Желтоқсан оқиғасының тарихи мәні мен халықаралық саяси маңызы Астанада, қазан айының аяғында болған ғылыми-практикалық конференцияда жоғары деңгейде сарапталған болатын. Оның жұмысына отандық ғалымдар мен саясаткерлерден басқа жиырмадан астам елдерден келген сарапшылар мен мамандар, бұрынғы мемлекеттік басшы қызметте болғандар және ғылыми-зерттеу ұйымдарынан келгендер қатысты.
Міне, осы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйленген барлық сөздер мен айтылған ойлар ұйымдастырушылардың ерен еңбектерінің арқасында Астана қалалық ішкі саясат департаментінің қолдауымен «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» деген атпен жуырда 500 беттік жеке жинақ болып шықты. Өткен жұма күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Шараны осы университеттің профессоры Зиябек Қабылдинов ашып, жүргізіп отырды. Сүйекті басылым бір мың даналық тиражбен шыққан. Шығып сөйлегендердің бәрі де осыншалық құнды еңбектің жарық көруін ұйымдастырғандарға шынайы алғыстарын айтты. Енді оны ағылшын тіліне аудару мәселесі алда тұр. Сонымен қатар, «Желтоқсан» атты сайт ашу міндеті де күн тәртібіне енгізілген. Конференцияға қатысушылар 9-сыныптың тарих оқулығындағы Желтоқсан көтерілісі туралы материалдың шағын ғана екенін ескеріп, Білім және ғылым министрлігіне оны арнайы параграф қылып енгізу туралы ұсыныс жасаған. Сондай-ақ, жыл сайын «Желтоқсан оқулары» өткізіліп тұруы қажеттігі де айтылған. Зиябек Қабылдинов өз сөзінде Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына арналған шаралар туралы да жиналғандарды хабардар етті. Соның ішінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев желтоқсандықтармен кездесу өткізіп, оларға мерекелік медальдар тапсырғаны, Алматыда болған шаралар қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өткені, ал Ақтөбе қаласында Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш ашылғаны айтылды. Сөйтіп, ХХ ғасырдың аяғында қазақ санасын дүр сілкінткен оқиғаның екінші өмірі жаңа қырға шығып, қарышты қадамға басқандай болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»