Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан ауыр атлет Айдар Қазов жақында Дохада Азия кубогын жеңіп алып, өзінің болашағынан зор үміт күттіретін спортшы екенін танытты. Біз сол жарыстан оралған ауыр атлетикадан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Ерік ӘЛІБАЕВҚА жолығып, өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлап жүрген жерлесіміздің спорттық жолы мен бабы жайлы әңгімелескен едік.
– Ерік, Айдарды қай уақыттан бері білесіз?
– Оның тарихы әріден басталады. 1986 жылы мені Возвышен (қазір М.Жұмабаев) ауданының Александровка орта мектебіне директор етіп жіберді. Осында 2007 жылы ауыр атлетика залын аштым. Бастапқыда 50-ге тарта бала келгенімен, кейін үштен бірі ғана қалды. Өйткені, тынымсыз жаттығуларға мықтының мықтысы ғана шыдайтын. Олардың ішінен құйтақандай Айдар назарымды бірден аударды. Ол бірде-бір жаттығудан қалмайтын. Айтқан ақыл-кеңестерді мүлтіксіз орындайтын. 6-сыныпта оқитын оның салмағы 27 кило ғана тартқанына қарамастан, өзінен үлкен сыныптастарынан әлді болатын.
– Ауыр атлетика үйірмесін ашуға не түрткі болды?
– 1979 жылы Петропавл педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетіне түсіп, бірінші курстан бастап ауыр атлетикамен шұғылдандым. 1983 жылы жас маман ретінде ауылға жіберіліп, қарадомалақ балалардың ынта-жігерін оятайын деген ниетпен спорттың осы түрінің дамуына қал-қадерімше үлес қосуға тырыстым.
– Сыпайылығыңызды түсінемін. Алайда, екінің бірі тәуе-кел ете бермейтін спорттың ауыр түріне қазақтың баласын 10 жыл бойы тынымсыз баулып, атағын шартарапқа танытқан үйлі-баранды азамат баспанасыз жүр дегенді басқалардан естіп, сене алмай отырмын.
– Үш жылдан бері келіншегім екі баламыз бар, пәтер жалдап келеміз. Мені қойыңызшы, бәрінен де аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың тікелей қолдауымен 2015 жылы қаланың ортасынан Айдарға екі бөлмелі пәтердің берілгеніне қатты қуандым.
– 1985 жылдан бері өңір зілтеміршілерінің республикалық жарыстарға мүлдем қатыспағанын, тек өзің 2007 жылы тізгінді ұстаған соң спорттың осы түрі жандана бастағанын ескерсек, қандай да қолдауға лайықсыз деп ойлаймын.
– Атам қазақ айтпай ма, «Жүгірген алмайды, бұйырған алады» деп. Аманшылық болса, бір жөні болар.
– Айдардың 2017 жылы АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына қатысатыны белгілі. Маңдайы жарқырап келсін деп тілейік. Сол кезде баспана мәселесі де шешіліп қалар.
– Жылы тілегіңізге рахмет. Иә, келесі жылы алдымызда үш ірі жарыс тұр. Біріншісі – Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионаты. Екіншісі – халықаралық Универсиада. Үшіншісі – мұхиттың арғы жағындағы бәсеке.
– Айдардың үлкен спорттағы алғашқы қадамы қалай басталды?
– 2007 жылы ауыр атлетикадан оқушылар арасында облыстық жарыс өтетін болып, 15 баланы алып келдім. Менде оларды қатыстыру емес, көрсін, білсін, үйренсін деген бір ғана мақсат болды. Тек Айдарды сынап көру үшін додаға қостым. Жарты жылдан кейін 34 кило салмақ дәрежесінде облыс чемпионы атанды. Енді қараңыз, 1,5 жылдан кейін спорт шеберлігіне кандидат, ал 9-сыныпта спорт шебері нормативін орындады. 2012 жылы Прага қаласында жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған әлем чемпионатынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып оралды. 69 кило салмақта серпе көтеруде 169 килоны көтерді. Бұл рекорд әлі күнге дейін өзгеріссіз тұр!
– Былтыр Таиландта өткен Азия чемпионатында қай салмақта күш сынасты?
– 77 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпиондық атақты жеңіп алды. Серпе көтеруде – 157, жұлқи көтеруде 194 килоны бағындырды. Қытайдағы Гран-при бәсекесінде үшінші орынды иеленді.
– Ерік, жастар арасындағы тартыс 23 жасқа дейінгілер арасында өтетіні белгілі. Айдар 21-де ғана. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен ересектер арасындағы әлемдік додаға қатыстыруға жүрексінген жоқсыздар ма?
– Тәжірибе, техника осындай аламан бәйгелерде толысады, шыңдалады, жинақталады. Осы жағы баса ескерілді. Үлкендермен үзеңгі қағыстыруда ондыққа ілігуі жаман нәтиже емес. Серпе көтеруде бесінші орын алды.
– Жақында Катардың Доха қаласында өткен Азия кубогында ел намысын абыроймен қорғап, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді.
– Қоссайыс жиынтығында 318 килоны еңсерді. Шынын айтсам, жұлқи көтеруде әлі де мүмкіндіктері болғанымен, 140 киломен тоқтауды жөн көрдік. Өйткені, алдағы ірі жарыстарға тынымсыз дайындық керек. Жарақат алып қалмау жағын ойладық.
– Айдар 8-сыныптан бастап Алматыдағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектебінде оқуын да, жаттығуын да жалғастырған екен. Бір-біріңізден қол үзіп қалған жоқсыздар ма?
– Екі жасында әкесі қайтыс болып, анасының бауырында өсті. Бір-бірімізге әбден бауыр басып кеткеніміз соншалық, әкелі-балалыдай сыйласамыз. Кез келген жарысынан қалмаймын. Менімен әркез ақылдасып отырады.
– Айдардың биыл Бразилияда өткен жазғы Олимпиадаға қатысатыны туралы көп айтылып, соңынан пышақ кескендей сап тыйылды. Оның себебі неде?
– «Апам да аң-таң, атам да аң-таң» демекші, АҚШ пен Таиландта Олимпиялық ойындардың қос лицензиясын ұтып алған Айдар жайлы ойласам, әлі күнге дейін іш қазандай қайнайды. 4 тамызға Рио-де-Жанейроға билет алып, ұшайын деп тұрған жерімізден тоқтатты. «Бармайсыңдар» деген суыт хабар келді. Допинг дауына байланысты бір лицензиядан айырылған соң Айдарды «құрбандыққа» шалып жіберген. Оның орнына 56 кило салмақтағы Арли Шонтейді енгізіп жіберген. Хьюстонда бірде-бір ұпай ала алмаған ол Риода да жерге қаратты. Ұлттық құрамадағылардың құрыққа сырық жалғаған қулықтары ашындырады.
– Құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Ни емес пе, ақтық сөзді айтатын?
– Алда әлем чемпионаты тұр, соған қатысады, келешегі алда секілді жұбату сөздерін маған емес, әйеліме жіберіпті. Басқа не айтады? Бабы келіскен спортшылардың бағын қасақана байлау секілді қитұрқұлықтар спортта жиі кездеседі. Соның бір мысалы бұл.
– Өңірдегі ауыр атлетиканың даму бағыт-бағдары қалай?
– Арадағы ширек ғасырдай үзілістен кейін бірден жарқ етіп көріну оңай емес. Десек те, зілтеміршілердің тегеурінді шоғырының қалыптасып келе жатқаны үміттендіреді. Оның негізгі базасы дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатта орналасқан. 8-сынып оқушысы Дмитрий Головин спорт шебері нормативін орындады. Александр Тарахтий ел чемпионы атанды. Қыздар арасында да әуестенушілер қарасы аз емес. Сөз соңында әкімдікпен қатар, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің үнемі қолдау жасап жүргенін айта кеткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ