• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Әлемдік қауіпсіздіктің кепілі

323 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстан соңғы 25 жыл ішінде халықаралық аренада толағай табыстар мен асқақ абыройға қол жеткізді. Түптеп келгенде, олардың барлығы – Елбасы ұсынған батыл бастамалар мен идеялардың іске асқан нақты нәтижелері. Өйткені, Елбасының қай бастамасы болса да тек өз халқымыздың ғана мүддесі емес, бүкіл адамзат үдесімен астарласып жатады. Сондықтан да болар, Қазақстанның бастамалары әлемдік қоғамдастықтың тарапынан үнемі оң бағаланып келеді. Мұның тарихи дәлелдері қансонардағы айқын іздер секілді сайрап жатыр. Солардың бірі Семей ядролық полигонының ауыздықталуымен тығыз байланысты. Айтса айтқандай-ақ, 1991 жылы Қазақстанның тізгінін қолға алған Нұрсұлтан Назарбаев халқымызға есепсіз радиациялық нәубет әкелген, жер астында, үстінде және атмосферада 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық тажал сынақтар өткізілген, экологиялық зардабы әлі де толық жойылмаған Семей ядролық полигонын, бұрынғы орталықтың тегеурінді қарсылығына қарамастан, өз пәрменімен жауып, оның соңын ала, ел аумағында орналасқан ядролық зымырандар жүйесін түгел жоюға да бірден кіріскен болатын. Бұл жай ғана ерлік емес, бүкіл әлемнің санасын селт еткізіп, кілт өзгерткен, еліміз бен Елбасының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан және өзге мемлекеттердің бірінен соң бірін ядролық сынақтарын тоқ­татуға мәжбүр еткен әрі күллі адамзат мүддесінен шығып, әлем­дік қоғамдастықтан жаппай қолдау тапқан айбынды ерлік болатын. Елбасының сындарлы саясатынан туындаған антиядролық бұл қадамның ешқашан мәнін жоймайтынына сенім мол. Өйткені, қазіргі таңда ядролық лаңкестік қаупі әлі белең алып тұр әрі жер бетінде жинақталған ядролық зымырандар жүйесінің жалпы санының 8400-ге жеткенін былай қойғанда, тек бейбіт атом аясында электр қуатын өндіретін реакторлар санының өзі де бұл күнде 440-тан асып, таяу жылдары одан бетер көбейетіні байқалуда. Оның үстіне, техногендік немесе табиғи себептердің салдарынан жарылған Чернобыль мен Фукусима секілді атом электр стансаларынан тараған радиация бүкіл әлемнің төбе шашын тік тұрғызып, әлі алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар, бейбіт атом объектілері мен олардан шығатын мыңдаған тонна ядролық улы қалдықтардың өздері де лаңкестердің қолына түссе, әлемдік қауіпсіздікке төніп тұрған айбалта екені дау тудырмайтын шындық. Сондықтан да болар, әлгі қатерлердің алдын алмаса, істің мүлде насырға шабатынын ядролық ал­пауыт мемлекеттердің өздері де терең сезініп, соңғы жылдары жиі-жиі бас қосып, төніп келе жатқан ядролық қатердің жолын кесетін шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр. Осы айтылғандардың дәлеліндей, 2010 жылы кейінгі 65 жылдың ішінде ядролық қауіпсіздікке бағытталған ең ірі жаһандық саммит Вашингтонда өткізілген еді. Оған әлемнің 47 мемлекетінің басшылары мен БҰҰ, МАГАТЭ және Еуропалық одақ сынды үш халықаралық ұйымның жетекшілері қатысып, күн тәртібіне енгізілген атом қаруының лаңкестердің қолына түсіп кету қаупін болдырмау және ядролық материалдарды сақтау туралы маңызды мәселелерді талқылаған болатын. Бұл саммитке Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обаманың арнайы шақыруымен барып, саммит мінберіне бірінші болып көтеріліп, ядролық отын банкін құру, ядролық материалдарды сақтау және ядролық қаруларды таратпау жөніндегі бұрын қабылданған келісімдерді қайта қарап, түзетулер енгізу қажеттігі туралы сындарлы пікірлерін ортаға салған еді. 2011 жылы Сеулде өткен ан­ти­ядролық саммитке қызығушылық танытқан мемлекеттердің саны 53-ке жетіп, жоғарыда аталған ең беделді халықаралық ұйымдардың қатарынан Интерпол да қоса табылды. Ол саммиттің негізгі нысанасы күннен-күнге қарқын алып бара жатқан ядролық терроризммен күрестің негізгі бағыттарын белгілеу және әлемдік қауіпсіздікке төніп келе жатқан аталған қатердің жолын кесуді ойластыру болатын. Демек, жаһандық мәні мен маңызы жағынан бұл саммит 2010 жылы Вашингтонда өткен антиядролық саммитпен тең түспесе, кем түскен жоқ. Бұл саммитке Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев тағы да АҚШ президенті Барак Обаманың және Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бактың арнайы шақыруымен барған болатын. Атап айту керек, Қазақстан лидеріне деген құрмет Вашингтон саммитінде қаншалықты жоғары болса, Сеул саммитінде де соншалықты биік болды. Және бұл тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрды: Сеулдің алқалы жиындар мен маңызды көрмелер өтетін СOEX орталығындағы дөңгелек үстел басына жиналған әлемдік көшбасшылардың арасынан, оның ішінде, АҚШ пен Қытай сынды екі алып ядролық мемлекет басшыларының ортасынан ядролық қарудан әлдеқашан бас тартқан бейбіт Қазақстан Президентіне орын берілді. Әлемдік саясат сахнасында ешнәрсе жайдан-жай болмайтынын ескерсек, бүкіл әлем назарына іліккен Қазақстанға көрсетілген бұл құрметті Елбасы мен еліміздің ұзақ жылдар бойы жүргізіп келе жатқан бейбіт те сындарлы саясатының жемісі деудің реті келіп тұр. Және мұны әлемдегі алып ядролық арсеналы бола тұра, одан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең қатерлі ядролық полигонды өз пәрменімен жауып, өзгелерге үлгі көрсеткен Қазақстан Президентіне берілген әлемдік қоғамдастықтың әділ бағасы деп қабылдаған лазым. Міне, дәл осы тұрғыдан келетін болсақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл Вашингтонда өткен антиядролық саммитте жария еткен «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінің мәні зор. Бұл ғаламдық құжатта Елбасы қазіргі заманда күллі әлемде етек алып отырған милитаризм мен халықаралық терроризмнің адамзатты орны толмас шығындарға ұшыратып қана қоймай, мүлде жойып жіберуге де шақ қалып тұрғанын өте салмақты дәйектермен дәлелдеген. Бұл құжат арқылы Нұрсұлтан Назарбаев әлем лидерлерін тым кеш болып қалмай тұрғанда, ақылға келуге шақырады. Содан соң, тек осымен ғана шектеліп қалмай, аталған манифес­те шиеленістердің алдын алуға бағытталған нақты шаралар да өте нанымды айқындалған. Мәселен, ХХІ ғасырда басталып кету қаупі төніп тұрған шиеленістер мен соғыс өртінің одан әрі тұтануына мүмкіндік бермеуді көздейтін БҰҰ-ның арнайы халықаралық конференциясын өткізу қажет екеніне үлкен мән берілген. Және бұл шараны кешеуілдетпей, тез іске асыру қажеттігі де баса айтылған. Бұлай деуге толық негіз бар. Өйт­кені, қанқұйлы лаңкестік актілер бүгін жекелеген мемлекеттердің ішкі саяси-әлеуметтік күресінің шеңберінен шығып, шешуі қиямет халықаралық факторға ұласып отыр. Одан да нақтырақ айтқанда, жекелеген елдердегі ішкі шиеленістер мүлде асқынып, Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріндегі лаңкестік қантөгістерге жалғасып кеткенін, сонымен қатар, миллиондаған босқынның, қираған қа­ла­лардың, сол сияқты, құны шексіз тарихи жәдігерлердің қиратылып жатуының күн­де­лікті тірлікке айналып кеткені де өтірік емес. Бұл шындықты жаппай қырып-жоятын қаруы қамбасында тұрған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын алпауыт бес мемлекеттің басшылары түсінбей отыр деуге де негіз жоқ. Солай бола тұра, әлгі тажал қаруды біржолата жойып жіберу, біріншіден, олардың қаперіне де кірмейді, екіншіден, ондай шешім қабылдауға олардың батылдары да жетпейді. Себебі, бір-біріне сенбейді. Сондықтан олардың қазіргі тірлігі бір-бірін немесе қолдарында атом қаруы бар өзге мемлекеттердің ядролық зымырандар жүйесін нысанаға алып, күндіз-түні бақылау жасау мен ядролық қаруға иелік етуге белсенділік танытып отырған өзге мемлекеттерге мүмкіндік бермеудің жолдарын қарастырудан әрі аспауда. Қорыта айтқанда, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшеліктің мандатын алған Қазақстанның әлемнің ядролық қауіпсіздігін сақтауға бағытталған батыл іс-қимылының бұрынғыдан бетер күшейе түсетіні күмән тудырмаса керек. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері