• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Коррупция жүгенделіп келеді

517 рет
көрсетілді

Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, барша әлемге танылғанымызға небәрі жиырма бес жыл уақыт өтті. Бұл тарих үшін аз уақыт болса да, сол бір тәуелсіздік алған уақытта дүниеге келген сәбилер қазіргі таңда бір-бір отбасының әкесіне, анасына айналып, бір-бір шаңыраққа ие болып отыр. Дана бабаларымыз елдікті қалыптас­тыру бағытында көптеген даналық сөздер қал­дырып кеткен болатын. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөзді ту қылып ұста­ған Төле би, Қазыбек пен Әйтеке билер қара қылды қақ жарып, тура жолдан айнымаған. Соған орай «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген жақсы сөз бар. Тура жолдан айнымай, жас мемлекетіміздің іргесін нығайтуға әрбір Қазақстан азаматы үлесін қосар болса, дамыған 50 ел емес, ал­ғашқы ондықтан көрінеріміз ақиқат. Ол үшін Елбасы тарапынан мемлекетімізді нығайту жолында жасалып жатқан өмір­лік маңызы жоғары бағдарламалар мен жобаларды қолдай отырып, қатерлі індет – сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісуіміз қажет. Бүгінде қоғамның бас ауруына айналып отырған жемқорлық сөзі (corruptio) латын тілінен аударғанда «сатып алу» мағынасын береді. 1989 жылы әлемнің дамыған 37 мемлекеті халықаралық бизнестегі жемқорлыққа қарсы күрес туралы конвенцияға қол қойды. Қазақстан сол конвенцияға қосыла отырып, 1998 жылы 2 шілдеде ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Қазақстан Республикасының заңна­ма­ларына сәйкес, сыбайлас жемқор­лық қылмысқа, негізінен, лауазымды қылмыстар жататыны белгілі. Жалған ақпарат беру, екі тараптың ымырашылдық әрекеті және қызметтік лауазымды жеке бас мүддесіне пайдалана отырып қызметтік жалғандық жасау, пара беру, алу тәрізді істер қазіргі қоғамның кеселі. Сондықтан қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес бір немесе екі адамның қолынан келмейтінін, мұнымен бүкіл қоғам болып күресу қажет екендігін Елбасымыз халық алдында аз айтып жүрген жоқ. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарла­малар мен қаулылар шығарылып жатыр. Атап айтар болсақ, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2009 жылғы Жарлығы негізінде «Қазақстан Респуб­ликасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулы шығарылып, Қазақстан Республикасының Үкiметi 2011 жылы Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама бекiтті. Ал 2014 жылы Президент Жарлығы­мен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы стратегиясы» бекітілді. Бұл бес бөлімнен тұратын бағдарла­мада өзекті мәселелер қамтылған. Әсі­ресе, бағдарламадағы «Түйінді бағыттар, негізгі тәсілдер және басым шаралар» атты бөлімінде Қоғамдық бақылау институтын енгізу тармағы қарапайым халық арасында қызу қолдауға ие болуда. Демек, нәтиже де жоқ емес, бар. Бір мақтанатын жеріміз, халықаралық са­рапшылардың бағалауынша, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деңгейі жөнінен посткеңестік кеңістікте алдыңғы орында келеді екен. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай.  Сәбит ПӘРМЕНҚҰЛ, Отырар мемлекеттік археоло­гия­лық қорық-музейі археология және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі