Алматы қаласында ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға арналған №7 психологиялық-педагогикалық коррекциялы жаңа кабинет ашылды. Алатау ауданындағы Оқушылар үйінің ғимаратында ашылған бұл орталық қалалық білім басқармасы мен
«Болашақ» қайырымдылық қорының бірігіп жұмыс істеуі арқасында жүзеге асты.
Бүгінгі таңда мегаполисте ерекше қамқорлықты қажет ететін 7 мыңнан астам бала тұрады. Соңғы 9 ай ішінде 877 бала психологиялық-педагогикалық коррекция көмегін алды. Осындай кабинеттерде 5 588 балаға тиісті кеңес берілді.
Жаңа орталықта жылына 180 бала оңалудан өтеді. Әр баламен және түрлі топтармен арнайы мамандар тікелей жұмыс істемек. Көзінде, құлағында, қимылын-
да, сөйлеуінде, дамуында мүкісі бар балдырғандардың ерекше қамқорлыққа зәру екендігі анық. Осы ретте мұндай орталықтардағы арнайы мамандар баланың дұрыс өсіп-жетілуіне кәсіби көмек көрсетуде.
«Болашақ» қайырымдылық қорының басшысы Динара Шайжүнісова өзінің сөзінде болашақтықтардың «Әр бала мектепке баруға лайық» жобасы аясында 2016 жылы дүниеге келген екінші психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті екендігін, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мұнда барлық жағдайдың жасалғандығын айтты.
«Коррекция кабинеттерінің жұмысы арнайы мектепке дейінгі балалар мекемелеріне бармайтын, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін өте тиімді және балдырғандардың дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған», деп атап өтті Д.Шайжүнісова. Орталық оңалтуға қажетті заманауи қондырғылармен толық жабдықталған, емдік дене шынықтырудың, Монтес-
соридің кабинеттері, музыка ырғағы залы, сенсорлы бөлме, ойын аймағы, логопед, дефектолог, психолог, әдістемеші кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда кедергісіз орта да бар, дәліздер кең, ал ақпараттық тақталар Брайл шрифтімен толтырылған.
Атап өтерлік жайт, бұл орталықтың Алатау ауданында ашылуы тегін емес. Өйткені, қалаға кейін қосылған елді мекендерді дамыту моделін жүзеге асыру мақсатында жергілікті бюджеттің 60 пайызы Алматыға жаңадан қосылған аудандарға бөлінуде.
Алатау ауданында 8 жыл ішінде 9 мектеп, 11 мемлекеттік және 35 жеке балабақша іске қосылса, 2016 жылы 21 балабақша, 4 емхана салынды. Жеке инвесторларды тарту есебінен құны 335 млн теңге болатын 14 спорт және ойын алаңдары салынды. «Алғабас-6», «Нұркент», «Ақкент» шағын аудандары пайдалануға берілді. «Саялы» шағын ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында құны 15,8 млрд теңге болатын 68 үй салынды. Универсиаданың нысандары – 12 мың орындық «Алматы Арена», Атлеттер ауылы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры және басқа да көз тартар ғимараттар бой көтерді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»