлескен жо­ба жұмысына дайындалып, Медеу және Алмалы аудандарының 50 мектебі арасынан ірік­теліп келіп, қалалық біріншілікке шықты. Қалалық деңгейдегі «Экоклуб – біздің өмірімізде» байқауында аталмыш лицейдің Мағжан Алпамыс, Гүлім Қабдиллаева, Әмірхан Даниял, Рауан Исатай, Дильназ Досжанқызы, Карина Әскерғалиева, Зере Әбілжан, Жанерке Егеубайқызы, Аружан Сейдали және Альбина Нүсіпқұлова сынды оқушылары көзге түсіп, жүлделі орынға ие болды. Өз біліктіліктерін түрлі жарыстарда сынап, алдыңғы қатардан көріне білген оқушылардың қос қанатын тең сермеп, мәңгілік елдің лайықты көшбасшылары болары хақ. Айта кетерлігі, бұл конкурсты Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Абай атындағы ҚазҰПУ, «PosadiDerevo.kz» рес­публикалық қоғамдық ұйымы бір­лес­кен жоба ретінде мектеп оқушылары ара­сында экологиялық сананы кеңейту жә­не қалыптастыру мақ­сатында ұйым­дастырып отыр. Әлемнің жә­не мем­ле­кет­тің экологиялық мәселелеріне мек­теп оқушыларының назарын аудару, оқу­шылардың табиғатты қорғау тақы­ры­бы­на деген қызығушылығын арттыру, оқу­шы­­лардың мектептегі экологиялық үйірме жұ­­мыстарын ынталандырып отыруды жөн көрген ұйымдастырушылар конкурс же­ңімпаздарын естелік сыйлықтармен және мақ­тау қағаздарымен марапаттады. Гауһар БЕКТҰРҒАНОВА, №39 мамандандырылған лицей директорының орынбасары АЛМАТЫ