• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Өнердің өтер жылға өкпесі жоқ

601 рет
көрсетілді

Биылғы жыл мәдениет пен өнер саласы үшін айтарлықтай жемісті жыл болғаны рас. Ел Тәуелсіздігі­нің 25 жылдық мерекесі лайықты тартулармен қарсы алынды. Елбасы идеясымен түсірілген Қазақстан кино өнері тарихындағы ең ірі ұлт­тық жоба – он сериялы «Қазақ елі» тарихи көркем фильмінің түсірілімі аяқталды. Шоқтығы биік туындылардың тағы бірі «Құнанбай» тарихи көркем фи­ль­- мі Мемлекеттік сыйлықпен ма­ра­­патталды. Мұнымен қоса, осы жы­лы ұлттық киноның қатарына ста­лин­дік қуғын-сүргінге ұшыраған та­рихшы Е.Бекмахановтың тағдыры арқылы Кенесары ханның өмірі мен бейнесін экранда жаңғыртқан «Аманат» көркем фильмі келіп қосылды. Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» киноэпопеясының Астанадағы 1 нау­рызда өткен алғашқы көрсетілімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалап, соғыс туралы төл туынды Қазақстан кинематографиясындағы айтулы жетістік ретінде бағаланғаны мәлім. Отандық фильм 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өткен «Еуразиялық көпір» Халықаралық кино­фестивалінде бас бәйгені қан­жы­ғасына байлады. Қан майданнан жалғыз ұлының аман-есен оралуын күткен ақ самайлы ана бей­не­сін сомдаған Әмина Өмірзақова апамыз­дың әзіз бейнесінен кейін бұған ат ізін салған және ана жүрегінің мейірімін осыншалық сүйіспеншілікпен шынайы сомдаған әртіс жоқ десек, «Ана­ға апарар жол» фильміндегі Алтынай Нөгербек рөлі талайдан бергі сол аңсарды ақтаған әрі қазақ ұлттық кино өнеріндегі аналар бейнесі галереясын толықтырған бірден-бір образ болды. Оның таланты «Тұлпар» ұлттық жүлдесінің «Үздік әйел рөлі» аталымымен бағаланды. Ал фильмнің операторы Хасан Қыдырәлиев «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, биылғы қыркүйекте Ақтөбе қаласында Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнал­ған XIV Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі өтті. Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл қалаларынан келген 9 театр отандық және әлемдік классикадан қойылымдар ұсын­ды. «Үздік ер адам бейнесі» жүл­дес­імен У.Шекспирдің «Гамлет» спек­такліндегі Гамлет рөлі үшін Н.Жантөрин атындағы Маң­­ғыс­тау облыстық сазды драма театрының актері Кенжебек Баша­ров, «Тақырыптық ізденіс үшін» аталымымен Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» спектаклі үшін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды об­лыс­тық қазақ драма театры, «Пластикалық шешім үшін» аталы­мы бойынша Ә. Бағдаттың «На Земле (Рух)» спектаклі үшін Рес­пуб­ликалық неміс драма театры, «Режиссерлік ізденіс үшін» аталыммен Қ.Толыбайұлының «Дауылпаз баба - Қожаберген» спек­таклі үшін Қазақтың С.Мұқанов атын­дағы Солтүстік Қазақстан облыс­тық музыкалық драма театры­ның ре­жиссері Батырбек Шамбетов, Ш. Айт­­­­ма­­товтың «Мәңгүрт» спектаклі үшін Қазақтың Махамбет атындағы Аты­рау облыстық драма театрының ре­жиссері Гүлназ Қасымбаева, Н.Гогольдің «Үйлену» спектаклі үшін Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе об­­лыс­тық драма театрының ре­жи­с­сері Дина Жұмабаева, «Үздік спек­­так­ль» жүлдесімен  Ж.Пило және О.Шультездің «Моцарт» спек­­таклі үшін Астана қаласының Жас­­тар театры мен А.Чеховтың «Шие» спектаклін әзірлеген Қазақ­тың мемлекеттік академиялық Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры марапатталды. Ми­нистрлік Алматы облысының әкім­­­дігімен бірлесіп 24-27 қазанда Тал­дықорған қаласында елдік мереке ая­сында Орталық Азия елдерінің VІ халықаралық «Қазақстан – Еуразия жүрегі» театр фестивалін өткізді. Фестиваль Орталық Азия елде­рі мен Қазақстанның сахна өнері са­­лас­ындағы әріптестік ынты­мақ­т­ас­тығын нығайтуды, театр өнерін дамыту және өнер ұжымдары­ның шы­­ғармашылығын арттыруды, сон­дай-ақ, жұртшылық назарын жаңа, за­манауи үлгідегі театрға барынша аударуды көздеген болатын. Фестиваль аясында Талдықорған қала­сының тұрғындары мен қонақтары Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры сахнасында Астана қаласының Жастар театры, Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск мемлекеттік татар драма театры, Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық ака­демиялық драма театры, Б.Римова­ атындағы Талдықорған дра­ма театры, М.Вахидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театры,­ Бәй­тен Омаров атындағы Алматы «Жас сахна» театры және Қазақ­­тың­ мемлекеттік академиялық Қ.Қуаныш­­баев атындағы музыкалық дра­­ма театры ұжымдарының орын­дауын­да У.Шекспир, А.Чехов, Ш.Айтматов, Т.Слободзянек және Б.Римова сияқты отандық, шетел­дік және қа­зір­гі заманғы автор­лар­дың қойы­лым­дарымен таныса алды. КСРО Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, КСРО және Қазақ­станның халық әртісі, профессор Асанәлі Әшімов төрағалық еткен фестивальдің қазылар алқасы құрамында прозашы, аудармашы, драматург, Тәжікстанның Көркемөнер академиясының ака­де­мигі Абдугаффор Абдужаб­бо­ров (Тәжікстан), театр сыншысы, Д.Сиразиев атындағы театр сый­лы­ғының лауреаты, халықаралық, бү­кіл­ресейлік театр фестивальдері қа­зы­лар алқасының мүшесі Нияз Игламов (Татарстан, Ресей Федерациясы), театр сыншысы, драматург, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғыз Республикасы Театр қай­раткерлері одағының төрағасы Жаныш Құлманбетов (Қырғызстан), Әзербайжан мемлекеттік жас кө­рер­мен­дер театрының бас ре­жи­ссері, Әзербайжан мемлекеттік мә­дениет және өнер университеті «Драма теат­ры режиссурасы» ка­фед­расының меңгерушісі, доцент, Әзер­байжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бахрам Османов (Әзербайжан) бар еді. Өнер додасының қорытындысы бойынша «Ш.Айтматов прозасының кла­сси­калық бағытын сақтағаны үшін» жүлдесімен Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз елінен келген театр ұжымы Ш.Айтматовтың «Саман­чынын жолу» спектаклі үшін марапатталды. «Ш.Айматовтың әдеби мұрасын жаңа театр бағытында таныстырудағы ізденісі үшін» аталымы Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск мемлекеттік татар драма театры­ның ұжымының «Анам кыры» спек­такліне берілді. «Тарихи естелікті жаңғыртқаны үшін» жүлдесі Бәйтен Омаров атын­дағы Алматы «Жас сахна» театры сахналаған Т.Слободзянектің «Одноклассники. Уроки жизни» спектакліне бұйырды. «Театр өне­ріне қос­қан зор үлесі үшін» марапатына Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова лайық деп табылды. «Актерлік дуэт үшін» – Б.Собирдің өлеңдері бойынша қойылған «Ночь вдалеке от Родины» спектакліндегі рөлдері үшін М.Вахидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театрының актерлері Абдумумин Шарифи мен Мохпайкар Ёроваға (Тәжікстан) тапсырылды. Бірінші орын У.Шекспирдің «Асау­ға тұсау» спектаклі үшін Астана қала­сының Жастар театры ұжы­­­мы­ның қанжығасына байлан­са, ал бас бәйгеге А.Чеховтың «Шие» пьесасын сахналаған Қазақ­тың мем­ле­кеттік академиялық Қ.Қуаныш­ба­ев атындағы музыкалық дра­ма театры­ның өнері әбден лайық деп табылды. 19 сәуір мен 2 мамыр ара­лы­­ғында Түркия мемлекетінің Конья қаласында өткен Түркі халық­тарының VIII «Тысяча вдохов и один голос» театр фес­тиваліне Қа­зақ­­тың мемлекеттік академиялық Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасымен қатысып, «Ең үздік қойылым» жүлдесіне ие болды. Ал 18-21 мамырда Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ІІ Халықаралық «Дидар» театр өнерінің эксперименталдық фестиваль-лабораториясында Е.Аманшаевтың «Ол» психологиялық драмасымен қатысып, «Ең үздік қойылым» марапатын иеленді. 13-19 маусымда Қазан қаласында Түркі халықтарының халықаралық ІV «Науруз» театрлық білім беру форум-фестивалі өтті. Форумға Қазақстаннан бірқатар театр мамандары қатысып қайтты. 17-21 мамырда Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында өткен халықаралық V «Нигохи нав» театр фестиваліне М.Әуезов драма теа­т­ры У.Шекспирдің «Лир Патша» қойылымымен қатысты. 20-26 мау­сымда Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Астана күніне орай өткен «Сахнадан сәлем» 4-ші халықаралық театр фестиваліне еліміздің және шет елдердің театрлары қатысып, үздік қойылымдарын тарту етті. 21-27 қарашада Ресейдің Рязан облыстық драма театрында өткен халықаралық театрлар фестиваліне орыстың мемлекеттік академиялық М.Лермонтов атындағы драма теа­тры­ У.Шекспирдің «Ромео мен Жулетта» спектаклімен қатысып, «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алды. «Ең үздік әйел бейнесі үшін», «Ең үздік қосалқы рөлдер үшін» – театрдың танымал әртістері Виктория Павленкоға, Ирина Лебсакқа, Татьяна Банченкоға, сон­дай-ақ, «Ең үздік актерлік ансам­бль үшін» жүлдесі Роман Жу­ков, Максим Лукоянов, Дмитрий Баг­ря­нцев, Илья Шилкин мен Рауф Хаби­буллинге тапсырылды. ...Биыл жер-жерде «Ұлттық му­зейге сый тарту» акциялары өтті. Елордадағы облыстардың мәдениет күндері аясында барлық өңірлердің дерлік бейнелеу және қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Мұнда сонымен қатар шетелдік жекелеген танымал тұлғалар мен музейлердің көрмелерін өткізу тұрақты дәстүрге айналған. Өтіп кетіп бара жатқан жылдың жетістіктеріне мән берсек, Алматы­да «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Астанада Қазақ Ұлттық хореография академиясы ашылды. Әйгілі «Қазақконцерт» ұжымы қай­та құ­ры­лып, елордаға қоныс аудар­ды. Сондай-ақ, оның жанынан «Астана-мюзикл» музыкалық театры құрыл­ды. Жас ұжымның төл туындысы – «Достар серті» қойыл­ы­­мы өте сәтті өтті. Эстрадалық, дәс­­түрлі әнші­лердің халықаралық, рес­пуб­ликалық байқаулардағы олжалары отан­дық өнердің ортақ жетістігі болып табылады. Қысқасы, «Ұлттың ар­тық­шылығы оның мәдениеті мен өнеріне қарап бағаланады» десек, өнердің өтер жылға ешқандай өкпесі жоқ екен. Биылғы жыл тек маңызды оқиғаларымен ғана есте қалыпты, рухани көкжиектің шұғылалы жарығы молырақ төгіліпті. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»