Алатаудың баурайындағы Үшқоңыр ауылында орналасқан «Шапағат» өлкетану мұражайы өңір мәдениетінің бір ошағы болып саналады. Мұражайда Қарасай батыр атындағы орта мектеп басшылығының ұйытқы болуымен танымал тұлғалармен, ақын-жазушылармен келелі кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Нақтылай түссек, жас ұрпақтың Ұлы далаға деген перзенттік сүйіспеншілігін арттырып, өз елін мақтан тұту мақсатында белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» және Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты Оразақын Асқар бастаған Ұлттық кітапхана қызметкерлерімен кезекті кездесу өткен еді. Оған Үшқоңыр ауылы орталық кітапханасының қызметкерлері және Үшқоңыр ауылындағы орта мектептердің ұстаздары қатысты. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы тарапынан мектеп оқушыларына көрме ұйымдастырылып, мектеп мұражайы мен кітапханасына 120 кітап сыйға тартылды.
«Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайында 2 500-ден аса құндылық бар. Қосымша қорға жататын фотосуреттер, сызбалар, іс-тәжірибелерді баяндайтын хаттамалар ретімен орналастырылған. Мұражай қорлары кітапшаға тізімделген. Мұражай өз қызметін Елбасытану қызметімен, өлкетану жұмыстарымен және Елбасының балалық шағы және қызметімен ұштастырып жүргізеді. Мұражай заттары әр бөлімнің тақырыбына сай эстетикалық талғаммен безендіріл-
ген, – дейді осы мұражайда экскурсия жүргізуші Рымкеш Байқонысова.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Қарасай ауданы