• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
23 Желтоқсан, 2016

Тілші талайы

258 рет
көрсетілді

Мен – тілшімін! Анам жарықтық: «Қаламсабыңды тастама!» – деп соңғы демімен өсиет айтып, иек қағып еді... Жан-жүрегім сол аманатқа бағындырылған да шығар, бәлкім. Тағдыр-талайым, тәжірибе-тағылымым тереңнен тамыр тартып, елдік асқақ мінезбен өрілуін қаладым әркез. Бұл көктен түскен жалаң көксеу емес еді... Тілшілік мандатым сыйлаған парыз-жауапкершілікке саятын. Тәуелсіздіктің шапағатынан тарап, жүректі шымырлататын, жазбасыңа болмайтын асыл міндеттердің бір парасы, міне, төмендегідей!.. Иә, мен – Тәуелсіздік тілшісімін! ...Торғайдың қақаған қысы. Түкірік жерге түспейтіндей. Ақын Шәмілдің алпыс жылдық тойын атқарысып келе жатқан алматылық делегация (басшысы Ғафу Қайырбеков) жолай ат шалдырмаққа соққан Байғабыл ауылындағы қонақ үйге бас сұға бергенде, теледидардан Еліміздің Тәуелсіздігі туралы Заң бірауыздан қабылданғанын сүйіншілеп жатты. Ғафаң басындағы малақайын диванға атып ұрды. Шабыт, қуаныш қатар буып, бөлмені кезіп кетті. Оның жанарынан тарамдалып аққан жасқа біз де таңырқай әрі түсіністікпен қарап қалдық. ...Сырбай Мәуленов жетпіс жасын Торғайда (19.07.1992.) тойлады. «Егемен Еліме тұңғыш кеп тұрмын, міне!»– деп буырқанған жырымен сұңқардай саңқылдады. Аштықтың зұлматынан, соғыстың сұрапылынан аман калған ол облыстық газеттің аудандық тілшісі кезіндегі ерлікке пара-пар қайталанбас сәттерінен бізге естеліктер айтып берді... Ондаған шақырымды жаяу жүріп, стансадан жүргелі тұрған пойыз арқылы редакцияға хат-хабар үлгертудің қиямет-қайымын басынан өткеріпті. Тіпті, қыста қасқырлар қоршауында қалса да алған бетінен қайтпай, редакциямен байланысты еш әлсіретпеген екен... Осы тойы тарқарда Сыраға жол апатынан қатты зардап шегіп, Қостанайдан ұшақпен Алматыға жеткізілді... жеті айдан кейін көз жұмды. ...Арқалық әуежайында (15.08.1992.) түнжарымда Моңғолиядан атамекенге оралған 100 қазақты күтіп алдық. Бір бала домбыра ұстап түсті. Жерге табаны тиісімен ол күмбірлетсін кеп. Шетелде жасалған домбыра өз ішіндегі өксігін қазақ жерінде тыя алмай, еңкілдеп, солқылдап жылғанының куәсі болдық. ...1992 жылдың 1-18 қыркүйегі аралығында Торғай облысынан жасақталған арнаулы экспедиция Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мүрдесін 57 жылдан соң Карель АКСР-інің Сосновец стансасындағы қабірден алып, туған топырағына – Жанкелдин ауданы М.Дулатов атындағы қауымдастықтың орталығына қайта жерледі. Осы оқиғаның басы-қасында болған біз сапар бойында күн сайын «Егеменде» репортаж жариялап отырған едік. ...Сегізінші сыныптан бастап жүйелі жүргізіп келе жатқан күнделігіме былай деп жазып (09.12.1997.) қойдым: «Күн Ақмолада жылы (-6, -7) болды. Жаңа астанаға Елбасы Назарбаев келді. Алматымен қоштасып, Ақмолаға келді. «Алатауым! Саған басымды иемін!» депті Алматымен қоштасарда ыстық жүректі адам!». ...Таңғы сағат 06.30-да тұрдым. Түнде жөнді ұйықтай алмағанымды «Егеменнің» қамшысы тигеніне балап, әзілдедім. Иә, еліміз бас газетінің ұжымы бүгін (20.02.1999.) Ержұман Смайылдың тізгін ұстауымен пойыздан түсті. «Бұл жай көш емес,– деп қырандай саңқ етті бұрынғы басшы Шерхан Мұртаза аязды Астанаға табаны тиісімен. – Ел газеті – «Егеменнің» көші. Демек халық көші. Ол көш Орынбордан басталған, Қызылордада жалғасты. Ол көш Алматыда 72 жыл тұрақтаған екен. Енді, міне, Астанаға ат басын тіреп тұр. Тәуелсіздік тұсында нашар газет шығаруға хақымыз жоқ!» ...Тәуелсіздіктің 10 жылдығы құрметіне жасақталған «Менің Қазақстаным» арнайы пойызының бағыты – еліміздің батыс өңірі еді. 18 күндік сапарда (26.05 – 14.06.2001) күнқұрғатпай мақала жіберіп, жарияладық. Соның бірінде вагондас болған бұлбұл көмей әнші Б.Төлегенованың: «10 жыл Тәуелсіздік – қадірлі жылдар көші десек, соның басында аса қымбатты Н.Ә.Назарбаевтың тұрғаны халық үшін қандай қуаныш! Біз Елбасының Тәуелсіздікті нығайту жолында атқарып жүрген ұлан-ғайыр жұмыстарын бағалай білуге тиістіміз!», – деген лебізі жүрек тербетті. ...Үкімет басшысы И.Н.Тасмағамбетовке жазған өтінішімнен (21.03.2002) үзінді: «...Бұл жөнінде қазақстандық БАҚ-тарда жеткілікті жазылды. Тілші ретінде мен де атсалыстым. Сізден өтінерім – Кейкі Көкембайұлының бас сүйегін Санкт-Петербургтен әкеліп, туған жері – Торғай өңіріндегі денесі жатқан қабірге қосып жерлеу жөнінде арнаулы Үкімет комиссиясын құруға нұсқау берсеңіз екен». ...Тәуелсіздік жылдарында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани өрлеуі салаларын жан-жақты қамтыған материалдар жариялау мақсатындағы «Астана» конкурсының нәтижесі (29.06.2004) шығарылды. Комиссияның шешімі бойынша Астана қаласының әкімі Ө.Шөкеев бірінші орынға тігілген Есілдің сол жағалауындағы үш бөлмелі пәтер кілтін жүлдегер маған табыс етті. ...«Егемен Қазақстан» газетінің шыға бастағанына – 90 жыл толуына арналған үш күндік салтанатты шараларға (22-24.12.2009) Алматыдан арнайы келіп, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов қатысты. 87 жастағы қарт жазушы тып-тың, елгезек, жұмсақ жымиысымен маңайын нұрландырып жүр. Атқосшысымын. Елбасын редакцияда қарсылау сәтінде Әзағаң қысқа сөз сөйлемек-тін. Бәрі ойлағандай бола бере ме? Президент Н.Ә.Назарбаев өзі салдырған жаңа ғимаратқа шапшаң кіріп шықты. Сөз сөйленбей қалды. Бірақ оның есесін Әзағаң сол күні кеште К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты жиында еселеп қайтарып еді. «Қазақ халқының рухани мәңгілік азығы, қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағының мызғымас қазығы – «Егемен Қазақстан» жасасын!», – деп шабыттана селдеткені естен кетпейді. Сол жолы «газеттің 100 жылдығында кездесейік» деп ақжарма тілек айтқан Әзағаң 1 жыл, 2 ай өткенде мәңгілікке аттанып кете барды... ...Өлмейтіндей көрінетін адамдар бар шығар деп ойлаушы едім... Гүлнәр Міржақыпқызы да сондайдың сойынан еді-ау! 98 жасында өмірден өтті... Қос ғасырдың тауқыметі ағартқан күмістей аппақ шашты басын күлімдей изеп, керемет дәйекті сөзін ұрпақтарына айтып кеткенінің куәсі болғанбыз. «Алаш арыстары армандаған Тәуелсіздігіміздің туын жықпай, нық ұстаңдар!» – деп, жиырма жасында айырылған Міржақып әкесі, отызында көз жазып қалған Ғайнижамал анасы, «атакелеп» тізелеріне еркелеп отырған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов аталары есіне түскендей, жанары сол сәт боталап кеткен-тін... ...«Алашшыл жүрек» деп аталатын Тәуелсіздік толғауы кітабым «Фолиант» баспасынан 2011 жылы басылып шықты. Онда Тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін ұлықтау, оны нығайтып, мәңгілік тұрлаулы етудің тиімді жолдары адам ойымен, іс-қимылымен астастырыла өрілген еді. Алаш арыстары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Қадырбаев, Ә.Қасымов, т.б. туралы тың деректер молынан ұшырасады. ...Тәуелсіздіктің халық үшін тұғырлы бір мезеті – «Егеменнің» 95 жылдығының тойлануы болса (20-21.12.2014) керек. Бұл белесті қалың оқырман бұрын-соңды болмаған 203 394 дана таралыммен қарсы алды. Зейнетке шыққан соң да тағы бес жыл еңбек еткен газетіммен былай қоштасып едім: «Қиыннан қиыстырып амалменен, Тағдырдың тауқыметі – қамал деген. Мінекей, ұжымымды қимай тұрмын, «Егеменнің» кірпіші боп қалар денем!» ...«Егемен» десем, есіме жеті басшым түседі. Ш.Мұртаза Торғай облысы бойынша меншікті тілші қызметіне бұйрық (30.08.1990.) беріп тұрып, егін орағының нағыз қызған кезінде: «Ал алдымен еліңнің жабылып қалған театрын ашқызу туралы жаз!» – деп еді. Содан былайғы Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин, У.Қалижан, Е.Смайыл, С.Абдрахманов тізгінін ұстаған газетте тер төккенімізді абырой санаймыз. ...Шетелдерге де Тәуелсіздіктің арқасында еркін шығып жүрдік. Франция, Корея, Қытай, т.б. мемлекеттерден жазған дүниелеріміз оқырман кәдесіне жарағанына тілші ретінде масайрайтынбыз. Шанхайдағы ЭКСПО-ны жазып көрсеткенде (2010), Қазақстан павилонын қызықтаушылардың саны күніне 4-5 мыңға жеткенін сүйіншілегенбіз. ...Тәуелсіздіктің аясына сәл-пәл жетпегенімен (10. 10.1991.), өмірімдегі елеулі сәттердің бірі – қазақтың тұңғыш көк сұңқары Т.Әубәкіровті Арқалық маңында ғарыштан алғаш қарсы алғандардың бірі ретінде және Чернобыль АЭС-і апатының батыры қостанайлық Л.Телятниковпен тілдесіп, жедеғабыл хикаят жазғанымды тілшілік тағдырымның ұмытылмас белесіне балаймын. Беу, уақыт-ай, десеңізші! Тәуелсіздіктің үзік-үзік осындай кереметтері келісімімен жарасқан күйде болашаққа сыңғырлай жылыстап бара жатқан сыңайлы. ...Тәуелсіздік тамыршысындай талғаммен жазып тамсандыратын, туған Қазақстанның абыройын алға асыратын, Елі мен Елбасының мұрат-мүддесін қабыстырып, өзін емес өзгенің өмірін нұрландыратын тілшілер керуені жарастықпен жалғасып келеді. Сондай салтанатты көштің сапында болғанға не жетсін! Тәуелсіз тілшілерге қызығамын! Бүгінгі Тілші қандай бақытты еді! Қайсар ӘЛІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты