• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Бауырмал

279 рет
көрсетілді

– Ассалаумағалейкүм, Икрам ака! – Уағаликүмассалам, Бактияр ака, хал-жағдайыңыз яхшы ма? Екеуміздің өзбекшеміз осымен бітеді. Икрам ака деп отыр­ға­нымыз, 1999 жылдан бері Өзбек этномәдени бірлестігінің тө­ра­ға­сы, өзі әзілдеп айтатындай, «қа­зақ­тың облыстағы №1 жиені» Ик­­рам Хашимжанов. Құдайдың құдіреті, осы Ик­рам көкеміздің біреуге қатты өкпелегенін көрмеген екенбіз. Рас, ол да тірі жан, көңілін қал­­ды­­ратындардың кездесіп қа­ла­тыны анық. Бірақ, олар туралы тістеніп сөйлемейді, тілін тө­сеп, жұм­сақ айтады. Облыс әкі­мінің «Бауырмал» сыйлығын ал­ған азаматтың ағзасында өк­пе деген дүние жоқ па өзі деп қал­ған­дай­сың. Жақында Өзбек этномәдени бірлестігі төрағасын қайта сайлау өтті. Мерзім бойынша. Қалталы азаматтар көп қой. Бірлестіктің төрағасы деген атауға қызықты ма, кәсіпкерлігімен аты шығып жүрген бірнеше жігіт осы сай­лау­ға түспек болған. Бірақ, өзбек диаспорасы қайтадан И.Хашимжановты таңдаған, дау­ысын берген. Икрам аканы құттықтадық. Әңгі­меміз елдегі жағдайға ұласып кетті. – «Қазақ-өзбек бір туған» деп жатады ғой, – дейді Икрам көке. – Екі ұлыстың түбі бір, діні бір екені бәрімізге аян. Қазақ пен өзбек халықтарының бөліспейтін ештеңесі жоқ, бір-біріне деген ыстық сезімін, туысқандық ниетін көрсететініне куә болып жүрміз. Бүгінде Қазақстанда жарты ми­л­лионға жуық өзбек жұрағаты тұ­­р­а­ды. Сан жағынан алғанда мем­­­лекетімізде қазақтардан кей­ін үшін­ші орында, облыс бойын­ша екінші орында тұрмыз. Об­лыс­та аралас және таза өзбек мек­теп­терін қосқанда 150-ге жуық мек­тепте балаларымыз ана ті­лін­де оқиды. Жыл сайын төрт жа­рым мыңдай жеткіншектеріміз мектептен түлеп ұшып, өмірден өз орнын тауып жүр. Бөтенсің деп жатқан ешкім жоқ. «Қазақстан» деп аталатын ортақ Отанымыздың түтіні түзу ұшуына бір кісінің баласындай еңбек етіп келеді. Жалпы, өзбектер – ас ішкен дастарқанын тіліп кететін ұлт емес, иманы мен берекесі бар, еңбек десе, өзге дүниені ұмытатын халық. Осындағы ағайындар қазақ халқының жерінде тыныштықпен айрандай ұйып отырғанын жақсы біледі, достықты қадірлейді. «Отаны бірдің жүрегі бір» деген­ді жақсы түсінеміз, жоғары бағалаймыз. Ортақ Отаныңды жақсы көруді тәтті сөзбен емес, нақты ісіңмен көрсетуің керек. Біз Отанға керек құндылықтардан тартынып қалған емеспіз, елмен, Елбасымен бірге екендігімізді мақтан тұтамыз. – Ислам көке, осы Австрияның астанасы – Венада сөз сөйле­ге­ніңізді естіген едік. Қандай мақ­сат­пен шақырылдыңыздар? – Біздің қоғамдық бірлестігіміз республикамызда бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғары комиссарлары Ван де Стул және Кнут Воллебек мырзалармен келісімшарт арқылы жұмыс жүргізуді бастаған мәдени бір­лес­тік болып табылады. Осы­ның арқасында ЕҚЫҰ тарапынан да біздің облыстағы өзбек тіл­ді мектептерде бірнеше тілді оқыту сапасын арттыруға қамқорлық жасалуда. Өзбек мектептерінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруді заманауи талаптар биігіне көтеру Елбасымыздың үш тұғырлы тіл саясатына сәйкес келеді. Осы аталған бағдарлама аясында 2009 жылы Вена қаласындағы ха­лықаралық конференцияға шақы­рыл­дық. Кнут Воллебек мырза модераторлық жасағанда төртінші кезекте маған сөз берді. Көптеген қатысушылардың арасынан осылайша бізге үлкен құрмет көрсетілді. Кнут Воллебек – халықаралық ұйым­дар арасында аса абыройлы кісі. Мен, әрине, Оңтүстік Қазақстандағы, еліміздегі ерекше жетістіктерді білім саласымен, өзбек мектептерімен бай­ланыстыра отырып баяндама жасадым. Сөзімді барлық қатысушылар қызыға тыңдады. Модератор Воллебек мырза: «Қазақстан Рес­публика­сының Пре­з­иденті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мем­лекет аумағындағы 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдеріне жан-жақты жағдайлар жасап отыр. Қазақ мектептерімен қатар орыс, өзбек, тәжік мектептері білім береді. Өзге ұлттар тілдері де жексенбілік мектептерде оқытылады. Барлық ұлттар өкілдерінің мәдениетін, руханиятын, салт-дәстүрін дамы­ту­ға баса назар аударылады», – деп мәлімдеді. Конференцияға 60-қа жуық мемлекеттің өкілдері қатысып отыр­ған. Екі жыл көлемінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымынан 100 мың еуро көлемінде көмек берілді. Бұл қаржы мектеп дирек­тор­лары мен олардың оқу ісі жө­нін­дегі орынбасарларының, мұғалімдердің білімдері мен білік­тіліктерін арттыруға, әдіс­те­мелік жұмысты жетілдіруге, оқу-әдістемелік құралдар шыға­ру­ға, се­ми­нарлар, басқа да оқыту шараларын ұйымдастыруға жұмсалды. Қорытынды ретінде халық­аралық конференция өт­кіздік. Оған Өзбекстан, Тә­жік­стан және Қырғызстан өкіл­дері қатысты. Сон­дай-ақ, Пар­ла­мент депутаттары, облыс әкімдігінің өкілдері, Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкіл­­дері шақырылды. Айта кеткен жөн шығар, ЕҚЫҰ бөлетін ақшаның 1 центін де басқа мақсат-мүддеге жұмсай алмайсыз. Талап та, есеп алу жағы да, қаржының жұмсалуын қадағалау да аса күшті. Біздің Президентіміз: «Қазақстан­ның болашағы – интегра­цияда», деді ғой. Сонымен бірге, Елбасы білім арқылы интеграциялануға да айрықша мән беріп келеді. ЕҚЫҰ-мен тығыз байланысымыз білім саласын интеграциялауға жол ашады. Дарынды жастар көбейеді. Талапты, талантты өрендеріміз үшін әлемдегі ең беделді оқу орындарына жол ашылады. – Икрам Акрамұлы, сіздің бір қызметіңіз – Өзбек драма театрының директорлығы. Елбасының өзі келіп арнайы ашқан театрдың бүгінгі жағдайы қандай? – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сансыз бабтар мекені –Сайрамға келіп, облыстық Өзбек драма театрын ашқан. Ел-жұрт та ерекше риза болған еді. Бұл – теңдессіз тарту. Елбасымыз сонда: «Біздің көп ұлттылығымыз – мақтанышымыз. Әр алуан этностар мәдениеті – гүл шоғындай. Мен өзбек халқының өзгеше еңбекқорлығын жоғары бағалаймын. Қазақ пен өзбек – түбі бір бауырлар, етжақын ағайындар. Театр да тың табыс­тар­ға жететін болады», – деген еді. Он жылдан асты, көптеген же­тіс­­тіктерге ие болдық. Өзбек театры көрерменін тапты, кең танылды. Гастрольге шыға бастадық. Жамбылда, Қызылордада, Түркістан­да, облыстың басқа да аудандары мен қалаларында болдық. Театр фестивальдарында, байқауларда озып, жүлделер алып жүрміз. Дулат Исабековтің «Ескерткіш», Йозеф Ладаның «Сиқырлы алма», Шараф Башбековтің «Темір қатын», Бер­тольд Брехттің «Кураж ана жә­не оның балалары», Сайлаубай Жұма­ғұловтың «Күйеуіңді бере тұр» дейтін дүниелерін, тағы басқа да көптеген туындыларды сахналадық. Ташкент сапарында Қазақ­стан­­­ның Өзбекстандағы ел­шісі Бөрібай Жексенбиннің, Өзбекстан ұлтаралық мәдениет орталығының төрағасы Насред­дин Мұхаммадиевтің және рес­публикалық Қазақ этномәдени орта­лығының бастамасымен ұйым­дастырылған Әйтеке бидің 370 жылдығына арналған «Біз – бір халықпыз» достық фестиваліне қатысып қайттық. Өзбек театрының ұжымы жаңаша ізденіс үстін­де. Ре­жис­се­ріміз Хамид Кұла­бду­л­ла­ев, айтулы актерлеріміз Сай­ди­­карим Махмудов, Адылжан То­ганбаев, Улугбек Насиров, Рустам Саидходжаев, Сабриниса Розметова, Венера Нишанбаева, Дилфуза Ибрагимжанова, Дилора Халметова, Зарина Кадирметова, Зулкарам Тоганбаева, Бахром Искандаров, Шерзод Хаджиметов, Абрар Аскаров, Акбар Ерха­нов, Ахмадбай Эргешов, Жав­лан Саитов, тағы басқалар кө­рер­мендер көзайымдарына айналған. Елбасының өзі келіп ашқан Өзбек драма театры, әрине, өзгеше еңбектенуге тиіс. Біз қазақстандық өзбек болғандығымызды мақтан етеміз. Мен Ташкенттегі жиындар­да да қазақша сөйледім. «Қазақ еліндегі өзбектер өзгешеміз, – дедім. – Менталитетіміз, қазақы пейіліміз, дархандығымыз, ашық көңіл, ақ­жүрек­тігіміз арқылы айрықшамыз. Қасиеттеріміз қазақ пен өзбектің берік құймасындай. Сол себептен өзгеше өзбектерміз». Сөйтіп, Ташкенттің өзбектеріне айшықты алты қазақы шапан жаптық. Биылғы театр маусымын Атырау­дың арда перзенті, белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Аяулым Анфиса» комедиялық туындысымен аштық. Көп көңілінен шыққан спектакль әрі театр ұжымының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған тамаша тартуы болды. Театр көктемі фестивалінде Рахымжан Отарбаев өзі келіп, «Аяулым Анфиса» спектаклін көр­ген соң, «мен бүкіл Қазақстаннан басқа театрларда өзбек театрының актерлеріндей дәрежесін жеткізіп ойнағандарды көрмедім», – деп жоғары бағасын берді. Қазақтың классик жазушысының бұл пікірі театрымыздың актерлерін ерекше қанаттандырды. Бір қызығы, Икрам Акрамұлының алғашқы мамандығының авиацияға қатысы бар. 1975 жылы Ташкент қаласындағы №2 Авиация-техни­калық училищесін «ұшақтарды құ­рас­тырушы» мамандығы бойынша үздік бітірген. Кешегі авиатор, бүгінде Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде ол еліміздегі ұлттар достығына қалтқысыз еңбек етіп келеді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы